«Нұрлы жол» аясындағы мектептердің құрылысына қатысты проблемаға кім кінәлі
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Білім және ғылым вице-министрі Бибігүл Асылова «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында салынуы тиіс мектептердің құрылысындағы түйткілді мәселердің болу себебін түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Ең алдымен мектептердің құны 1,5 млрд теңгеден 2,5 млрд теңгеге дейінгі аралықты құрайды. Яғни жобаның құны әртүрлі. Бұл 600 млн теңге немесе 2014 жылы 400 млн теңге болған балабақша емес. Екіншіден, жергілікті атқарушы органдар өздерінің мүмкіншіліктерін бағалайды. конкурстық процедураға олардың уақыттары жетпейді. Сондықтан олар құрылысты 2-3 жылға бөліп тастаған. Осыған байланысты біз әкімдердің бергені бойынша аталған ақшаны салдық. Бізге «Нұрлы жол» бағдарламасы есебінен бөлген қаражаттың көлемі құрылыс жұмыстары көзделген нысандарды толықтай көлемде қаржыландыруға жетпейді. Біз мұны, ақшаның жетіспейтіндігін айттық», - деді ол Мәжілісте білім нысандарының құрылысына арналған отырыста.
Алайда білім вице-министрінің мұндай жауабы депутаттардың көңілінен шыға қойған жоқ. Мәселен, Мәжіліс депутаты Ирина Аронова одан бұл мәселені министрлік неліктен ерте көтермегендігін сұрады.
«Сіз қаражат жетіспейтіндігін бірде-бір рет айтқан емессіз. Қазір біз оның себебі қаржыландырудың жеткіліксіздігі, дұрыс қаржыландырмау, жобаның қымбаттауы деп ойлап отырмыз. Орын алған проблеманың жауабын да таппай отырмыз. Ал Сіз жетпейді дейсіз. Онда Ұлттық қор есебінен қанша мектеп салынғаны және аталған мектептердің құны туралы ақпарат беріңіз. Сонда біз Сіздікі дұрыс екенін түсінеміз», - деді депутат.
Осы ретте Бибігүл Асылова әрбір мектептің өзіне тән проблемасы бар екенін айтты.
«Республикалық бюджеттің, Ұлттық қор қаражаты есебінен құрылысы басталған 48 мектеп қалып отыр. Біз әрбір нысанға қатысты ақпарат береміз. Ол жерде сот, игермеу, қымбаттау, қылмыстық іс сынды түрлі себептері бар, өте көп. Әрбір мектептің өзіне тән проблема бар»,- деді вице-министр.