Нұрсұлтан Назарбаев: Ұлы жеңістерге халықпен бірге жетеміз

Құрметті съезд делегаттары!
Қадірлі қонақтар!
Менің партиялас серіктерім!
«Нұр Отан» партиясының ХІV съезі біз үшін мерейлі меже - ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығы мерекесі қарсаңында өтуде.
Біз жасампаз жиырма жылда жүз жылға татитын ұлан-ғайыр жолды басып өттік.
Арайлы азаттық арқылы қол жеткізген жетістіктеріміздің баршасында «Нұр Отан» партиясының сүбелі үлесі бар.
Төңірегіне мұраттас серіктерім топтасқан партия тәуелсіздік жылдарында қоғамды жаңа жобаларға жұмылдыра білді.
Шын мәнінде халықтық ұйымға айналған «Нұр Отан» менің бастамаларыма қолдау көрсетіп, іргелі істердің ұйытқысы болуда.
Осылайша біз биік белестерді бірге бағындырдық.
Тәуелсіздіктің жасампаз жиырма жылдығы - елдігімізді орнықтыру жолындағы алғашқы кезеңнің мерейлі қорытындысы.
Біз мыңжылдықтың үшінші онжылдығына қадам басу арқылы ел дамуының жаңа кезеңінде тұрмыз.
Бүгінде дамудың 2020 жылға дейінгі индустриялық-инновациялық Стратегиясын жүзеге асыра бастадық.
Ғасырлық мәні бар бұл жоба бізге жаңа міндеттер мен жауапкершіліктер жүктейді.
Оның үстіне, болашақтың не ұсынарын болжап білу қиын. Көптеген елдер дағдарыс дауылына шыдас бермей, шайқалуда.
Сондықтан бұл кезеңді біз биік рухпен, кең тыныспен, тың серпінмен бастағанымыз абзал.
Ол солай болғалы да тұр. Баршаңыз білесіздер, жаңа жылдан кейін елімізде Мәжіліс сайлауы өтеді.
Бұл жолы Мәжіліс сайлауымен бірге жергілікті мәслихаттардың да сайлауы қатар өтетіні белгілі.
Сайлау қорытындысы бойынша, Конституцияға сәйкес, Мәжіліс кем дегенде екі партиядан тұруы керек.
Елімізде саяси партияларға алғаш рет осындай мүмкіндік беріліп отыр.
Бұл - сайлаудың жауапкершілігі мен жүгін арттырып, партиялар арасында шынайы бәсекелестікті қыздыра түсетіні анық.
Мен ел болашағын айқындауға мүмкіндік беретін осы сындарлы сынақта Қазақстан халқы қолдау көрсетіп, «Нұр Отан» партиясы басым дауыс алады деп кәміл сенемін.
Құрметті делегаттар!
Менің қымбатты серіктерім!
Бұл жолғы съездің Тәуелсіздіктің 20 жылдығында өтуінің нышандық мәні бар.
Біріншіден, біз елімізді қалыптастыру жолындағы екі онжылдыққа созылған ерен еңбегіміздің қорытындысын шығарып, оны лайықты аяқтаудамыз.
Оның соңғы бес жылы табысты Қазақстан жолы үшін шешуші болды. Олар қазіргі Парламенттің жұмысымен тұспа-тұс келді.
Дәл осы жылдар біздің халқымыздың ұлы берік бірлігін, оның мызғымас топтасқандығын айғақтап берді.
Біздің ашық экономикамыз планетамыздың барлық тарихындағы қаржы-экономикалық дағдарыстың қатал емтиханына төтеп бере алды.
Біздің саяси және әлеуметтік жүйеміз нақты, тұрақты және тиімді жұмыс істеді.
Мұнда «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясының орасан еңбегі бар.
Екіншіден, біз бүгін іс-қимылдың «Қазақстан. 2017-нің мақсаттары» деп аталатын Ұлттық жоспарын партияның алдағы Мәжіліс сайлауындағы жоспары ретінде бекітетін боламыз.
«Нұр Отан» қашанда нақты істердің партиясы болды және болып қала береді.
Біздің сайлауалды тұғырнамамыз - бұл Қазақстанның 2020 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспары мен «Қазақстан-2030» Стратегиясының өз кезеңіне нақты белгіленген құрамдас бөлігі.
