Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ: ӘЙЕЛДЕРДІҢ ҰСТАМДЫЛЫҒЫ МЕН ТӨЗІМДІЛІГІ ? ТЫНЫШТЫҚ ПЕН ТҰРАҚТЫЛЫҚТЫҢ ТІРЕГІ

АСТАНА. Наурыздың 6-сы. ҚазАқпарат. Бұдан бұрын хабарланғандай, кеше Астанада Қазақстан әйелдерінің V форумы болып, онда Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев сөз сөйледі. ҚазАқпарат Елбасы сөзінің мәтінін ұсынады.
None
None
* * * Құрметті форумға қатысушылар! Құрметті ханымдар! Айтулы мереке ? Халықаралық әйелдер күні қарсаңында Қазақстан әйелдерінің V форумы өз жұмысын бастап отыр. Бүгін мен өздеріңізбен жүздескеніме қуаныштымын. Осынау маңызы зор іс-шараға республиканың түкпір-түкпірінен келіп, қатысып отырған баршаңызды алдағы мерейлі мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын! Халқымызда: ?Жәннат ? ананың табанының астында?, деген қанатты сөз бар. Өмірге ұрпақ әкеліп, тәрбиелеп-өсіріп, тіршілікке тірек болған асыл мұраттары мен қажыр-қайраттары үшін біз ардақты ана мен асыл жарға, аяулы қарындасқа әрдайым құрметпен қараймыз. Бүгінде Қазақстанда әйелдер саясатта болсын, бизнесте болсын және экономиканың барлық секторында, шаруашылықтың әр түрлі салаларында болсын, ер-азаматтармен қатар еңбекке белсене араласып, өздерінің біліктілігін, қабілет-дарынын, іскерліктерін көрсетіп келеді. Мемлекетіміздің өсіп-өркендеуіне азаматтармен қатар сүбелі үлестерін қосып жүр. Көптеген қыз-келіншектер мемлекеттік басқару жүйесін, мәдениет, денсаулық саласын, білім мен ғылымды, медицинаны дамытуға атсалысып жүргенін атап өтуге тиіспіз. Сонымен қатар, олар бұл күнде әр аймақта ірілі-ұсақты үкіметтік емес ұйымдарын құрып, бірқатар әлеуметтік жобалар бойынша белсенді жұмыс жүргізуде. Бүгінгі таңда еліміздің өркендеуі жолында аянбай қызмет жасап жүрген барлық аналарға, қарындастарға және қыз-келіншектерге ризашылығымды айтамын. Ел мүддесі жолындағы бірлескен ісімізде айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізу үшін осында отырған баршаңызға жемісті еңбек, жаңа табыстар мен зор жетістіктер тілеймін! Қазақстанның барша әйелдеріне осынау күрделі кезде әрбір қазақстандық отбасында, біздің бүкіл Отанымызда тыныштық, тұрақтылық және береке-бірлік сақтау үшін ұстамдылық пен төзімділік тілеймін!* * * Қазақстан әйелдерінің бұл жолғы V форумы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның алғашқы онжылдық мерейтойы белгісімен өтіп отыр. Комиссия бұдан 10 жыл бұрын, қазіргіден қиындығы кем емес уақытта құрылған болатын. Ол кезде біздің экономика ?оңтүстік-шығыс? дағдарысының ықпалын бастан кешіп жатқан. Ұлттық комиссия жұмыс істеген жылдарда көп іс атқарылды деп санаймын. Елімізде гендерлік заңдылықтың тұтас қабаты әзірленіп, әрекет ете бастады. 1999 жылы Қазақстан Республикасында әйелдердің жағдайын жақсарту жөніндегі алғашқы Ұлттық іс-қимыл жоспары қабылданды. Осы жылдары Парламент БҰҰ-ның ?Тұрмысқа шыққан әйелдің азаматтығы туралы? және ?