Нұрсұлтан Назарбаев: Ата-бабаларымыздың ғасырлар бойғы арманын орындадық

Біле білгенге Астананың 12 жылдығы - ел өміріндегі аса ірі тарихи оқиға, Қазақстан халқының айтулы мерекесі.
Бір қарағанда, бұған мұншалықты мән берудің қанша қажеттілігі бар деген сауалдың алдыңнан көлденеңдеп шығуы да мүмкін. Ал, шынтуайтына келгенде Мемлекет ұғымының өзі ең алдымен астанамен астасып жатады. Қай елді атасаңыз да ә дегеннен санаңызға ол елдің астанасының аты түсетіні сондықтан. Біздің қазақтың арғы-бергі тарихында Ордабалық, Суяб, Тараз, Баласағұн, Сығанақ, Жент, Сарайшық, Түркістан сияқты қалаларда ордалы жұрттың туы тігілген. Астананың дәл іргесінен табылған Бозоқ қаласы да үлкен орталықтың бірі болғанын ғалымдар дәлелдеді де. Ертедегі ер бабамыз Едігеден бастап, айбынды Абылайға дейінгі хандарымыздың бәрі осы Есіл бойында орда тіккендері тіпті де тегін болмаса керек.
Бүгінгі жағдайда келсек, біз еліміздің астанасын Алматыдан Ақмолаға ауыстырдық, елорданы Алатау бауырынан Арқа төсіне көшірдік деп айта салу аздық етеді. Бұл біз үшін өте дер кезінде, өз тағдырымызды белгілейтін сын сағатта істелген сәтті қадам болды. Шын мәнінде, біз еліміздің жаңа астанасын салуға кірістік. Сол арқылы іс жүзінде жаңа мемлекет құруға кірістік. Халқымыз жаңа да жас мемлекетінің астанасын өзінің қалаған жеріне, өзінің қалауы бойынша орнатты. Ең бастысы - өзінің кіндік қаласының құрылысына білек сыбанып, бар күш-қайратын, ынта-жігерін салды. Әр көшеге, әр үйге жүрек мейірін, перзенттік сүйіспеншілігін, жан жылуын жұмсады. Астана осылайша халқымыздың аялы алақаны, ыстық мейірімімен тұрғызылды. Сондықтан да бұл қала бәрімізге ерекше қымбат, айрықша аяулы.
Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың Астананың тарихы біздің Тәуелсіздігіміздің тарихынан ажырағысыз екіндігін тұрақты түрде тілге тиек ететіні бекер емес. Расын айтқанда, жаңа елордаға ие болу біз үшін ақиқат ашар сәтке, жаһандық тарихтың толқынында қазақстандық жолдың басталғанын байқатып тұратын маңызды мәреге айналды. Әрбір мемлекеттің өзінің рәміздері бар, оларды айтқан кезде азаматтардың жүрегі бұлқына соға бастайды, ал жанын өрлік пен мақтаныш кернейді. Біз үшін осындай рәміз - Астана.
Иә, астана таңдауды қай кезде болмасын мемлекеттің асқақ мүдделері айқындаған. Бізде де астананы көшіру ұлттың стратегиялық мүдделерінен туындады, онда геосаяси да, әлеуметтік-экономикалық та, рухани-тарихи астарлар болды. Алайда көшірудің мерзімі мен жағдайын есептей келгенде Астана феномені бүгінгі әлемде өзіне ұқсас белгі табу қиынға түсетін бірегей тарихи оқиға болып табылады. Елдегі экономикалық ахуал едәуір күрделі болып тұрған 90-шы жылдардың басында бізге бәрінен бұрын өзіміздің күшімізге сенімді орнықтыру қажет еді. Қазақстанды қуатты да өркендеген мемлекетке айналдыра аламыз деген сенім керек еді.
Бұл идеяны жүзеге асыру үшін ауқымды жұмыс атқаруға тура келді. Елдің бас қаласы 32 өлшем бойынша таңдалды. Атап айтқанда, әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер, ауа райы, жер бедері, қоршаған орта, инженерлік және көлік инфрақұрылымының, коммуникацияның барлығы мен болашағы, құрылыс кешені, еңбек ресурстары және тағы басқа жайлар еске алынды.
