Нұрсұлтан есімді батысқазақстандық оқушы «ХХІ ғасыр көшбасшысы» зияткерлік телесайысы апталық ойынының жеңімпазы атанды

ОРАЛ. 1 желтоқсан. ҚазАқпарат - Қазталов ауданы Жалпақтал ауылындағы К.Меңдәлиев орта мектебінің 11-сынып оқушысы Нұрсұлтан Рамазанов Алматыдан «Хабар» телеарнасы ұйымдастырған көпшілікке танымал «ХХІ ғасыр көшбасшысы» зияткерлік телесайысы апталық ойынының жеңімпазы атанып оралды.
None
None

Бұл - шалғайдағы ауыл баласы үшін айтарлықтай жетістік. Әрине ұстаздарының да еңбегін айтпай кету мүмкін емес. «Әлі қай оқу орнына бақ сынайтынымды шешкен жоқпын. ҰБТ-да төртінші пән ретінде физиканы таңдадым», - дейді талапкер жас.

«Хабар» арнасының көп жылдан бері ұйымдастырып келе жатқан «ХХІ ғасыр көшбасшысы» зияткерлік телесайысын, әсіресе, мектеп оқушылары мен мұғалімдер қалт жібермей қарайды.

 Бүгінде «Ел арна» арнасынан көрсетілетін бұл ойынның мақсаты - Қазақстан жастарының білімге құштарлық, ізденіске, жан-жақты дамуға ұмтылысын арттыру, Отанына деген сүйіспеншілік, патриоттық сезімдерін ұғымдарды насихаттау. Бүгінгі жас бозбалалар мен бойжеткендерді ертеңгі көшбасшылар санатына енгізуге бұл ойын үлкен сеп болары анық.

Ойынға қатысу реті әрбір талапкер үшін іріктеу тестісінен басталады. Тесті екі түрлі мерзімде өткізіледі: бірі - белгіленген уақыт аралығында еліміздің барлық он төрт облысында өткізілетін іріктеу ойындары, екіншісі - Алматы қаласында апта сайын өткізілетін іріктеу ойындары. Жолы болған және үздік білім көрсеткен сайыскер бір маусым ішінде төрт ойын сатысынан өте алады. Олар: апталық ойын, айлық ойын, маусымдық ойын және ақтық жылдық ойын. Бір ай көлемінде үш апталық ойын өткізіледі. Әр апталық ойында алты сайыскер ойынға қатысады.

Соңғы жаңалықтар