«Нұрлы жол» - басты назарда
АСТАНА. ҚазАқпарат - Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен жиында инфрақұрылымдарды дамытуды мақсат еткен «Нұрлы Жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында өңірде іске асырылып жатқан жобалардың жұмысы талқыланды.
Ақтөбе қаласының және аудандардың әкімдері, облыстық атқарушы органдардың жетекшілері және мердігер құрылыс мекемелерінің басшылары мемлекеттік бағдарламаны іске асыру аясында жүргізілген жұмыстар туралы есеп берді.
Биыл «Нұрлы Жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында біздің аймаққа Ұлттық қордан 16,2 миллиард теңге бөлінді. Бұл қаржы 26 инвестициялық жобаны жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Оның ішінде құны 13,9 миллиард теңге тұратын 8200 орынға арналған 16 білім беру мекемесінің құрылысы, сондай-ақ, 2,3 миллиард теңгеге бағаланған сумен жабдықтау және су тарту жүйесінің құрылысы мен қайта қалпына келтіруге арналған он нысан бар.
- Биыл 16 жобаның 10-ы пайдалануға берілетін болады. Оның ішінде Ақтөбе қаласындағы 2440 орынға арналған 6 мектеп еңсе тіктейді. Сонымен қатар Қобда ауданының орталығы - Қобда ауылында, Мәртөк ауданындағы Хлебодар, Родниковка ауылдарында және Мұғалжар ауданы Қандыағаш қаласында жаңа мектептер бой көтереді. Аталған білім шаңырақтарындағы орын саны - 1560. Бұл құрылыстарды жүргізу үшін 1505 уақытша жұмыс орны ашылды, - дейді облыстық құрылыс, архитектура және қала құрылысы басқармасының басшысы Серік Төленбергенов.
Қалған 4200 орынға арналған 6 мектептің құрылысын - Ақтөбе және Алға қалаларындағы, Хромтау ауданының Дөң ауылындағы мектептерді 2018 жылы аяқтау жоспарланып отыр.
Сондай-ақ, өңірде сумен жабдықтау және сумен қамту мақсатындағы жұмыстар да жүргізіліп жатыр. Ағымдағы жылы жалпы ұзындығы 110,2 шақырым болатын 6 нысан пайдалануға беріледі. Оның ішінде Шалқар ауданының Бершігүр станциясының, Мұғалжар ауданының Алтынды, Ащысай, Мұғалжар ауылдарының және Қобда ауданының Терісаққан, Бестау ауылдарының сумен қамту жүйелерін қайта қалпына келтіру және құрылыс жұмыстары бар.
2018 жылы Шалқар ауданындағы Бегімбет ауылының кәріз жүйесін қалпына келтіру жұмыстары, Темір ауданындағы Шұбарқұдық елді мекенінің су құбыры, Қарғалы ауданының Ақкөл ауылының сумен қамту жүйесі және Әйтеке би ауданындағы Тымабұлақ ауылының суқұбырлары жүйесінің құрылысы аяқталады.
Бұл жобаларды жүзеге асырудың арқасында сумен қамту, су тарту жүйелерінің тозуы төмендеп, сумен қамту желілерінде шығын мен апат азаяды. Сонымен бірге орталықтандырылған су құбырымен тұрғындардың 92,6 пайызы қамтылады деп жоспарланып отыр.
Облыс басшысы Ақтөбе қаласының және аудандардың әкімдеріне құрылыс қарқынын төмендетпеуді тапсырды. Сондай-ақ, мердігер мекемелердің басшыларына нысандарды бекітілген мерзімде тапсыру керектігін еске салды.
- «Нұрлы Жол» - мемлекеттік бағдарламалардың ішіндегі бастыларының бірі. Бұл бағдарламаның орындалуы Мемлекет басшысының жеке бақылауында тұр. Барлық нысандар белгіленген уақытта аяқталуы керек. Бұл ретте құрылыстың сапасы да басты назарда болуы тиіс. Сапасы сын көтермейтін құрылыс жүргізген және бекітілген мерзімде құрылыс жұмыстарын аяқтамаған мердігер мекемелерге тиісті шаралар қолданылатын болады, - деп түйіндеді облыс әкімі Б.Сапарбаев.
Жиын қорытындысы бойынша, салалық басшыларға нақты тапсырмалар беріліп, бағдарламаның орындалу барысы қатаң қадағаланатыны ерекше аталды.