Әйелдің саяси құқықтары туралы? конвенциясын, Халықаралық еңбек ұйымының әйелдер мен балалар құқықтарына қатысты бірқатар кесімдерін ратификациялады. Соңғы жылдары мемлекет әйелдер мен балаларға әлеуметтік қолдауды күшейтіп отыр. Мұнда да тиісті ұсыныстарын маған, Үкіметке және Парламентке жеткізген Ұлттық комиссияның сіңірген еңбегі бар. Мемлекет баланың тууына және күтуі бойынша жәрдемақы төлеу мөлшерін еселеп ұлғайтты. 2008 жылы баланың тууына байланысты бір жолғы жәрдемақы екі есе ұлғайтылды. Биылғы жылы ол шамамен 38000 теңгені құрайды. Баланы күту жөніндегі жәрдемақы 1,6 есе өсті. Тұңғыш бала үшін қазір 6300 теңге, ал төртінші бала үшін ? 8200 теңге төленеді. Өткен жылы мұндай жәрдемақыны 140 мыңнан астам қазақстандық отбасы алды. 2008 жылдан бастап жүктілігі және туғандығын, сондай-ақ бала бір жасқа жеткендегі күтімін міндетті әлеуметтік сақтандыру енгізілді. Өткен жылы жұмыс істейтін әйелдерге алғаш рет 14,6 миллиард теңге жалпы сомасында сақтандырудың әлеуметтік төлемдері төленді. Көп балалы отбасыларға қатысты әлеуметтік қолдаудың қосымша шаралары алынды. 2008 жылы оларға 182 мыңнан астам әлеуметтік жәрдемақылар төленді. 2008 жылдан Қазақстанда ана мен бала өлімін азайту жөніндегі арнаулы бағдарламаны іске асыру басталды. Ұлттық ана мен баланың ғылыми орталығы, Республикалық балаларды сауықтыру орталығы іске қосылды. Тек өткен жылы ғана еліміздің барлық өңірлерінен 2,5 мыңнан астам бала сауықтырудан өтті. 8 мыңнан астам әйелдер мен балаларға тегін медициналық көмек көрсетілді. Жүкті әйелдерге, 5 жасқа дейінгі балаларға қажетті дәрі-дәрмекті мемлекет тегін бөледі. Мемлекеттің осы жұмысының нәтижелері айқын көрініп тұр. Біз бала туудың өсуі есебінен еліміз халқының табиғи өсіміне жетіп отырмыз. Үкімет 2000 жылдан бастап әйелдер кәсіпкерлігін қолдау жөніндегі шараларды жүзеге асыруда. Ондаған мың әйелдер жеңілдік несиелерін алып, өз бизнестерін ашты. Алты жылдың ішінде Шағын кәсіпкерлікті дамыту қорының қаражатынан 2 миллиардтан астам теңге игерілді. 2008 жылы әйелдер жетекшілік ететін 61 шаруа қожалығы ауылдық несие серіктестігі желісі бойынша несиелер алды. Ауыл шаруашылығына қаржылай қолдау көрсету қоры әйелдерге шамамен 3 миллиард теңге сомасына 10 мың дерлік несиелер берді. Қазақстанда әйелдердің еркектермен тең тұрғыда мемлекетті басқару ісіне қатысу мүмкіндігінің барлық жағдайлары жасалған. Әйелдердің саяси көшбасшылығын нығайту жөнінде көп жұмыс жүргізілді. Осынау барлық жәйттерге Ұлттық комиссия құрамында жұмыс істегендердің баршасының сіңірген еңбегі бар. Мен бүгін біздің қоғамдағы әйелдердің ахуалын жақсарту үшін жағдай туғызғаны үшін, демек ? Қазақстанның дамуы мен өркендеуіне қосқан баға жеткісіз үлесі үшін Ұлттық комиссияның мүшелеріне шын жүректен ризашылық білдіргім келеді. Сондай-ақ Комиссия төрайымы Гүлшара Әбдіқалықованы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі болып тағайындалуымен құттықтаймын. Құрметті форумға қатысушылар мен меймандар! Қазіргідей күрделі уақытта қамқорлық көрсету мен мазасыздықтың орасан зор