Нұрсұлтан Назарбаевтың көшбасшылық көптеген қасиеттері бойына анасынан сіңген

ол біздің Мемлекет басшысының көшбасшылық көптеген қасиеттері анасынан дарығанын айтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Нұрсұлтан Назарбаев 1940 жылғы шілденің 6-сында Алматы облысындағы Қаскелең ауданының Шамалған ауылында дүниеге келді, - деп бастады ҚР Президентінің ұстазы өз әңгімесін, - бастауыш білімді ол өз ауылы Шамалғанда алды, бірақ та ауылда қазақ сыныбы жабылғаннан кейін Нұрсұлтанның анасы - Әлжан-апа ұлының болашағы туралы көп ойланды. Өйткені, ол қайткенде де ұлына орта білім беруді мақсат тұтты. Сондықтан да аудан орталығында - Қаскелеңге оқытуға ұйғарды. Нұрсұлтанның зеректігін байқаған Әлжан-апа сабақты ыждағатпен оқу үшін жатақханаға емес, туысы Сабырханның үйіне жатқызды. Сол уақытта Абай атындағы мектепке Шамалған ауылынан алты ұл және бір қыз келді, солардың ішінде Нұрсұлтан Назарбаев та бар еді. Осы балалардың үшеуі - Сәдуақас Есенбаев, Қыдырғали Тайбеков және Сағымбек Көшекбаев Нұрсұлтанмен бір сыныпта оқыды. Олардың ата-аналары да бір-бірімен араласып тұратын. Ол көшбасшылық қасиеттерді аса сүйіспеншілікпен қымбат көретін анасынан дарытқанын айтпай кетуге болмайды, ол сөзге шешен, айналасын өзіне үйіріп алатын көпшіл адам болатын, ән салатын, әзілге шебер еді, ал еңбекқорлық, табандылық пен сырбаздықты әкесі - қарапайым бақташы Әбіштен үйренді. Кішкентай күндерінен Сұлтан елгезек бала болды. Үй жануарларын жақсы күтіп-бағатын, астықты алқаптарда егіншілерге де көмектесті. Әкесі Нұрсұлтанның музыкаға әуестігін байқады, шекесі шылқыған бай болмаса да, шағын отбасы бюджетін қағыстырып, ұлына гармонь сатып әперді және домбыра жасап берді. Балалар биге, киноға барып жүргенде Нұрсұлтан бәріне үлгі болды, күреспен айналысты, жақсы ән салатын, гармонь мен домбырада ойнайтын. Талантты балаларды ұйымдастырып үгіт бригадасын құрды, олар біздің оқушлардың ата-аналары тұратын ұжымшарларға шығып тұрды. Онда мұғалімдер ата-аналар жиналыстарын өткізді, содан кейін шәкірттерімен бірге концерттер ұйымдастырды. Осындайда мұндай шаралардың басты ұйымдастырушысы Нұрсұлтан болды. Бала кезде құрбылары көптеген балаларға лақап ат қоятын, Нұрсұлтанда мұнай лақап есім болған жоқ. Шамасы, ол құрбыларының арасында зор беделге ие болғандығынан болуы керек, достары оны - Нұреке деп атайтын.
Нұрсұлтанның мектептегі алғашқы күнінен құрбы-құрдастары оның бойындағы тілтапқыштық, іскерлік, жауапкершілік, зейінділік, саяси сауаттылық, ұйымдастырушылық және құрбыларын соңынан ерте білу сияқты көшбасшылық сапаларды байқады. Сондықтан да 1957 жылы қазанда Нұрсұлтанды мектеп комсомол ұйымының хатшысы етіп сайлады.
Нұрсұлтан барлық оқушылардан гөрі маған жақын болды. Мен онда мектеп партия ұйымының хатшысы болатынмын, ал ол - комсомол хатшысы. Мен әрқашан да оның көмегін сезініп отырдым. Сондықтан да ол менің сүйікті оқушым ғана емес, сенімді көмекшім болды. Ол кітап оқуға құмар болатын. Мектепті үздік бітіріп, алтын медальға ұсынылды. Мектептен кейін комсомолдардың алғашқы легімен Қарағандыға, металлургия зауытының құрылысына аттанды. Еңбек жолын Қарағанды облысындағы Теміртау қаласында «Қазметаллургқұрылыс» тресінде жұмысшы болып бастады. Одан кейін Қарағанды металлургия комбинатында шойын құюшы, домна пешінің балқытушысы, диспетчер, газ маманы, домна цехының бас газ маманы болды. Таңдаулы жұмысшылардың бірі ретінде Украинаға оқуға жіберілді. Ол қайда оқыса да, қандай жұмысқа жіберілсе де, барлық жерде де іске бекем, өз ісіне жауапты болды. 1969 жылы Назарбаевқа Теміртау қаласындағы қалалық партия комитетінің өнеркәсіп бөлімін басқару ұсынылды, көп ұзамай БЛКЖО қалалық комитетінің бірінші хатшысы, 1971 жылы қалалық партия комитетінің екінші хатшысы, ал 1973 жылы Қарағанды металлургия комбинаты партия комитетінің хатшысы болды. 1977-1979 жылдарда СОКП Қарағанды облыстық комитетінің хатшысы, екінші хатшысы болып жұмыс істеді. 1979-1984 жылдары Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің хатшысы. 1984-1989 жылдары - Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің төрағасы. Оныншы және он бірінші сайланған КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты, 1989 жылы КСРО халық депутаты болып сайланды. 1989-1991 жылдары Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы, 1990 жылғы ақпан-сәуір аралығында Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің төрағасы қызметін атқарды. 1990 жылғы сәуірде Жоғарғы Кеңестің сессиясында Қазақ КСР Президенті болып сайланды. 1991 жылғы желтоқсанның 1-інде бүкілхалықтық сайлауда Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті болып сайланды. 1995 жылғы сәуірде бүкілхалықтық референдум барысында Нұрсұлтан Назарбаевтың президенттік өкілдігі 2000 жылға дейін ұзартылды. 1999 жылғы қаңтардың 10-ында мерзімінен бұрын президенттік сайлауда ол қайтадан Қазақстан Республикасының Президенті болып сайланды (2006 жылғы желтоқсанның 3-іне дейін). 2005 жылғы желтоқсанның 4-інде сайлаушылардың 91,5 пайыз дауысын алып, Қазақстан Республикасының Президенті болып қайта сайланды.
Қазір Нұрсұлтан экономика ғылымдарының докторы, академик. Бірқатар елдердің жоғары наградаларына ие болды. Президенттің біздің халқымыз үшін жасаған барлық істері мен жетістіктерін санап тауыса алмайсың. Аллаһ оған қуат берсін! Сонда біздің Қазақстан әлемдік экономика дағдарысынан да аман-есен шығып, алға қойған міндеттерге қол жеткізеді», - деп әңгімесін аяқтады ҚР Президентінің сүйікті ұстазы Сейітхан Исаев.