Нұрсұлтан Назарбаев - тәуелсіз Қазақстан Республикасының негізін салушы

Шындығында, 1991 жылдың 1 желтоқсаны - Қазақстанның Тәуелсіздік тарихындағы ерекше дата. Өйткені дәл осы күні Қазақстан халқы жалпыұлттық сайлау барысында ел тағдырын Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қолына сеніп тапсырған еді. Қазақстан Республикасындағы тұңғыш рет демократиялық негізде жүзеге асқан бүкілхалықтық сайлау нәтижесінде егемен Қазақстанның негізін салушы - Нұрсұлтан Назарбаев Тұңғыш Президент болып сайланды. Сайлауға қатысқандардың басым көпшілігі Елбасын жақтап дауыс беріп, Мемлекет басшысы ретіндегі сенімін Н. Назарбаевқа жүктеді.
Расында бұл сайлау халық үшін аса жауапты кезеңде өтті. Өйткені, бұл «мызғымас» делінетін Кеңестер Одағының ыдырап, егемендіктің ауылы жақындап келе жатқан тұс болатын. Ал ондай өтпелі кезеңде елдің тізгіні жауапты тұлғаның қолында болуы тиіс еді. Тізгінді қолға алған күні-ақ Елбасы қазақстандықтарға алдағы өмірдің жеңілге түспейтіндігін, бірақ жақсы күндерге бірлік пен татулық, іскерлік пен қабілеттілік арқылы жетуге болатынын ашып та айтқан еді. Кейіннен халық та өзінің сонау жылы желтоқсандағы сайлауда жасаған таңдауы алдамағанына талай рет куә болды, әлі де куә болып келе жатыр.
1991 жылдың 1-желтоқсаны.
Бұл күн Қазақстан тарихында қалай өрбіп еді?
Осыны бір уақ Елбасының өз естеліктерімен еске түсіріп көрелікші.
Шындығында, Мемлекет басшысы Н. Назарбаев Тәуелсіздік шежіресіндегі үш шешуші тарихи белесті айрықша маңызды және елеулі деп есептейді. Оның біріншісі - Қазақстанның тұңғыш абсолютті егемен мемлекеттік актісі - Семей полигонын жабу туралы Жарлыққа қол қою. Өйткені, осы сәттен бастап Қазақстанның бүкіл аумағында тек бір ғана юрисдикция - қазақстандықтардың өздерінің және туындап келе жатқан егемен Қазақстан мемлекетінің ерік-жігерінің іс-қимыл жасайтынын білдірді. «Екінші белес - 1991 жылдың 1 желтоқсанында біздің халқымыздың бүкіл тарихында алғаш рет өткен жалпыға ортақ Қазақстан Президенті сайлауы. Бұл оқиғаның тарихи мәні мен патриоттық құндылығы көзге ұрып тұр және ешқандай талас тудырмайды. Бұл күні Қазақстан халқы биліктің шынайы қайнар көзі болудағы, билікті қалыптастырып, оның саясатын айқындаудағы өзінің егемен құқығын алғаш рет жүзеге асырды. Алғашқы президенттік сайлауға 8 778 726 сайлаушы немесе азаматтардың жалпы санының 88,23%-ы қатысты. Бұл сол кезеңде 10 миллиондай адамды құраған Қазақстанның бүкіл ересек халқының басым көпшілігі», - дейді Елбасы Н. Назарбаев. Президенттің пайымынша, 1991 жылдың 1 желтоқсаны - бұл Қазақстан халқы біздің мемлекетімізді басқару түрі туралы мәселе бойынша тарихи шешім қабылдаған күн. Бұл күшті президенттік биліктегі республика пайдасына жасалған бірегей таңдау болатын. «Сол бір күрделі уақытта өмір қисынының өзі бүкіл атқарушы билік үшін ғана емес, сонымен бірге күрделі өтпелі кезеңді бастан өткеріп жатқан бүкіл қоғам үшін де жұмылдырушылық бастауды талап етті. Ескі тоталитарлық жүйе келмеске кетіп, басқарудың жаңа институттары пайда болды. Кезек күттірместен нарықтық реформаларды жүргізу, тіпті азық-түлікпен қамтамасыз ету, жұмыспен қамту, қалалар мен ауылдардағы өмір қауіпсіздігі сияқты қарапайым мәселелердің өзінде адамдар тұрмысын қалыпқа келтіру міндеті барынша бой көтерді. Осындай жағдайда Республика Президенті лауазымын енгізу ел дамуында маңызды тұрақтандырушы факторға айналды. Президентті жалпыхалықтық сайлау халық пен мемлекеттік биліктің бірлігін нығайтты, ал соңында Қазақстан тәуелсіздігінің қалыптасуы мен нығаюының бүкіл үдерісінің сабақтастығы мен жүйелілігін қамтамасыз етті», - деп еске алады Нұрсұлтан Назарбаев. Сөйтіп, Мемлекет басшысының айтуынша, іс жүзінде, 1991 жылдың 1 желтоқсанындағы сайлау, бір мезгілде, басқару формасы, Қазақстанның бірлігі, егемендігі мен тәуелсіздігі туралы жалпыхалықтық референдумға айналды.