Және біздің ортақ міндетіміз - сайлауалды күресте біздің партиялық міндеттеріміздің түбегейлі мазмұнын әр сайлаушыға, әр қазақстандыққа жеткізу!
Тәуелсіздіктің үшінші онжылдығының тарихы бүгін басталады.
Сондықтан 15 қаңтардағы парламенттік сайлау - бұл болашақтың ақиқат сәті деуге болады.
Мен біздің «Нұр Отан» партиясын қазақстандықтардың бүкілхалықтық қолдайтынына сенімдімін.
Бізге, нұротандықтарға тек жеңіс керек!
Ол белгіленген бағдарламаларды орындауды жалғастыру және барлық азаматтардың әл-ауқатын одан әрі жақсарту үшін қажет.
Құрметті делегаттар!
Бес жылға жуық уақыт бұрын, алғаш рет партиялық тізімдер негізінде өткізілген Мәжіліс сайлауында біздің партия сайлаушылардың абсолютті көпшілігінің қолдауына ие болды.
Бүгін осы съездің мінберінен біз мақтанышпен мәлімдейміз: «Нұр Отан» партиясы 2007 жылғы сайлауға барған Халықтық тұғырнама мерзімінен бұрын орындалды.
Және бұл біздің ортақ жеңісіміз! Бұл біздің халқымыздың жеңісі!
Өйткені, біз оны әлемдік дағдарыстың аса ауыр жағдайында жүзеге асырдық. Себебі, тұғырнама түзілген кезде біз осындай дауылмен бетпе-бет келеміз деп ойлаған жоқпыз. Ол, әрине, қандай да бір түзетулер енгізді, бірақ біз жолымыздан адаспай, белгілеген және уәде берген міндеттердің үдесінен шықтық.
Толық емес бес жыл ішінде Қазақстан экономикасының көлемі 2 есе ұлғайды.
Тек осы жылы ғана инновациялық үлгідегі 350 жаңа кәсіпорын салынды.
Тәуелсіздіктің 20 жылдығы жылында біздің ауылдықтар рекордтық 30 миллион тонна астық жинады.
Біз әлемде ұн экспорты жөнінен бірінші орынды төртінші жыл қатарынан ұстап келеміз.
Қазақстан шет ел инвестициясын әлемде ең көп тартқан көшбасшы 20 ел қатарына енді.
Тіпті құрылыс саласы үшін күрделі кезеңнің өзінде 19 миллион шаршы метр жаңа тұрғын үй салынды.
Жарты миллионнан астам қазақстандық өздерінің тұрғын үй жағдайын жақсартты.
Жұмыссыздық деңгейі 7-ден 5,4 пайызға дейін төмендеді.
Біз халық әл-ауқатының жаһандық рейтингінде әлемдегі алғашқы 50 мемлекеттің қатарына ендік.
Жан басына шаққандағы ІЖӨ көлемі биылғы жылы 10 мың доллардан астамды құрайды, ал 2015 жылға қарай 15 мың долларға жетеді. Біз кезінде бұл туралы тіпті армандай алдық па?
Бүгінде осы көрсеткіш бойынша біз, басқа көршілерімізді айтпағанның өзінде, Украинадан 2 еседен астамға асып түстік. Біз Шығыс Еуропаның бірқатар елдерінің алдында тұрмыз.
Төрт жарым жылда тұрғындардың ақшалай табыстары, бюджет саласындағылардың еңбекақылары, студенттердің стипендиялары 2 есе өсті.
Зейнетақы төлемдері мен бір жасқа толмаған сәбиді күтіп-баққаны үшін жәрдемақылар 2,6 есе өсті.
Білім беруге, ғылым мен денсаулық сақтауға шығындар 2 есе ұлғайды.
Бүкіл еліміз бойынша шамамен 4 мың жаңа балалар бақшасы ашылса, бұл туралы мен өзімнің Жолдауымда тапсырма берген болатынмын, 350 мектеп, 50 шақты колледж салынды.
Жаңа Назарбаев университеті, болашақтың Интеллектуалдық мектептер желісі құрылды.
Біз ғылыми-инновациялық сала реформасына кірістік. Қажетті заңдар қабылданып жатыр, ғылымды қаржыландыру ұлғайды, тиісті заң қабылданды.
