«Нұрлы Жол» бағдарламасы инфрақұрылымды дамыту арқылы экономикалық өсімді ынталандырады

Инвестициялар және даму министрі Әсет Исекешевтің айтуынша, «Нұрлы Жол» бағдарламасының арқасында жекелеген салалар бойынша отандық тауарларға деген сұраныс өсіп отыр, мұның өзі халықты еңбекпен қамту ісіне едәуір әсер еткен. «Мәселен, бүгінгі күні 2000 шақырымнан астам қашықтыққа созылып жатқан жол құрылысы жұмыстарының жандануы нәтижесінде 72 мың адам еңбекпен қамтылды. Сондай-ақ, еліміздің инвестициялық ахуалын жақсартуға бағытталған реформаның дер кезінде қолға алынуы елімізге шет мемлекеттерден келіп жатқан тікелей шетелдік инвестициялар қарқынының сақталуына әсер еткен», - дейді Әсет Исекешев.
Ал Ұлттық экономика министрі Ерболат Досаев, Қазақстанның қосымша экономикалық өсуін қамтамасыз етуге міндеттелген инфрақұрылымды дамытудың «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы контрциклдық экономикалық саясатты іске асыру тәртібінде жүзеге асырылып жатқанын алға тартады. Оның айтуынша, қазіргі уақытта «Нұрлы жол» бағдарламасының алты негізгі бағыттары жүзеге асырылып жатыр. Олар 1) Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңғырту; 2) Тұрғын үй инфрақұрылымын нығайту; 3) Кәсіпкерлік субъектілерін қолдау; 4) құрылымдық реформалар арқылы институционалдық даму; 5) Энергетика саласындағы инфрақұрылымды дамыту; 6) Білім беру саласындағы инфрақұрылымды дамыту. Енді осы атқарылып жатқан шараларға тоқталып өтсек.
Бірінші бағыт - тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңғырту бойынша Ұлттық қордан жылумен, сумен жабдықтау және су бұру желілерінің тозуын түбегейлі төмендету мақсатында 2015 жылғы - 60 млрд., 2016 жылы - 90 млрд. теңге қарастырылған. Ал ағымдағы жылы осы бағыт бойынша өңірлер үшін әлеуметтік маңызы бар 96 жоба қазірдің өзінде іске асырылуда. «Биылғы жылы 266,3 шақырым жылумен, сумен жабдықтау және су бұру желілері 14 бірлік жылу қазандықтары салынатын және реконструкцияланатын болады. Сонымен қатар, Шымкент, Қызылорда, Ақтөбе қалаларында коммуналдық инфрақұрылымдарды жаңғыртуға Еуропа Қайта Құру және Даму Банкінен жалпы сомасы 95,4 млн. АҚШ долларына келісімдерге қол қойылды. Ағымдағы жылы Петропавл, Қостанай, Семей және Тараз қалалары бойынша 131 млн. АҚШ долларының жобалары іске асырылады және басқа да келісімдерге қол қойылатын болады», - дейді Ерболат Досаев.
Тұтастай алғанда «Нұрлы Жол» бағдарламасы аясында 2015 - 2017 жылдары барлығы жылумен, сумен жабдықтау және су бұру саласында халықаралық қаржы ұйымдарымен бірге жалпы сомасы 464 млн. АҚШ доллары болатын 10 жоба іске асырылады.
Екінші - тұрғын үй инфрақұрылымын нығайту бағытында 2015 - 2016 жылдарға жалға берілетін тұрғын үй салу мен сатып алуға Ұлттық қордан 145 млрд. теңге көзделген. Бұл ретте ағымдағы жылы 7 мың пәтер салынады және сатып алынады деп жоспарланып отыр. Сол мақсаттар үшін республикалық бюджеттен 122 млрд. теңге бөлінген. Айта кетерлігі, ағымдағы жылғы наурызда-сәуірде жалпы көлемі 133 мың шаршы метр алғашқы 2437 пәтер жергілікті атқарушы органдарда кезекте тұрғындардың арасында үлестірілген болатын. «2015 жылы республикамыздың 12 қаласында жалпы көлемі 200,9 мың шаршы метрді құрайтын тағы 3 280 жалға берілетін пәтерлер құрылысы жүргізілуде. Тұрғын үйлерді тиісті инфрақұрылыммен қамсыздандыру бойынша 170 жобаны, оның ішінде «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы бойынша 66 жобаны іске асыру басталды», - дейді Ерболат Досаев.
Үшінші бағыт - кәсіпкерлік субъектілерін қолдау. Ұлттық экономика министрлігінің мәліметіне қарағанда, кәсіпкерлікті дамытуға ынталандыру мақсатында «Нұрлы жол» бағдарламасында өңдеу өнеркәсібіндегі кәсіпкерлік субъектілеріне 2015 жылы 100 млрд. теңге мөлшерінде жеңілдікпен кредит беру, сондай-ақ халықаралық қаржы ұйымдарынан шағын және орта бизнестің жобаларына кредитті қамтамасыз ету үшін 155 млрд. теңге мөлшерінде кредиттік желілерді тарту көзделген. Бұл ретте жеңілдікпен кредиттеу шеңберінде жалпы сомасы 25,4 млрд. теңгеге кәсіпкерлердің 129 жобасы қаржыландырылған. Ал екінші деңгейлі банктер 32,1 млрд. теңге сомасындағы 97 жобаны қаржыландыруды мақұлдады.