Сол тұстағы қарбалас үдерістерге толы оқиғаларға тоқталған Мемлекет басшысы іс жүзінде, осы жағдайлардың бәрі өз Тәуелсіздігі жолымен бара жатқан Қазақстанның өзіндік халықаралық тұсаукесері іспетті болғанын айтады. Бүтіндей алғанда бұл Қазақстанның бүкіл экономикалық, ішкі және сыртқы саяси кеңістігін жеделдете егемендендіру үдерісі болды. «Бірақ кейбір өзге республикалар лидерлері сияқты біз жауапкершіліксіз талаптарды көлденең тосып, сол арқылы халықты босқа дүбірлеткен жоқпыз. Біз оның қайда апарып соқтыратынын анық түсіндік және көрдік - олар қантөгіс, ағайынаралық жауластық, түбегейлі және экономикалық коллапс. Оған қоса біз «жан-жаққа қашып жатқан» одақтас республикалармен берік экономикалық байланыстарды сақтауға деген үмітті үзген жоқпыз, ыдыраған Одақ орнында нағыз тең құқықты ортақ экономикалық кеңістік құру үшін жұмыс істедік. Және сонымен бір уақытта Қазақстанның толық егемендік алуға деген бағыты бұлжымас және күмәнсіз болатын. Мен бүкіл халықтың қолдауынсыз бұл саясаттың мүмкін емес екенін түсіндім, және сондықтан да 1991 жылдың қазанында нормаларына Мемлекет басшысын бүкіл сайлаушылардың жаппай дауыс беруі арқылы сайлау туралы норманы қоса отырып «Президент сайлауы туралы» жаңа заң қабылдауды ұсындым», - деп еске алады Елбасы Н. Назарбаев Тәуелсіздік туралы естелігінде.
Сөйтіп, Президент көтерген осы ұсыныс сол кездегі парламенттің тиісті шешімімен ресімделеді. Соның нәтижесінде жалпыға ортақ сайлау 1991 жылдың желтоқсанының бірінші күніне белгіленді. «Енді ғана қабылданған жаңа заңға сәйкес парламент менің кандидатурамды Президент лауазымына ілгерілетті. 1991 жылдың қарашасында өткен алғашқы бүкілхалықтық сайлау науқанын еске түсіре отырып айтарым, менің «қарсыластарым» кілең мықтылар еді. Бірақ олар нақты саясаткерлер деңгейіне көтерілгендерден емес-тін. Бұл айқындықтан тыс, бірақ сол қиын кезеңде қалыптасқан күрделі ауандағы өте ықпалды себеп болатын», деп еске алады Елбасы. Бұдан әрі Мемлекет басшысы сол жылдардағы сайлау науқанына дайындық барысында бір ай ішінде іс жүзінде Қазақстанның барлық өңірлерін аралап шыққанын, Қарағандының, Жезқазғанның, Өскеменнің кеншілерімен және металлургтерімен, Маңғыстау және Жамбыл облыстарының тұрғындарымен кездескенін айтады. «Мен жаңа, сол кезде енді ғана игеріле бастаған Теңіз кен орны нысандарында болып, олардың жұмысшыларымен жүздестім. Орал өңірі мен Алматы облысының ауылдық аудандарында болдым. Семей, Курчатов және Павлодар тұрғындарымен кездестім. Біздің астықты орталықтарымыз - Солтүстік Қазақстан, Ақмола және Қостанай облыстарын араладым. Мәдениет және өнер қайраткерлерімен, ғылым және шығармашылық интеллигенция өкілдерімен кездесулер өткіздім. Қазақстандықтармен осындай тікелей тілдесулер барысында мен халықтың кең қолдауын, оның тарихтың кез келген сынақтарына жариялы және лайықты түрде жауап беруге деген ортақ тілегін, біздің көпұлтты Қазақстанда келісім мен бейбітшілікті сақтауға деген ұмтылысын, ортақ Отанымыздың өсіп-өркендеуі жолында жұмыс істеуге деген құлшынысын көрдім. Сол алғашқы сайлаулардағы менің сенім білдірілген адамдарыма ризамын. Олар менің шынайы серіктестерім және пікірлестерім болатын», деп жазады Елбасы. «Дауыс беру қорытындыларын қандай толқыныс үстінде күткенім есімде. Және бұл толқыныс ертеңгісін дауыс берудің алдын ала нәтижелері жарияланған кезде тек күшейе түсті. Менің кандидатурам үшін 8 681 276 сайлаушы, немесе барлық азаматтардың 98,78 пайызы өз дауыстарын берді. Бұл абсолютті жеңіс еді! Барлық халықтың жеңісі болатын! Бірліктің талас-тартыс қатерінің алдындағы жеңісі еді! Бұл егемен Қазақстанның жаңа жеңісі болатын! Бірақ, тіпті, сайлаудың алғашқы нәтижелері жария етілген сол минутта бар-жоғы екі аптадан кейін Қазақстанның толықтай тәуелсіз мемлекет болатынын ешкімнің де болжай алмағаны анық», деп еске алады Нұрсұлтан Әбішұлы.