Қазақстанда 150-дей жаңа емхана, аурухана мен медицина орталықтары тұрғызылды.
Астанада біздің денсаулық сақтау саламыздың флагманы - Болашақтың госпиталі құрылу үстінде.
Қазақстандықтардың өмір жасының ұзақтығы 2 жылға артып, ана мен бала өлімі айтарлықтай азайды.
Халықаралық сарапшылар қазірдің өзінде Қазақстанды ең жедел өсіп отырған әлем экономикасының үштігіне қосты. Біздің алдымызда тек Катар мен Қытай ғана тұр.
Әлемдік дағдарыстың қиын жылдарында біз өзіміздің әлеуметтік міндеттерімізден бас тартпай, Халықтық тұғырнаманың міндеттеріне адалдық таныттық!
Мен айтқан осы сандардың барлығының артында бүкіл халықтың және, әрине, біздің «Нұр Отан» партиясының ауқымды жұмысы тұр.
«Нұр Отан» партиясының парламенттік көпшілігінің негізінде жасақталған біздің Үкіметіміздің дағдарыс жағдайында кәсібилікпен жемісті жұмыс істегенін атап өту керек.
Парламенттік фракция қажетті заңдарды, оның ішінде дағдарысқа қарсы заңдарды да қабылдауды қамтамасыз етті.
Мен съезд мінберінен Мәжілістің барлық депутаттарына олардың қызметі кезеңіндегі жауапты, нәтижелі жұмыстары үшін шынайы ризашылығымды білдіргім келеді.
Партия олардың орасан тәжірибесін пайдалануы тиіс екеніне сенімдімін. Мен депутаттардың көпшілігі қайта сайланады, ал кімнің мандаты аяқталса - партия бұл адамдар өздерінің тәжірибелерін атқарушы билік органдары мен біздің партияның органдарында пайдаланулары үшін қамқорлық танытады ғой деп ойлаймын.
Біздің мәслихаттардағы депутаттық топтарымыз, партияның өңірлік филиалдары өңірлерде Жол картасының, Тұрғындарды еңбекпен қамтудың жаңа стратегиясының орындалуы үшін адал еңбектенді.
Барлық өңірлерде тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық кешенін жаңғырту, жол жөндеу мен салу, қалалар мен ауылдарды абаттандыру бойынша біздің тарихымызда бұрын-соңды болмаған жұмыстар жүргізілді.
«Нұр Отан» партиясы Қазақстан халқы Ассамблеясымен, Қазақстанның кәсіподақтарымен, қоғамдық бірлестіктерімен барлық бағыттар бойынша тығыз жұмыс істеді.
Күрделі кезеңде біз тұрақтылықты, бейбітшілік пен келісімді көзіміздің қарашығындай сақтадық.
Бұл Қазақстан бүкіл әлемде айтса сенгісіз бедел мен құрметке қол жеткізген нәтиженің берік негізі болып табылады.
Біздің әлемдік аренадағы табыстарымыз - барлық жаңа тәуелсіз мемлекеттер үшін бірегей және теңдессіз.
Еуропа Кеңесінің Бас хатшысы Ягланд мырза таяудағы біздің әңгімеміз барысында «әлемдегі кез келген адам Қазақстанның өңірде ғана емес, сондай-ақ әлемдік аренада үлкен табысқа жеткенін айта алатынын» айрықша атап көрсеткен еді.
Бұл - сыртқы бақылаушының біздің жұмысымыз бен табыстарымызға берген шынайы бағасы. Мен біз үшін бұл ерекше жағымды ғой деп ойлаймын.
2010 жылы Қазақстан аса ірі халықаралық ұйым - ЕҚЫҰ-ны лайықты басқарды.
ЕҚЫҰ-ның Астана Саммиті біздің және бүкіл әлемдік тарихтың алтын парағының бірі болды.
Қазір, өте күрделі уақытта, біз Ислам Ынтымақтастығы Ұйымындағы төрағалық миссияны атқарудамыз.
Біздің еліміз жаһандық антиядролық қозғалыстағы көшбасшылық позициясын айтарлықтай нығайтты.