«Тұтастай алғанда шағын және орта бизнесті жеңілдікпен кредиттеу щеңберінде 2014-2015 жылдары бөлінген 300 млрд. теңгенін 190,4 млрд. теңгесі (63%) немесе 874 жоба қаржыландырылды. «Бизнестің жол картасы-2020» шеңберінде бітпеген инженерлік инфрақұрылымды аяқтау үшін Ұлттық қордан 10 млрд. теңге мөлшерінде қосымша қаражат бөлінді. 5,4 млрд. теңге мөлшерінде бөлінген қаражат өңірлердегі 8 индустриялық аймақты, сондай-ақ сомасы 4,6 млрд. теңге кәсіпкерлердің жекелеген жобаларын қаржыландыруға бағытталды», - дейді Ерболат Досаев.
«Нұрлы жол» бағдарламасының төртінші бағыты - институционалдық даму. Бұл бойынша экономикадағы құрылымдық реформалардың iске асырылуы Халықаралық қаржы ұйымдарымен тығыз ынтымақтастықта жүзеге асырылады. «Бүгінгі таңда инвестициялық және институционалдық жобалардың индикативтік портфелі 12,9 млрд. АҚШ долларын құрайды. Биылдың өзінде халықаралық қаржы ұйымдарымен бірлесіп 23 жобаны іске асыру басталды. Дүниежүзілік банк бойынша инвестициялық жобалар портфелі 5,8 млрд. АҚШ долларын құрайды. Соның ішінде биылғы жылы Дүниежүзілік банкпен бірлесіп жалпы сомасы 1,1 млрд. АҚШ долларына құрылымдық реформа жүргізу шеңберінде 8 жобаны іске асыру басталады», - дейді Ұлттық экономика министрі.
«Нұрлы жол» бағдарламасы аясындағы жоспарларға келсек, биыл кредиттік желілерге шағын және орта бизнес, сонымен бірге, мемлекеттік-жеке меншік әріптестік арқылы Үлкен Алматы айналма автомобиль жолының (БАКАД) құрылысы, сол секілді басқа инфрақұрылымдық жобаларға бағытталған жалпы сомасы 1,4 млрд. АҚШ долларына шамамен 12 жобаны іске асыру көзделген.
Бесінші бағыт - энергетика саласындағы инфрақұрылымды дамыту. Бұл ретте еліміздің солтүстік аймағының Қазақстанның Шығыс және Оңтүстік өңірлерімен байланысын күшейту мақсатында «Солтүстік-Шығыс-Оңтүстік транзиті» жобасы қолға алынған. Тұтастай алғанда, 2015 жылы 500 кВ-тық электр энергиясын беру бағытында әуе желісінің 200 шақырым нысаны салынатын болады. Олардың ішінде Семей - Өскемен учаскесінде 130 шақырымды іске қосу көзделеді.
Алтыншы маңызды бағыт - білім беру саласындағы инфрақұрылымды дамыту. Бұл мәселеге қатысты Президент Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанда апатты мектептер мен үш ауысымды оқытулар мәселесін аяқтайтын уақыт жеткенін, бұл «Нұр Отан» партиясының сайлауалды бағдарламасындағы негізгі индикаторлардың бірі екенін айтқан еді. «Үшжылдық бюджетте қарастырған қаражат бұл проблеманы 2017 жылға дейін шеше алмайды. Сондықтан да Үкіметке осы проблеманы шешуге 70 млрд. теңге қосымша бағыттауды тапсырамын», - деген еді Н. Назарбаев «Нұрлы Жол - болашаққа бастар жол» атты Жолдауын жариялаған тұста. Бұдан бөлек, Елбасы балабақшалардың жетіспеушілігіне де тоқталып, осы бағытта мектепке дейінгі мекемелердегі орын жетіспеушіліктер проблемасын алдағы үш жылда шешуді жүктеді. Бұл үшін қосымша 20 млрд. теңге бөлінетін болады.
«Мемлекет басшысының 2017 жылдың соңына дейін апатты жағдайдағы мектептерді және үш ауысымдық оқытуды жою жөніндегі тапсырмасын іске асыру мақсатында Ұлттық қордан 62 млрд. теңге көзделген. Ағымдағы жылы 34 мектеп құрылысы басталды. Қазіргі уақытта 8 облыста, Астана және Алматы қалаларында 19 объекті бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстары жүріп жатыр, қалған объектілер бойынша жұмысты бастауға дайындық шаралары жүргізіліп жатыр. Ал 3 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі білім беру және тәрбиелеумен толық қамтуды қамтамасыз ету мақсатында Ұлттық қор есебінен 27 балабақша құрылысы көзделді және 12,7 млрд. теңгеге мемлекеттік білім беру тапсырысы орналастырылатын болады. Биылғы жылы Ұлттық қор қаражаты есебінен 17 типтік балабақша құрылысы басталды. Олардың ішінде 13 объекті бойынша 10 өңірде құрылыс басталып кетті, қалған объектілерде дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр», - дейді Ерболат Досаев.
Бұдан бөлек, осы бағыт бойынша Индустрияландыру бағдарламасына кадрлар даярлау үшін 24 жаңа зертхана құруға және жаңа білім беру бағдарламаларын әзірлеуге Ұлттық қор және республикалық бюджет қаражаты есебінен 4 млрд. теңге шамасында көзделген.
Тұтастай алғанда, бүгінгідей әлемдік күрделі ахуал қалыптасқан заманда ішкі өсімді тұрақты ұстаумен қатар сыртқы факторларға лайықты төтеп беру маңызды міндет. Қалыптасқан мемлекет ретінде Қазақстан өзінің даңғылын айқындады. Ендеше, «Нұрлы жол» жаңа экономикалық бағыты еліміздің экономикалық құрылымдық өзгерістеріне серпін беріп, экономикалық өсімді ынталандыруға жол ашатын болады.