Кейіннен 1991 жылдың 10 желтоқсанында Н. Назарбаевтың ел Президенті лауазымына кірісуінің ресми салтанаты өтті. «Мен 1991 жылдың 1 желтоқсанындағы сайлау қазақтар, орыстар, украиндар, корейлер, немістер, ұйғырлар мен басқа да этностардың - «біздің республикамыздың бүгіні мен болашағы үшін бір команда болуға шешім қабылдағандардың барлығы» бауырластық қоғам қалыптастыруға негіз қалағандарын атап өттім. Енді маған алдағы мәселелердің барлығын шешімді іс-қимыл таныта және барлық халықтың абсолютті қолдауына сүйене отырып шешуге болатын еді. Сол күні менің ұсынысым бойынша біздің мемлекетімізді жаңаша - Қазақстан Республикасы деп атау туралы шешім қабылданды. Ал алты күн өткен соң, барлық халықтың еркіне орай, «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Заң қабылданды. Бұл тарихта біздің халқымыздың жұлдызды күні ретінде қалады», - деп жазады Н. Назарбаев.
Осыдан-ақ 1991 жылдың 1 желтоқсанында өткен Тұңғыш Президент сайлауының Тәуелсіздік тарихындағы ең шешуші белестердің бірі болғанын аңғарамыз.
Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы:
2011 жылдың 10 желтоқсанында Парламент Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні мерекесін бекіту туралы қабылдаған заңы Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Қазақстан мемлекеттілігінің қалыптасып, дамуы мен нығаюына қосқан айрықша үлесін мойындау болып танылды. Елбасының стратегиялық көшбасшылығымен Қазақстан қарқынды әлеуметтік-экономикалық даму жолына түсіп, жаңа тарихи жағдайда халықаралық беделі жоғары табысты мемлекетке айналды. Қазіргі таңда еліміз дамудың жаңа сатысына көтерілді, Мемлекет басшысы әлемнің ең дамыған елдері қатарына қосылу міндетін қойып отыр. («Президент. Парламент. Интеграция» халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясында сөйлеген сөзінен)
Қабиболла Жақыпов, ҚР Парламенті Мәжілісінің Төрағасы:
Осыдан 23 жыл бұрын қазақстандықтардың алғаш рет билік иесі халық екенін дәлелдеп, оны қалыптастыруға, саясатын анықтауға қатысты ерікті құқықтарын жүзеге асырған күн. Бұл - қоғамның жасампаздық пен ынтымақ құндылықтары төңірегінде бірігіп, саяси-әлеуметтік, экономикалық жаңғырған күн. Жалпы, Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың мемлекетті қалыптастыру мен дамытудағы айрықша рөлін айтқанда, Елбасының дүниежүзіне танылған әлеуметтік жауапты, экономикалық қуатты, демократиялық дамыған беделді мемлекет құрудағы жасампаздық еңбегінің тарихи көрсеткіші екеніне назар аударған орынды. Елбасының, әсіресе, мемлекет ішінде, сондай-ақ, аймақтық және ғаламдық ауқымда бейбітшілік пен келісімді сақтап, нығайтудағы еңбегі орасан зор.