Нұрсұлтан Назарбаев тегін емделіп жатыр ма

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Бүгін Қазақстан Республикасының бірінші Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жүрегіне емдеу-диагностикалық процедура жасалғаны хабарланды. Ем тегін жүргізілді ме? Бұл сауалға Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығының хирургия бойынша директоры Юрий Пя жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Аталған емдеу процедурасы барлық азамат үшін тегін. Оның ішінде Нұрсұлтан Назарбаев та бар. Қаржы жағынан алғанда бұл қымбат процедура. Қуанышқа қарай, Қазақстан азаматтарының тегін емделу мүмкіндігі бар», - деді Юрий Пя елордада өткен брифингіде БАҚ өкілдерінің сауалына жауап бере отырып.

Оның айтуынша, Нұрсұлтан Назарбаевқа ел қатарлы қызмет көрсетіліп жатыр.

«Қазір пациенттің жанында емдеуші және кезекші дәрігер бар. «Ерекше жағдай жасалды ма?» дегенге келсек, бізде VIP деген түсінік жоқ, барлық клиент бірдей», - дейді ол.

Сондай-ақ, маман тұңғыш президенттің кардиохирургия орталығы ашылған сәттен консультациядан өтіп тұратындығын жеткізді.

Бұған дейін кардиохирург Нұрсұлтан Назарбаевтың қазіргі жағдайы туралы айтып берген еді.

Айта кетсек, бүгін Нұрсұлтан Назарбаевқа ота жасалғаны хабарланды.

«Нұрсұлтан Назарбаевтың жүрегіне ота жасалды. Операция сәтті өтті. Тұңғыш Президенттің өміріне қауіп төніп тұрған жоқ. Ота Ұлттық кардиохирургия орталығында танымал кардиохирург Ю.Пяның жетекшілігімен жасалды», - деп жазған еді Тұңғыш Президенттің баспасөз хатшысы Айдос Үкібай Twitter парақшасында.


Соңғы жаңалықтар