Біздің ядролық қарусыздану мен таратпау үдерісіне дәйекті қатысушы ретіндегі үлгіміз қазіргі әлемде ешқандай талас туғызбайды.
Біз, өздеріңіз білетіндей, идеясын 17 жыл бұрын мен ілгерілеткен еуразиялық интеграция саласында сапалық серпінділікке қол жеткіздік.
Қазақстан, Беларусь және Ресей Кеден одағы жұмыс істей бастады. Бір апта бұрын Мәскеуде 2012 жылдың 1 қаңтарынан бастап Біртұтас экономикалық кеңістік қалыптастыру туралы үш жақты уағдаластыққа қол қойылды.
Бұл қадам біздің Тәуелсіздігіміздің тағы бір кепілі болып табылады және біздің сыртқы экономикалық қауіпсіздігіміз бен өңірлік тұрақтылығымызды айтарлықтай нығайтады.
Айтылғандардың барлығы - біз 5 жыл бұрын жариялаған партия тұғырнамасын іс жүзінде орындаудың нақты нәтижесі.
Осылайша, «Нұр Отан» партиясы халық бірлігінің, елді тек қана алға - жаңа жеңістер мен асуларға шешімділікпен жетелейтін мұқалмас ерік-жігердің партиясы болды және болып қала береді!
Қымбатты қазақстандықтар!
Құрметті съезд делегаттары!
Біздің еліміз ауқымды модернизация дәуіріне аяқ басып келеді.
Біз жаһандық дамумен ортақ ырғаққа ендік. Елді дамытудың стратегиялық мақсаттары мен міндеттері тұтас ондаған жылдарға бұрын жасалған.
2017 жылға қарай экономиканың шикізаттық емес секторына инвестициялар 15 пайызға өседі.
ІЖӨ құрылымында өңдеуші өндірістің үлесі айтарлықтай артып, дайын өнім экспорты 40 пайызға ұлғаятын болады.
Өнеркәсіптегі еңбек өнімділігі бір жарым есе артады.
Металлургия және химия салаларындағы өндіріс көлемі екі еселенеді.
Біздің жеңіл өнеркәсіп өнімдеріміз ішкі рынок сұранысының үштен бірін қамтамасыз ететін болады.
Тұтастай алғанда, біз болашағымызды ХХІ ғасырдың басты сынақтарын қаперге ала отырып елестетеміз.
Бүгінде біз әлемдік дағдарыстың тіпті көптеген жылдар бойы даму мен тұрақтылықтың үлгісі саналған мемлекеттердің өзін қалай коррозияға ұшыратқанын көріп отырмыз.
2009 жылы-ақ мен әлемдік қаржы жүйесін реформалау бастамасын көтерген болатынмын.
«Дағдарыстан шығудың кілті» атты мақаламда мен дағдарысқа қарсы опаланған шаралар әлемді жаһандық дағдарыстың жаңа толқындарында опа бермейтінін жазған едім.
Және қазірде оқиғалардың дамуы мұндай бағамның әділдігін көрсетіп отыр.
Мен өзімді оптимистердің де, пессимистердің де қатарына қоспаймын.
Бүгінде жаһандық катаклизмдерге дағдарыс әлсіреткен экономикаларға мемлекеттік берешектің өсімі алып келуі ықтимал екені айқын.
Қаржы дағдарысы мен оған ере келген рецессиялар осал орта қалыптастырса, назар аударусыз қалдырылған тәуекелдер ертеңгі дағдарысқа айналады.
Еуропада не болып жатқанына қараңыздар.
Дефолт қатері Грекияның, Испанияның, Италияның, Португалияның алдында тұр.
Домино әсерінен қауіптенген Еуроодақ елдерінің басым бөлігі бүгінде белгілі бір деңгейде көмек сұрауға мәжбүр. Әлеуметтік проблемалар Америка Құрама Штаттарында, Австралияда өткір көрінуде.
Барлығына ауыр тиіп тұр.
Әлемдік дағдарыс, әрине, бізге де әсерін тигізетін болады. Және ол өткен кезеңдегідей біздің жоспарларымызға да түзету енгізуі ықтимал.
Сондықтан, барлық табыстарымызға қарамастан, біз кез келген күтпеген жағдайларға дайын болуға тиіспіз.
