Нұротандықтар мемлекеттік және партиялық наградалармен марапатталды
Марапат иелерін құттықтаған «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Тәуелсіздік күнінің мәні мен маңызына назар аударды. Сондай-ақ ол егемендіктің 27 жылында еліміздің барлық салада ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізгенін, Елбасы саясатының арқасында Қазақстанның алпауыт елдермен терезесі тең, әлемдік қауымдастықта абырой-беделге ие мемлекет болып қалыптасқанын айтты.
«Ең бастысы, шекарамызды бекітіп, мемлекеттігімізді мызғымастай етіп қалыптастырдық. Экономикалық, әлеуметтік салада халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған үлкен жұмыстар атқарылуда. Астанамыз халықаралық күн тәртібін қалыптастыруда маңызды рөл атқаратын ірі орталыққа айналып келеді. Осы жетістіктеріміздің барлығы Елбасы саясатының арқасында жүзеге асырылып жатқаны сөзсіз», - деді Мәулен Әшімбаев.
Сондай-ақ ол Президент өзінің жаңа Жолдауында және «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында еліміздің алдына ерекше мақсаттар қойғанын тілге тиек етті. Шын мәнінде, бұл бастамалар әлеуметтік саланы жаңғыртып, ұлттық рухты оятып, халық тұрмысын жаңа деңгейге көтеретіні анық.
Осындай игілікті істердің барлығында «Нұр Отан» партиясы Елбасының сенімді тірегі ретінде үнемі Президенттің жанынан табылғанына да тоқталып өтті.
«Елбасының елді биіктерге бастаған стратегиялық саясатын жүзеге асыруда және тәуелсіздікті нығайтуда «Нұр Отан» партиясы да өзінің үлесін қосып келеді. Келесі жылы партиямыздың 20 жылдығын атап өтеміз. Осы уақыт аралығында Мемлекет басшысының барлық бастамаларын жүзеге асыру жолында партия айтарлықтай жұмыстар атқарды. Сондықтан тәуелсіздіктің қалыптасып, нығаюына біздің партия мүшелері де зор еңбек сіңірді деп айтуға толық негіз бар», - деді Мәулен Әшімбаев.
Сонымен қатар партия Төрағасының бірінші орынбасары алда әлі талай мақсат-міндеттер бар екенін айтып, елдің іргесін одан әрі бекітіп, тәуелсіздігімізді қорғау үшін әр қазақстандық талмай еңбек ету керектігін тілге тиек етті және салтанатты іс-шараға қатысушыларды қастерлі де қасиетті мерекемен шын жүректен құттықтады.
Іс-шара барысында Тәуелсіздік күніне орай, сондай-ақ мемлекеттік және қоғамдық қызметте сіңірген еңбегі үшін, елдің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына, халықтар арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға үлкен үлес қосып, табандылығымен танылған нұротандықтар мемлекеттік және партиялық наградалармен марапатталды. Атап айтқанда, «Парасат» орденімен «Нұр Отан» партиясы Батыс Қазақстан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Серік Сүлеймен наградталды.
Одан бөлек, бүгін белсенді нұротандықтар «Құрмет» орденімен, «Ерен еңбегі үшін» медалімен, Қазақстан Республикасының Құрмет грамотасымен, «Астанаға 20 жыл» мерейтойлық медалімен, «Белсенді қызметі үшін» төсбелгісімен «Нұр Отан» партиясының «Құрмет» грамотасымен марапатталды.
Жалпы мереке қарсаңында «Белсенді қызметі үшін» төсбелгісімен - 61, «Құрмет» грамотасымен 111 нұротандық наградталды. Олардың қатарында Мәжіліс депутаттары, Орталық аппарат пен партия тарапынан құрылған мекемелердің қызметкерлері, сондай-ақ, аймақтық және аумақтық партия филиалдарының өкілдері бар.