Нұрсұлтан Назарбаев - әлемдік ауқымдағы көшбасшы - саясаткер М. Байсымақов

БІШКЕК. ҚазАқпарат - Қазақстанның Тұңғыш Президенті күні қарсаңында ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында Қырғызстан СІМ баспасөзбен жұмыс жөніндегі кеңесшісі Мелис Байсымақов Нұрсұлтан Назарбаевты әлемдік көшбасшы десе, ал Орталық Азия бойынша Ли Куан Ю сияқты бірінші орында тұрғанын мәлімдеді.
None
None

«Мемлекет басшысы ретінде Нұрсұлтан Әбішұлының қызметі жан-жақтылығымен, жемістілігімен ерекше. Бауырлас Қазақстанның халықаралық беделінің артуына және әлеуметтік-экономикалық саладағы жетістіктерінде ел Президентінің ерен еңбегі мен жасампаз бастамасын қоса айтпау мүмкін емес. Өңірлік көшбасшы болып табылатын Қазақстанның табыстарын талдай келе егемендік алғаннан бері парасатты, кемел, көреген, сарабдал басшының басқаруымен қазақ халқы ауқымды жұмыстар атқарды. Ал жас Астана Нұрсұлтан Назарбаевтың төл перзенті іспеттес. Қарқынды, жылдам дамуын жалғастыра отырып, ең технологиялық, әлемдегі жоғары дамыған қалалардың бірі болатыны дау тудырмайды», - деп атап өтті ол.

Қазақстанның серпінді дамуына Н. Назарбаевтың жеке еңбегі мен үлесін бағалай келе қырғыз дипломаты Көшбасшымызды дүниежүзіне танымал белгілі «сингапурлық ғажайыптың» негізін қалаған Сингапур Республикасының премьер-министрі Ли Куан Юмен салыстырды.

«Елдің экономикалық және индустриялық-инновациялық дамуы бойынша қазақ Президентінің жан-жақты, жемісті қызметін бақылай отырып, Назарбаев - әлемдік көшбасшы екенін жауапкершілікпен мәлімдей аламын. Ал жасампаз әлеуеті мен шешкен міндеттерінің ауқымы бойынша Ли Куан Ю сияқты Орталық Азияда бірінші орында», - деді М. Байсымақов.

Қазақстан Президентінің халықаралық бастамаларына тоқталған сарапшы оның БҰҰ штаб-пәтерін азиялық құрлыққа ауыстыру идеясын ерекше атап өтті. Бұл көптеген проблемаларды шешуге мүмкіндік берген болар еді, деді.

«БҰҰ әлемдік сыртқы саясатта негізгі трендтерді қалыптастырған ең беделді халықаралық ұйым болып табылады және осыған байланысты Нұрсұлтан Әбішұлының ұсынысы - заманауи саясат контекстінде уақтылы және барабар қадам. Себебі бұл идеяны ең алғаш Қазақстан Президенті Н. Назарбаев айтты, Қазақстан, атап айтқанда Астана таяу онжылдықта БҰҰ орталығына үміткер болуға құқылы деп санаймын.

Барлық орталық-азиялық өңір елдерінен Қазақстан экономикалық әлеуеті мен саяси тұрақтылығымен - БҰҰ елдерінің жаңа астанасы ретінде алғашқы еуразиялық елдердің бірі болуға лайықты. Мұны Қырғызстан ғана емес, сонымен бірге бауырлас Қазақстанды өңірдегі барлық көршілер қолдайтынына сенімдімін», - деді дипломат.

Сарапшы Н. Назарбаевтың гуманитарлық мақсаттар үшін барлық елдер қорғанысқа жұмсайтын қаражаттың 1 пайызын бөлу есебінен БҰҰ арнайы қорын құру туралы бастамасы жоғары баға алғанын атап өтті.

«Қазақстандық көшбасшы Н. Назарбаевтың гуманитарлық бағдарламаларды іске асыру үшін жыл сайынғы әлемдік қорғаныс әлеуетінен 1 пайыз қаржы аудару туралы идеясы ең жоғарғы бағаға ие. Бұл керемет ұсыныс күллі әлемдегі милитарландыру мен әскери агрессияның төмендеуіне ықпал етіп, бұл қаражат игі мақсатта жұмсалады», - деді Байсымақов.

Қырғыз дипломаты мемлекетаралық қатынастардың жоғары деңгейіне ерекше ризашылығын білдірді және Қазақстан Президенті Н. Назарбаевтың Қырғызстанға қаржылық-экономикалық көмек көрсеткенін ерекше атап өтті. Өткен жылы Қазақстан өтеусіз негізде ел экономикасына құрылыс материалдары, ұн, май ЖЖМ-ны қоспағанда, 1 млрд. доллардан астам қаражат инвестициялады.

Қырғызстан Президенті Алмазбек Атамбаев елінің атынан, өзінің атынан ағасы ретінде Назарбаевқа өзінің шексіз құрметін әрдайым білдіріп отырады. Қатынастарымыздың жоғары деңгейінің бағасын жақсы түсінеміз. Қырғызстанның ЕАЭО-ға кіруі оны барынша тереңдете, дамыта түседі деген ниеттеміз. Қырғызстандықтар жақын көрші, стратегиялық әріптес - Қазақстанды саяси, экономикалық тұрақты, серпінді ел ретінде сезініп, қабылдауы аса маңызды. Себебі Қырғызстанның ЕАЭО-ға кіруімен елде болып жатқан үдерістердің біз үшін маңызы зор, - деп атап өтті ол.

М. Байсымақов қазақстандықтарды алдағы мерекемен шын жүректен құттықтап, өз тілегін білдірді: «Тұңғыш Президент күнін мерекелеу қарсаңында Нұрсұлтан Әбішұлына мықты денсаулық, ұзақ өмір, ал бауырлас қазақ еліне - Көшбасшыларының басқаруымен бақытқа жетіп, елдің гүлдене беруін тілеймін».

Соңғы жаңалықтар