Нұрсұлтан Назарбаев Сербияға ресми сапарын қорытындылады

«Біз Сербияға Президент Т.Николичтің шақыруымен келдік. Бұл елмен қарым-қатынасымыз ең төмен деңгеде деп айтуға болады. Кейінгі кездері қарым-қатынас жасай алмай қалдық. Бұл мемлекет Югославия кезінде, 80-ші жылдардың соңы мен 90-шы жылдардың басында ең дамыған, алдыңғы қатарлы ел еді. Содан кейін ішінде азаматтық соғыс басталды. Азаматтық соғыстың салдарынан 100 мың адам қайтыс болды», - деді Елбасы.
Мемлекет басшысы сол кезеңдерде бұл мемлекет дінаралық, ұлтаралық қарама-қайшылықтардың салдарынан соғысқанын, сол себепті Югославия барлық мемлекеттердің соңында қалғанын баса айтты.
«7-8 жыл бұрын ғана алда келе жатқан мемлекет соңынан бірақ шықты. Әлі күнге дейін соның орнын толтыра алмауда. Ешкіммен сауда-саттық жасамады, ешкім қатынаспады, ешкім инвестиция бермеді. Сондықтан мұнан қазақтың тәлім-тәрбие алатын жөні бар. Ішінде бірлік болмаса, ішің бүлінсе, сыртың да бүлінеді. Ішіңде тыныштық болмаса, басқа ел сыйламайды, көрші де, алыс та жақын да сыйламайды. Мемлекет күйрейді», - деді Н.Назарбаев.
Келесі кезекте Елбасы Сербиямен арадағы экономикалық ахуалды жақсартуымыз керектігіне баса назар аударды. Бұл елдің бизнесмендері өте жоғары деңгейде екендігін, технологиясы жақсы дамығандығын баса айтты.
«Ауыл шаруашылығы, машина жасау, ақпарат, денсаулық сақтау, дәрі шығару, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу салалары бізге қажет. Үкімет басшысы біздің министрлермен келіссөзге отырды. Енді Қазақстанда Сербияның бір топ бизнесменін күтіп отырмыз. Солар арқылы келісімшарт жасайтын боламыз. Бұлармен сауда-саттық жасау жеңіл, себебі Польша сияқты Ресеймен текетіресіп отырған жоқ. Бізге жолдары ашық. Темір жолы, автомобиль жолдары арқылы Қазақстанға Ресей арқылы келе беруіне болады. Қазақстанға үлкен пайдасы бар», - деді Мемлекет басшысы.
Сонымен қатар Н.Назарбаев серб тарапының қазақ халқына деген ниетінің түзулігін де атап өтті.
«Жамбылдың мүсінін қаланың дәл ортасына орнатуы қазақтың мәдениетіне, халқымызға деген сербтардың құрметі, сыйлығы деп білу керек. Екі елдің арасындағы қарым-қатынас мұнан кейін дамиды деп санаймын», - деді Елбасы.