Қазіргі заманғы саясаттың басты мәселесі - мемлекеттің нақты бағдары туралы мәселе.
Ондаған елдердегі қазіргі мазасыз оқиғаларды, жалпылай алғанда, мемлекеттік құндылықтар дағдарысы деп атауға болады.
Әлем қоғамның басты игілігі құдды бір ақша болып табылатындай, айырбас пен жинақтау құралынан жалған «жоғары құндылықтарға» айналып, монетаризм идеясын елеусіз ғана «жұтып қойды».
Сондықтан, қазіргі мемлекеттерді сауықтыру - өлшеуге болмайтын арқаулық құндылықтарға қайта оралу.
Әділеттіліктен ауытқудың өзі әлемдік дағдарыстың түбегейлі себебі болып табылады.
Әділеттілікті қалпына келтіру дағдарыстан кейінгі әлемнің негізі болады.
Әділетті халықаралық қатынастар қажет.
Әділ әлемдік валютадағы әділ халықаралық қаржы жүйесі қажет.
Бай және кедей елдер арасындағы айырмашылық өсе түсуде.
Бүгінгі әлемде көптеген адамдар экономикаға толыққанды қатысу, әлемдік экономикалық өсудің барлық игіліктерін алу мүмкіндіктерінен айырылған.
Бұл тепе-теңсіздіктерге, әлеуметтік шиеленістер мен дау-жанжалдарға апарып соқтыруда.
Мен осыған дейін де айтып келгендей, Қазақстан ел азаматтарының экономикалық өсуге кеңінен қатысуына жол ашатын меншіктің ең жаңа құрылымын қалыптастыруға кірісті.
Халықтық ІРО жүйесі арқылы қазақстандықтар елдің стратегиялық активтерінің меншік иелері бола алады.
Оның не екенін халыққа түсіндіру қажет. Әлемдік деңгейде танылған ірі ұлттық компаниялар акцияларының бір бөлігін алу арқылы біздің азаматтарымыз еліміз байлығына иелік етіп, дивиденттер мен табыстар тауып тұра алады.
Келесі жылдың өзінде-ақ халықтық ІРО-ға алғашқы болып «ҚазТрансОйл», «KEGOK» және «Эйр Астана» шығады. Олардан соң қалған ірі ұлттық компаниялар да қосылады. Ал 2014-2015 жылдары «ҚазМұнайГаз» шығатын болады.
Халықтық ІРО бағдарламасы - әншейін жаңа бұқаралық жекешелендіру емес.
Ол лайықты өмір сүріп жатқан жаңа меншік иелерінің бұқаралық табын құру үдерісі.
Халықтық ІРО үшін сенімді құқықтық негіз қалыптастыру және дамыту Мәжілістің келесі құрамының бірінші кезекті міндеті болып табылады.
Мұның сыртында барлық құқық қорғау органдарындағы реформаларды тереңдетіп, жұмысты жалғастыру қажет.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті күшейте түсу керек.
«Нұр Отан» партиясы сыбайлас жемқорлықпен күрес жөніндегі үш жүзден астам қоғамдық кеңестердің жалпыұлттық желісін құрып, оған басшылық жасап отыр.
Азаматтардың бір мыңнан астам өтініштері қаралып, олардың көпшілігі бойынша қылмыстық істер қозғалды, нақты шенеуніктер жазаланды.
Біз сыбайлас жемқорлықпен күрес мәселесінде ымырасыз болуға тиіспіз.
Партия сыбайлас жемқорлыққа қарсы кең көлемді қозғалыстың басында болуға тиіс және болады да.
Білім беру мен денсаулық сақтаудың әділ жүйесі, әділ әлеуметтік қорғау, әділ жастар және тұрғын үй саясаты - бұлар біздің дамуымыздың жаңа күн тәртібіндегі мәселелер.
Олар «Ұлттық іс-қимылдар жоспары. Қазақстан. 2017-нің мақсаттарында» көрініс тапқан.
Біріншіден, білім беру саласында біз ата-аналар балаларының оқуына қаржы жинау үшін дер кезінде аша алатындай оқыту депозиттері жүйесін енгізуіміз керек.