бөлігі әйелдердің иығына түсті. Біздің еліміз жаһандық экономикалық дағдарыстың сынағынан өтуде. Алайда, бұл қиындықтардың уақытша сипаты бар. Мемлекет дер уақытында экономиканы тұрақтандыруға бағытталған шараларды қабылдады. Біз бұрынғы жылдары жинақталған резервтерді іске қостық. Нақты секторға, инфрақұрылымға, ауыл шаруашылығына және шағын бизнесті қолдауға қаражат инвестицияладық. Өндірістік кәсіпорындардың салық ауыртпалығы азайтылып, артық бюджеттік шығындар қысқартылуда. Нарықтық экономикада тербелістер мен дағдарыстар ? қалыпты құбылыс. Парасатты мемлекет жақсы жағдайларда дағдарыстарды еңсеру үшін резервтер жинақтауы тиіс. Біз мұны істедік. Мен резервтер жинақтау үшін Ұлттық қор құру шешімін қабылдағанда оны баршаға бөлу ? ?пышақ үстінен үлестіріп алу? қажеттігі туралы көп сөз болды. Егер біз солай еткенімізде, онда бюджет табысының 26%-ға төмендеуі жағдайында біз қазір тіпті зейнетақыны төлей алмас едік. Дағдарысқа қарамастан біз әлеуметтік шығындарды өсіріп, бюджетшілерге жалақыны, зейнетақы мен жәрдемақыны ұлғайтудамыз. Халықтың жұмыспен қамтылуын қамтамасыз ету үшін белсенді шаралар қолданылуда. Сондықтан да әсіресе сіздерді, қымбатты әйелдер, мемлекеттің әлеуметтік бағдарламасының бәрі орындалатынына сендіргім келеді. Ертең мен дәстүрлі Жолдауымды таныстырамын, онда елді ағымдағы ахуалдан шығару жөніндегі, елдің дағдарыстан кейінгі дамуын қамтамасыз ету жөніндегі жаңа міндеттер баяндалатын болады. Қоғамымыз дағдарыстан жаңарып шығатынына, Қазақстан нығая түсіп, өз өркенділігінің жаңа биіктеріне сөзсіз қол жеткізетініне сенімдімін. Ал бұған Қазақстан әйелдері зор үлес қосатынына мен нық сенімдімін. * * * Әйелдерге одан әрі қолдау жасау жөніндегі жұмыстың бірқатар нақты бағыттарын көріп отырмын. Бірінші. Мемлекет балалы отбасыларға әлеуметтік қолдау көрсетуге айрықша назар аударуы тиіс. 2010 жылдан бастап менің тапсырмам бойынша төртінші және одан көп бала туғанда берілетін біржолғы жәрдемақы мөлшері 30-дан 50 айлық есептік көрсеткішке дейін ұлғайтылатын болады. Бұл төлем 68 мыңнан астам теңгені құрайды. Келесі жылдан бастап баланы күту бойынша айлық жәрдемақы орта есеппен 20%-ға ұлғайтылады. Сонымен қатар бүгінгі күрделі жағдайда біз шектеулі мүмкіндіктегі балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға айрықша қолдау білдіруге тиіспіз. Сондықтан 2010 жылдан бастап біз мүгедек балалар үшін 16 жасқа дейін мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы енгіземіз. Көп балалы аналарды қолдау мақсатында сондай-ақ Үкіметке құрметті ана атақтарын беру тәртібін қайта қарауды тапсырдым. 2010 жылдан бастап ?Алтын алқа? наградасын он бала емес, жеті бала тәрбиелеп отырған аналар алатын болады. ?