Таңдауды қазіргі Астанаға түсіретіндей түйінді дәлелдер көп болып шықты. Астананы ауыстыру Қазақстанның геосаяси айқындамасын күшейте түсуге тиіс еді. Астана ел ортасында орналасқандықтан жақын маңайға да, әлемнің әр қиырына да бірдей ашық, сонысы арқылы біздің сыртқы саясатымыздың бейбітсүйгіштік сипатын танытып тұрады. Астананы тоғыз жолдың торабында тұрған қалаға ауыстыру Қазақстан экономикасын сауықтыру қажеттігінен, бүкіл экономиканың өсуі үшін керекті мультипликативті тиімділікті қамтамасыз етуге ұмтылудан да туындаған еді. Елорданы құрамы жағынан көпұлтты өңірге көшіре отырып, біз тұрақты полиэтностық мемлекет құруға және ұлтаралық келісімге басымдық беруге бағыт ұстағанымызды таныттық. Сайып келгенде, жаңа астана көшпелі ордадан бүгінгі заманғы республикаға дейінгі дамудың көп ғасырлық жолын жүріп өткен қазақ ұлтын өзін-өзі танып-білудің аса маңызды белесіне шығарды. Қазақ этносы қалыптасқан Дешті Қыпшақтың ежелгі жерінің қақ жүрегінде орналасқан ел астанасы бүгінде номадтардың санғасырлық тарихи көшінің діттеген жеріне келіп тоқтауы, ұлттың кеңістік-тарихи ұйытқысының орнықты өлшемдерін анықтау сынды әсер етеді. Астана біздің ұлттық санамызды нағыз егемендік деңгейіне жеткізіп, қазақ этносын ұйыстырған идеялық символға айналды.
Әрине, тарих үшін он екі жыл дегеніңіз уақыттың қысқа ғана кезеңі. Дей тұрғанмен, Астанада бұл кезең бүкіл Қазақстанның және оның көпұлтты халқының өмірін түбегейлі өзгеріске түсірген терең үдерістерге толы болды. Бүгінде әлемдік қауымдастық үшін Қазақстан мен Астана атаулары егіз ұғымға айналып кетті. Бұл ұғым қарыштап даму мен өрісті өркендеудің өнегелі үлгісі ретінде орнықты. Біздер, қазақстандықтар, Астананы асқақтату арқылы дүние жүзіне өзімізді келешегі кемел, әлеуеті қуатты мемлекет екенімізді таныттық. Осы жылдар ішінде Астана әлемдегі ең жас та танымал астаналардың бірі ретінде нақты елордалық ауқымға ие болып қана қоймай, бүгінгі күні мейлінше үздік дамып келе жатқан әлемдегі 30 мемлекеттер астаналарының ортасынан ойып тұрып орын алып отырған астананың біріне айналды. Ал, 1999 жылы ЮНЕСКО Астананы «Бейбітшілік қаласы» деп жариялады. 2008 жылдың сәуірінде Мәскеуде өткен «ТМД-ның таңдаулы қаласы» атты байқау-конкурста Астана 16 жүлденің 9-ын алды! Сөйтіп, елордамыздың аты халықаралық сөздік қорына тез-ақ енді, әлем картасында өзіне-өзі сенімді мемлекет пайда болғанын аңғартатын маңызды мағынаны ала келді. Сондай-ақ, біздің елорда өңірлік және жаһандық қауіпсіздікті нығайтуға үлес қосуы тиіс көптеген форумдарды өткізудің орнына айналды. Астана қазірдің өзінде жай ғана елорда емес, ол енді еуразиялық интеграцияның елордасы ретінде көрініп отыр. Нақ осы Астана өңірлік даму бойынша жаңа идеялардың, көзқарастардың, нақты бағдарламалардың генераторы болуда. Бұл қала жалпыәлемдік конфессияаралық үнқатысудың астанасына айналды. 2003, 2006 және 2009 жылдары мұнда Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің үш съезі өтті. Біз әлемге діндер арасындағы үнқатысу мүмкін екендігін көрсеттік, өйткені, олардың бәрі жасампаздық пен адамзаттың игілігі идеясына негізделеді. 2010 жылы Астанада соңғы он жыл бойы өткізілмей келген Еуропа қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Саммитін өткізу көзделсе, 2011 жылы Астана VІІ қысқы Азия ойындарын және Ислам Конференциясы Ұйымына қатысушыларды қабылдайды. Түптеп келгенде, осының барлығы орасан зор сенімнің, дамудың «қазақстандық жолының» тиімділігін және қазақстандықтар толеранттылығының жоғары деңгейін танудың белгісі.