Келесі бес жылда 3 мыңнан астам балабақшалар мен мектеп жасына дейінгілер үшін дамыту орталықтары ашылып, кемінде 400 жаңа мектеп салынады, әлемдік деңгейдегі кәсіптік колледждер желісін құру жөніндегі жоба жүзеге асырылады.
Барлық білім беру ұйымдарының 90 пайыздан астамын кең жолақты интернетке қосу, 60 пайызында электронды оқыту жүйесін енгізу міндетін алға қоямын.
Педагогтардың еңбекақылары олардың біліктілігіне байланысты 30 пайыздан 100 пайызға дейін өседі.
Екіншіден, денсаулық сақтау жүйесі үш жаңа дәрігерлік амбулаториялармен, елу емханалармен және фельдшерлік-акушерлік пункттермен толығатын болады.
Әр облыста авиацияны қолдану арқылы шұғыл көлік медицинасы енгізіледі. «Денсаулық» медициналық пойыздарының саны артады.
Сапалы медициналық қызметтер қолжетімді болу үшін барлық қазақстандықтарға бірдей жағдайлар туғызылады.
2017 жылға қарай ана мен бала өлімі көрсеткіші бір жарым есе төмендетіледі.
Үшіншіден, әділ әлеуметтік жүйе - бұл ең алдымен лайықты зейнетақылар мен әлеуметтік әлжуаз халыққа төленетін өтемақылар.
2017 жылға қарай арқаулық зейнетақы төлемдері мен атаулы әлеуметтік көмек ең төменгі күнкөріс деңгейінің кем дегенде 60 пайызын құрайтын болады.
Сонымен бірге, мүгедектер мен мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыларды ықтимал алушылардың өзге топтарының өз әлеуеттерін жүзеге асырулары үшін мүмкіндіктерді кеңейту жөнінен нақтылы жұмыс жүргізу қажет.
Таяудағы бес жылда несие сомасы 3 миллион теңгеге дейін жететін селолық кәсіпкерлерді шағын несиелеу бағдарламасы жүзеге асырылатын болады.
Сіздер «Жұмыспен қамту - 2020» бағдарламасының жүзеге асырылып жатқанын білесіздер. Еңбекке қабілетті азаматтар жұмыс істеуі керек. Бұл біздің негізгі көмегіміз. Мемлекет бүгінде көмек көрсетіп отыр. Ауылдық жерде іспен айналысқысы келетіндер үшін - ол 3 миллион теңгеге дейінгі шағын несиелер. Онда жұмыс істей алмайтындарды біз мемлекет есебінен қалаларда оқуға шақырамыз, оларды тұрғын үймен қамтамасыз етіп, жұмысқа орналастырамыз. Мұны түсіндіру керек. Бұл біздің жағдайымызда өте маңызды бағдарлама. Бізде өте көп мигранттар жұмыс істеуде. Қазақстанда жұмыссыздар саны мейлінше аз болуы тиіс. Ол үшін бізде барлық мүмкіндіктер бар. Бірақ, ең алдымен, адамның өзінің еңбек етіп, өзінің және өз отбасының тұрмысын жақсартуға деген ниеті болуы қажет.
2018 жылы Қазақстан тұрғындарының табыс деңгейі жоғары елдер тобына енуі тиіс.
Төртіншіден, алдағы бес жылда 24 миллион шаршы метрден кем емес тұрғын үй құрылысын қамтамасыз ету қажет.
Жергілікті әкімдіктерге азаматтардың, әсіресе, жас отбасылардың тұрғын үй жинақ салымдарына қымбат емес тұрғын үй құрылысын жүргізуіне қолдау көрсетілетін болады.
Біз қалаймыз ба, әлде қаламаймыз ба, ауылдан қалаға көшу жүріп жатыр. Ол жалғаса беретін болады. Негізінен олар орнықты жағдайы, ешқандай мамандықтары жоқ жастар. Біздің міндетіміз барлық жерлерде, барлық қалаларда, облыстарда, өңірлерде олардың белгілі бір жерлерде өмір сүріп, осы бағдарлама бойынша мамандықтарға оқып және іске араласуына жағдайлар жасау.
Тұрғын үй тақырыбын жалғастыра отырып, аз қамтамасыз етілген азаматтардың жөндеу жұмыстарына атаулы көмек және құрылыс жүргізуге мақсатты жарналар алатындығын айтқым келеді.
