Нұрсұлтан Назарбаев Ильхам Әлиевті Қазақстанға шақырды

«Президенттер өзара кездесуде аймақтық және жалпы қауіпсіздік мәселелеріне тоқталатыны анық. Осы орайда, Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің Тұрақты емес мүшесі ретінде біздің аймақтағы және Орта Азиядағы, соның ішінде Ауғанстан мен Сирия жеріндегі қауіпсіздік мәселелеріне назар тігіп отыр. Осыған байланысты тағы бір атап өткім келеді, әзербайжан-армян қақтығысында Қазақстан БҰҰ қабылдаған резолюцияның ұстанымын қолдайды. Ол резолюцияны кезінде қолдап, дауыс берген де болатынбыз. Яғни біз халықаралық қарым-қатынастардың жалпы нормаларын ұстанамыз», - деді ҚР Президенті баспасөзге бірлескен мәлімдеме жасау барысында.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы, Қазақстан Әзербайжанмен, Армениямен және Грузиямен бірдей жақсы қарым-қатынаста екендігін атап өтті.
«Біз мұнда бейбітшілік орнағанын, мәселе тек бейбіт жолмен шешілгенін қалаймыз. Осы бағытта біз қолдан келер барлық көмегімізді беріп жатырмыз, мемлекеттерге осы мәселені бейбіт жолмен шешу жолдарын ұсынып, бейбітшілікке ынталандырудамыз. Бұл армян және әзербайжан халықтарының мүдделеріне, барлықтарымыздың да мүдделерімізге жауап береді. Бізге өзара сауданы дамытып, ары қарай дамуға жол ашу керек», - деді Назарбаев.
«Бұл сапарым Әзербайжан-Қазақстан қарым-қатынастарына жаңа бағыт, жаңа серпін беретініне сенімдіміз. Бұл екі елге де тиімді, біздің мемлекеттер арасындағы дәстүрлі достығымызды, өзара сенімімізді нығайтады. Себебі бізде бір тарих, бір мәдениет, бір тіл, ортақ тамырымыз бар және ол бізді жақын етеді. Қазақстан мен Әзербайжан арасында шешілмеген мәселелер жоқ. Жеке өзім бұл сапарыма көңілім толып отыр. Ильхам Гейдарұлы, Сіздердің қонақжайлықтарыңызға өз атымнан ризашылығымды қабыл алыңыз. Мен Сізді Қазақстанға ресми сапармен келуге шақырамын. ЭКСПО-2017 көрмесінде және Шанхай Ынтымақтастығы Ұйымының саммитіне ресми қонақ болуға шақырамын. Төраға мемлекет ретінде Сізге қонақтап қайтуыңызды сұраймын», - деп түйді сөзін Мемлекет басшысы.