Жалпы алғанда, бүгінде Астана өмір сүріп, жұмыс істеуге барған сайын қолайлы, ыңғайлы болып бара жатқан мегаполиске айналды. Осы жылдар ішінде денсаулық сақтауға бөлінген қаржы - 32 еседен астам, білімге бөлінген қаржы - 22 есе, әлеуметтік қамсыздандыру мүддесіне бөлінген қаржы алты есе артты. Астанада ұлы ғалым және еуразияшыл азамат Лев Гумилев атындағы жаңа Еуразия университеті ашылып ол өңірдегі күшті оқу орындарының қатарына қосылды. Таяуда ғана ұлттық білім беру жүйесінің барлық артықшылықтары мен үздік әлемдік білім беру тәжірибесін үйлесімді қамтитын, Қазақстанның ұлттық брэндіне айналатын ерекше үлгідегі оқу ордасы - Назарбаев университетінің ашылу рәсімі өтті. Ағымдағы жылы Мемлекет басшысының шешімімен университет талапкерлері үшін бөлінген 500 оқу гранты студенттің тамағы мен тұрғын жайына жұмсалатын барлық шығындарды өтейтін болады. Қазір Foundation бағдарламасы бойынша студенттерді оқуға қабылдау жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Астаналық медициналық кластер жайы да көңіл толарлықтай. Ол ең осы заманғы алты медицина институттарынан құралған. Қазір мұнда Ана мен бала орталығы, Балалардың сауықтыру орталығы жұмыс істейді. Сонымен қатар, бүгінде Диагностикалық орталық, Нейрохирургия орталығы, Жедел медициналық жәрдемнің ғылыми-зерттеу институты іске қосылды. Осы орталықтардың негізінде біртұтас холдинг ретінде басқарылатын бірегей «Денсаулық қалашығы» құрылды. Ең осы заманғы озық медициналық құрал-жабдықпен қамтамасыз етілген мұндай кешен көптеген Еуропа елдерінде де жоқ. Қазірдің өзінде мұнда ауыр науқастарды емдеуге, бұрын тек шетелде ғана жасалатын аса күрделі операцияларды атқаруға болады. Барынша сапалы ем алу үшін бүкіл Қазақстаннан және көршілес елдерден адамдар Астанаға келуде.
Астана экологиялық мәселелерді шешуде осы заманғы көзқарастың үлгісіне айналуда. Елбасының тікелей өзі бастамашы болған Астананың айналасынан «жасыл белдеу» жасау жобасы қарқынды жүзеге асырылуда. Осы жылдар ішінде Астананың маңайында 71 мың гектар жерге орман отырғызылды, ол орман қала климатын едәуір өзгертіп, даланың желінен қорғап тұр. Елбасының мәлімдеуінше, ендігі мақсат - Астанадан Бурабайға дейінгі аумақты жасанды орманмен тұтастыру.
Ең бастысы, Астана ұлттық табыстың жарқын өнегесіне айналды, ол қазақстандықтарға қанат бітіріп, бізге күрделі өтпелі кезең арқылы жүріп өтуге көмектесті. Астана біздің кез келген міндетті іс жүзінде шеше алатынымызды, тіпті бола қоймас дейтін мақсаттарға қол жеткізетінімізді көрсетіп берді. Сонау 90-шы жылдардың ортасында тың даланың төсінде көк тіреген үйлер бой көтеріп, осы заманғы қала салынатынына сенбеген де шығармыз. Алайда, бұған біздің «шамамыз» жетті. Бүгінгі Астана - қазақстандық ұлттық рухтың материалдандырылған жобасы. Біз сәтсіздіктерге жалтақтауды, өзімізді әлі де қаншама қиындықтарды еңсеруге тура келеді дейтін оймен мазалауды қойдық. Астана табыс үшін бізге мақсатты айқын көру ғана және оған қол жеткізу үшін күн сайын жұмыс істеу керек екенін көрсетті. Өйткені, Елбасымыздың үміті, асқақ арманының қаласы болып табылатын Астананың гүлденуі - ол Қазақстанның гүлденуі. Және бұл Астананың арқасында біз мықтап тұрып түсінген, бәлкім, ең маңызды тағылым болар.
«Біреуге қарап пікір ет, біреуге қарап шүкір ет», - дейді халқымыз. Пікір етсек те, шүкір етсек те орынды. Ірілі-ұсақты кемшіліктерден біз де құр алақан емеспіз. Бірақ, бүкіл дүние ойсырап жатқан тұста, бізде бәрі де құдайға шүкір. Елбасының сөзімен айтсақ, «Ата-бабаларымыздың ғасырлар бойғы арманын орындадық. Сол үшін біз зор бақыттымыз».