2017 жылға қарай қалалардың бәрі орталық сумен жабдықтаумен 90 пайыз қамтамасыз етіледі, 30 мыңнан астам коммуналдық желілер қайта жаңғыртылады.
Біздің елімізде коммуналдық істер бойынша ешқашан мұндай көлемде жұмыс жүргізілген емес.
Бесіншіден, әділ жастар саясаты жас қазақстандықтардың индустрияландыру бағдарламаларына белсенді атсалысуына негізделетін болады.
Біз жас мамандарға, жас отбасыларға қолдау көрсету бағдарламасын жүзеге асырудамыз.
Қарулы Күштерде, полицияда және өзге де құқық қорғау органдарында қызмет арқылы Отанға қызмет ету мамандығын таңдаған жастарға тұрақты қамқорлық жасау - айрықша мәселе.
Біз бұл жерде әскери қызметшілер отбасылары үшін орын алған тұрғын үй проблемаларын толық жабуға тиіспіз.
Бұл аспектілердің бәрі біздің сайлауалды бағдарламамызға енгізілген. Оларды нақтыландыру менің келесі жылғы Жолдауымда одан әрі дамытылатын болады.
«Нұр Отан» партиясының «Халық дауысы» акциясына атсалысқан бір миллионнан астам қазақстандықтар Ұлттық іс-қимылдар жоспарының тең авторларына айналды.
Біздің партиямыз - халықтық-демократиялық, сондықтан ол барлық қазақстандықтардың мүдделерін бейнелейді.
Біздің ендігі борышымыз - барлық кезде де әділдік партиясы болып қалу.
Өйткені, ол «Нұр Отан» партиясының ұзақ мерзімді саяси көшбасшылығының, қазақстандық сайлаушылар сенімдерінің жоғары деңгейін бүтіндей ондаған жылдар алға оза отырып ұстап тұрудың басты кезеңі және негізгі шарты.
Құрметті делегаттар!
Алда тұрған Мәжіліс сайлауы - саяси жүйені модернизациялаудағы маңызды қадам.
Орталық мемлекеттік билік органдарын жаңарту үдерісі Мәжіліс пен мәслихаттардан басталады.
Сондықтан парламентшілердің мерзімінен бұрын сайлау өткізу туралы бастамасы терең құрметке лайық.
Сайлаушылардың ерік білдіруі арқылы 2007 жылғы конституциялық реформаның маңызды нормасы мерзімінен бұрын жүзеге асырылатын болады.
Дауыс беру қорытындысы бойынша алғаш рет кемінде 2 партиялық фракцияның қатысуымен, көп партиялы негізде жұмыс істейтін Парламент қалыптастырылады.
Одан соң жаңа Үкімет жасақталып, министрліктер мен ведомстволар сапалық тұрғыда жаңарады.
Осылардың бәрі барлық саяси партиялардың жауапкершілік деңгейін арттыра түседі.
Бүгінде жаңа жағдайлардағы саяси бәсекелестік мағынасының неде екенін айқын түсінудің маңызы зор.
Егер әлемге көз салар болсақ, ХХІ ғасырда табысты партияның күші оның әккілікпен сынай білуінде емес.
Партияның күші - оның жұртшылықты сынақтар соқпағынан алып өту, тұрақтылық пен халық бірлігін нығайта білу қабілетінде.
«Нұр Отан» - осындай партия.
Біз оны өз тарихымызбен, өзіміздің Қазақстан үшін және қазақстандықтардың игілігі үшін тынымсыз атқарған жұмысымызбен дәлелдедік.
Сонымен бірге Саяси кеңес Бюросынан бастап, бастауыш ұйымға дейін - бәрінің де саяси жұмыстардың жаңа формаларын меңгерулері керек.
Бірінші. Біздің партияда кадр саясатының айқын жүйесі болуы тиіс.
Аудан мен облыс департаменті басшысынан бастап министрге дейінгі мемлекеттік менеджерлердің жауапты қызметтеріне кадрлар іріктеудегі партияның рөлін күшейту қажет.
Екінші. «Нұр Отан» партиясы стратегиялық мемлекеттік бастамалар жасаудың орталығы болуға тиіс.