Күміс алқа? атағымен алты бала тәрбиелеп отырған аналар марапатталатын болады. Бұл наградаларға ие болған көп балалы аналар 8 мың теңгеден астам мөлшерде ай сайынғы арнаулы мемлекеттік жәрдемақылар алатын болады. Осы мақсатқа бюджеттен 30 миллиард теңгеден астам қаражат бөлу жоспарланады. Екінші. Дағдарыс жағдайында әйелдердің экономикалық белсенділігіне қолдау білдіру қажет. Мұндағы басты нәрсе ? оларды еңбекке орналастыру үшін жағдай туғызу. Сондықтан мен Үкіметке және жергілікті атқарушы органдарға еңбек рыногында әйелдердің бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін нақты шаралар қабылдауды тапсырамын. Олар экономиканың перспективалы салаларында жұмыс істей алуы үшін әйелдерді жаңа мамандықтарға қайта даярлау және оқыту жөнінде ауқымды жұмысты өрістету керек. Үкіметке сондай-ақ Қазақстанда қашықтықтан еңбекпен айналысу дейтінді, яғни өз үйінде жұмыс істеу, еңбек қызметін үйдегі міндеттерімен және балаларды тәрбиелеумен үйлестіру мүмкіндігін дамыту мәселесін зерттеу керек. Әлемде мұндай тәжірибелер жеткілікті, оларды зерттеу керек. Сонымен қатар біз өз ісін ашатын әйелдерге қолдау білдіруге тиіспіз. Үкіметке ?Самұрық-Қазына? ұлттық әл-ауқат қорымен бірлесіп алдағы жылдарға арналған әйел кәсіпкерлігін қаржыландырудың арнайы бағдарламасын әзірлеу мәселесін қарастыруды тапсырамын. Әсіресе ауылдағы әйелдер жобаларын кеңінен шағын несиелеуді қамтамасыз ету керек. Тәжірибе көрсеткеніндей, шағын несиелерді нақ әйелдерге беру көп тиімділік келтіреді. Мұндай несиелердің қайтарылуы 99%. Әйелдер әлдеқайда ұсынақты және бұл ақшаны қайда жұмсауды біледі. Үшінші. Біз әйелдердің саяси және қоғамдық өмірге белсене қатысу мүмкіндігін одан әрі кеңейтуге тиіспіз. Бүкіл әлемде шешімді әзірлеуге және қабылдауға әйелдердің өкілетті қатысуы қоғам дамуының көрсеткіші болып саналатыны мойындалады. Билік құрылымдарында әйелдер 30-40 пайызды құрайтын жерлерде қоғам әлдеқайда тұрақты және әлеуметтік бағдарда дамиды. Біз, еркектер, мұны жете бағаламаймыз. Ал енді Қазақстанда соңғы бес жылда мәслихаттар мен Парламенттегі әйел депутаттар саны өзгерген жоқ. Бүгінде олардың үлесі бар-жоғы 17% шамасын құрайды. Орталық мемлекеттік органдар мен әкімдіктердегі басшы лауазымдағы әйелдер саны ұлғаймай келеді. Біздің елімізде көшбасшы әйелдер жеткілікті. Және олар алдарына қойылған міндеттерді табысты атқаруда. Басшылар әйелдерді мансап баспалдақтары бойынша батылырақ ілгерілетіп, әйелдер өздерін кәсіпқойлар ретінде танытуы үшін жәрдемдесуі тиіс. ?Нұр Отан? партиясы бұл мәселемен жіті айналысып, осы жылдан бастап әйелдердің мемлекеттік және қоғамдық-саяси жұмыстарға ұсынылуын қамтамасыз етуі керек. ?Нұр Отан? мүшелерінің 56 пайызы ? бұл әйелдер. Олардың арасында лайықты кандидатуралар өте көп екеніне мен сенімдімін. Төртінші. Алдағы жылдары біз адами даму мәселелеріне барынша байыпты назар аударуға тиіспіз. Біз демографиялық және, тұтастай алғанда, Қазақстандағы адами даму мәселелеріне жалпыұлттық көзқарасты әзірлеуге тиіспіз. Мен Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияға қоғамдық бірлестіктерден, халықаралық ұйымдардан, ғылыми қауымдастықтан ұсыныстар жинастыра бастап, демографиялық саясат саласындағы халықаралық тәжірибені зерттеуді