Нұрсұлтан Назарбаев Испанияның Католиктік Изабелла орденімен марапатталады

АСТАНА. ҚазАқпарат - «ЭКСПО-2017» көрмесіндегі Испания Корольдігінің ұлттық күнінде Испания Депутаттар конгресінің төрайымы Ана Пастор Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Католиктік Изабелла орденімен марапатталатынын мәлімдеді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
None
None

«2017 жыл - Қазақстан тарихы үшін өте маңызды жыл. Себебі, Қазақстанның көптеген халықаралық қауымдастықтармен, оның ішінде Испаниямен дипломатиялық қарым-қатынас орнатқанына 25 жыл толып отыр. 25 жылда Қазақстанның қол жеткізген жетістіктерін атай отырып, Елбасы Н.Назарбаевтың сенімге және өзара ынтымақтастыққа негізделген екіжақты қарым-қатынасты нығайтуға деген ниеті үшін алғыс білдіргім келеді. Бұл достық қарым-қатынас Испан үкіметі тарапынан ерекше ескеріліп, бүгін түсте аса мәртебелі Республика Президентіне «Католиктік Изабелла ордені» алқасын табыстау мәртебесіне ие болғалы отырмын», - деді Ана Пастор Испанияның ұлттық күніне арналған салтанатты шарада.   

Католиктік Изабелла ордені - мемлекетке сіңірген еңбегі үшін берілетін Испания Корольдігінің азаматтық ордені. Орденді шетелдіктерге де табыстауға рұқсат етілген. Бұл марапатты Испания королі VII Фердинанд 1815 жылы 14 наурызда Кастилия патшайымы І Изабелла құрметіне бекіткен.

Түрлі жылдары бұл орден француздық жазушы Александр Дюмаға, испаниялық опера әншісі Монсеррат Кабальеге, ресейлік балерина Майя Плисецкаяға, мажарстандық саясаткер, Мажарстанның бұрынғы премьер-министрі Ференц Дьюрчанге берілген.

Соңғы жаңалықтар