Маңызды заңдар мен бағдарламалар жобаларының партия алаңдарында - съездер мен конференцияларда, Саяси кеңестің кеңейтілген отырыстарында алдын-ала талқылануының маңызы зор деп есептеймін.
Үшінші. Партия басшылығы мен оның Парламенттегі фракциясы қызметінің біртұтас алгоритмі қажет.
Барлық мәслихаттардағы нұротандық депутаттар жұмыстарын үйлестірудің айқын жүйесі болу керек.
Төртінші. Жаңа тұғырнаманың орындалуы партия басшылығының қатаң бақылауында болуы тиіс.
Орталық аппаратта индустрияландырудың, әлеуметтік модернизациялаудың, тұрғын үй саясатының, жастармен, ардагерлермен, ҮЕҰ-лар және басқалармен жұмыстардың маңызды бағыттары мен жобалары бойынша кураторлар институтын құру қажет.
Бесінші. Электораттық кезеңде «Нұр Отан» партиясы өзге саяси партиялармен, кәсіподақтармен және ҮЕҰ-лармен ынтымақтастық туралы сайлауалды меморандумы сияқты құралдарды пайдалануы керек.
Мен осы сайлауға қатысатын барлық саяси партиялар халық алдындағы, ел алдындағы, әлемдік тарихтың күрделі кезеңі алдындағы және дағдарыс алдындағы жоғары жауапкершілікті басшылыққа алып, біздің қоғамымыздағы тұрақтылықты, тыныштықты сақтау үшін ынтымақтастық танытып, саяси күресте нақтылы және әдепті болады деген сенім білдіргім келеді.
Президент ретінде мен жаңа Парламентте де және біздің елімізде де өкілдікке ие барлық саяси күштермен жұмыс істейтін боламын.
Барлық парламенттік партиялардың жемісті жұмыс істейтініне, тек қана біздің Отанымыздың ұлттық мүдделерін басшылыққа алатынына сенімдімін.
Біздің халқымызға, біздің ырғақты дамып келе жатқан елімізге керегі де дәл осы.
Қымбатты достар!
Ұлы күн - Тәуелсіздіктің 20 жылдығына аз ғана күндер қалды.
Мен барлық делегаттарды, барлық нұротандықтарды алда келе жатқан мерейтоймен алдын-ала құттықтаймын!
ХХІ ғасырда тек күшті мемлекеттер ғана табысты дами алады.
Көшбасшы саяси партия ретінде «Нұр Отан» елдің болашағы, қоғамдағы тұрақтылық пен алдағы ондаған жылдарға арналған саяси бағыттың сабақтастығы үшін жауапкершілікті өз мойнына алады.
Сіздердің бәріңіз осы жылдар бойы менің командам болдыңыздар. Сіздердің көпшілігіңізді мен ұзақ жылдардан бері білемін. Мен сіздерге сендім және сенемін және әрқайсыңызға үлкен міндеттер жүктеймін!
Уақыттың өзі бізден бірлікті талап етіп отырған бүгінгі күні командалық рух пен топтасқандық өте маңызды.
Тек солай ғана біз болашаққа, жаңа жеңістерге, жаңа табыстарға бара аламыз!
Алға, «Нұр Отан»!
Алға, Қазақстан!
Құрметті съезд делегаттары!
Қадірлі қанаттастарым!
Біздің алдымызда елімізді асқар асуларға бастайтын тарихи маңызы зор тағдырлы шешімдер қабылдау міндеті тұр.
Мен «Нұр Отан» партиясының ХІV съезі жаңа кезеңге бетбұрыс бастауы болады деп үміт артамын.
Біздің қуатымыз - бірлікте.
Біз берік бірлігіміз бен бекем тірлігіміз арқылы ұлан-ғайыр жетістікке қол жеткіздік.
Алдағы уақытта да иық тіресе жүріп, биік белестерді бірге бағындыра беретінімізге сенемін.
Біздің бағытымыз айқын, болашағымыз жарқын.
Ендеше, осы жолда баршаңызға толайым табыстар тілеймін.
Тәуелсіздігіміз тұғырлы, елдігіміз ғұмырлы болсын!
Алға, Қазақстан!
«Егемен Қазақстан» газеті, 2011 жылғы 26 қараша.