«Нұротандықтар» бұдан былай да қоғамдық-саяси өмірге белсене араласатын болады - БҚО

Бұл туралы «Нұр Отан» ХДП Қаратөбе аудандық филиалының конференциясында айтылды.
«Нұр Отан» ХДП аудандық филиалы төрағасының орынбасары Еркінбек Жәнібековтің атап өткеніндей, қазіргі таңда ауданда «Нұр Отан» партиясының 2093 мүшесі бар. Бұларды 17 бастауыш партия ұйымы біріктіріп отыр. Партияның сапалық құрамы да ойдағыдай, 679-ы жоғары, 628-і арнаулы орта білімді болса, 442-сі - 30 жасқа дейінгі жастар. Жыл сайын толығып келе жатқан партия мүшелері әр салада еңбек етеді. Жалпы, аудан халқының 12,6 пайызы, ал сайлаушылардың 22,3 пайызы - «нұротандықтар».
Жыл сайын «нұротандықтардың» бастауымен дәстүрлі мерекелер, атаулы күндерде мекемелер мен қоғамдық ұйымдар, шағын және орта бизнес өкілдері білек сыбана атсалысып, әр істе де демеушілік көрсетіп, қайырымдылық шараларға қатысады. Халыққа қызмет көрсету орталықтары мен сауда орындарының қызметін филиал өз бақылауына алған. Соның негізінде әр іске баға беріліп, қорытынды жасап тұру дәстүрге айналған. Аудан тұрғындары қоғамдық қабылдауларда жиі болып, өздерін толғандырып жүрген сауалдарына нақтылы жауап алып келеді.
Конференцияда «Нұр Отан» ХДП Қаратөбе аудандық филиалының төрағасы болып аудан әкімі Наурызбай Қарағойшин сайланды.