Нұрсұлтан Назарбаев: Жаңа экономика құруымыз қажет
«Бізде кеннің барлық түрі бар. Сол байлықты қолданып, өсіп жатырмыз. Бірақ, біз басқа экономиканы құрмасақ, артта қалып қоятындығымыз белгілі болды. Мұнайдың да, газдың да, темірдің де, көмірдің де бағасы біресе жоғарлап, біресе төмендеп, экономикаға қиын болатындығын көрдік. Сондықтан 2-ші бесжылдықтың индустриалдық бағдарламасын жасап жатырмыз. Ол да керек. Ал болашақта жердің байлығы өкінішке орай, таусылатын болады. Сондықтан біз жаңа экономика құруымыз қажет»,- деді Елбасы.
Осы ретте, Президент бүгінгі жалпыұлттық телекөпір барысында іске қосылған 28 нысан сол жаңа экономиканың негізі екендігін баса айтты.
«Мұның барлығын теледидар, ақпарат құралдары арқылы халыққа жеткізуіміз керек. Бұл біздің мамандардың, халықтың, елдің істеп жатқан үлкен еңбегі», -деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы бүгін «Парыз», «Алтын сапа» және «Қазақстанның үздік тауары» ұлттық конкурстарының жеңімпаздары жыл сайын марапатталатындығын атап өтті.
«Ол дұрыс деп санаймын. Осыған қарап сап түзеп, басқа өндірістер де өсіп-өркендей береді деп сенеміз. Біз кәсібін ілгерілетіп алға шыққан кәсіпорындарды атап, қошеметтегеніміз дұрыс деп есептейміз. Барлық жерде де солай істеу керек», - деді Мемлекет басшысы.