тапсырамын. Демографиялық саясат пен адами дамудың шешуші басымдықтары Қазақстанның 2020 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспарында бейнеленуі тиіс, ол қазіргі кезде менің тапсырмам бойынша әзірленіп жатыр. Және бесінші. Бізге неке және отбасы институтын нығайтып, оның беделін арттыру, адамгершілік құндылықтарды қайта түлету қажет. Отбасы, бала, отбасылық құндылықтар мен дәстүрлер біздің қоғамның және біздің мәдениеттің әрдайым негізі болды және болып қалады. Бізге, көптеген отбасыларда бар ізгі дәстүрлер мен әдет-ғұрыпты сақтап, оларды насихаттап, жас отбасыларға қолдау білдіру керек. Мемлекет бұл үшін көп іс атқарып отыр. Сонымен қатар ата-аналардың өздері де бұған қамқорлық көрсетуі керек. Мыңдаған адам шақырып ?жаһандық? үйлену тойларын ұйымдастырудың орнына ақша жинап жаңадан үйленгендерге пәтер сатып әперсек қой. Отбасылық құндылықтарды насихаттап, отбасы бейнесі мен некені, көп балалылық өнегелерін құрмет тұтқызу керек. Үлгілі отбасы нормасы көп балалылық болуы тиіс деп санаймын. Барлық халықтарда ғасырлар бойы солай болып келген. Адамның байлығы балаларының санымен өлшенген. Осыған байланысты бала тууға қолдау білдірумен қатар біз сондай-ақ жетім балаларды асырап алған отбасыларды ынталандыруға тиіспіз. Біз ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған, балалар үйлерінде тәрбиеленіп жатқан балалардың тағдырына қатыссыз және енжар болмауға тиіспіз. Бізге бала асырап алуға шешім қабылдаған азаматтарды ынталандыру жүйесі қажет.* * *Бүгін басқа да көптеген маңызды әрі пайдалы бастамалар айтылады деп ойлаймын. Олардың барлығын Үкімет, Президент Әкімшілігі және тиісті мемлекеттік органдар жіті қарастыруы тиіс. Құрметті әйелдер! Сіздер әрдайым елдегі тұрақтылық пен ұлтаралық келісімнің негізі болып келесіздер. Осы арқылы сіздер Қазақстанның дамуына зор үлес қостыңыздар. Сіздер өз Президенттеріңізді сайлауларда ғана емес, сонымен бірге нақты істерде де тұрақты қолдап келесіздер. Сондықтан қоғамдағы тұрақтылық, біздің еркін дамуымыз ? негізінен сіздердің еңбектеріңіз. Қазір де сөзімді сіздерге арнап отырмын ? сол қалыптарыңызда қала беріңіздер. Еркектер осындай қиын уақытта да жұмыс істеуіне ақыл қосыңыздар. Луис Левинсон былай деген екен: ?Еркекке әйел керек, өйткені өмірдегінің бәрін үкіметке итеріп салуға болмайды?. Сіздерге әрдайым оптимист болуды және жақсы көңіл күйде жүруді тілеймін. Сіздердің көңіл күйлеріңізге бүкіл ерлердің және бүкіл біздің қоғамның көңіл күйі байланысты. ?Әйелдер еркекке қарағанда жиі күледі, сондықтан да ұзақ өмір сүреді? дейді ғой. Құрметті форумға қатысушылар! Сіздер бүгінгі Форум жұмысына белсене қатысып, келелі ұсыныс-пікірлеріңізді көпшіліктің талқысына салып, нақты іс-шаралар әзірлеуге атсалысады деп сенемін. Баршаңызға еңбекте жаңа жетістіктер, отбасылық бақыт пен береке, денсаулық тілеймін. Алда келе жатқан мерекелеріңіз құтты болсын! ("Егемен Қазақстан" газеті, 2009 жылғы наурыздың 6-сы).
Соңғы жаңалықтар