Nursultan Nazarbayev International Airport - Астана әуежайының маңдайша жазуы өзгерді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Елорда әуежайының ғимаратына Nursultan Nazarbayev International Airport жазуын іліп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Агенттік тілшісіне әуежайдан хабарлағанындай, жазба ұшу-қону жолағы жақ бетіне орнатылған. Сонымен қатар дәл осындай жазба терминалға кірер бетінде де орнатылатын болады. Айта кетерлігі, жазба қазақ және ағылшын тілдерінде жазылады.

Естеріңізге сала кетсек, Астананың халықаралық әуежайының атауы осыдан біраз уақыт бұрын «Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы» болып өзгерген еді. Қазақстан Үкіметінің сәйкес қаулысы 2017 жылдың 21 маусым күнінде жалпыұлттық «Егемен Қазақстан» және «Казахстанская правда» газеттерінде жарияланды.

Сәл кейінірек Елбасы «Россия 24» телеарнасының тілшісіне берген сұхбатында Президенттің құрметіне Астана әуежайының атауын өзгерту бастамасына қатысты пікір білдірді.

«Бұл менің бастамам емес. Мен ылғи да бұндай бастамаларға қарсы болып келдім. Бірақ бұндай ұсыныс қайта-қайта алдымнан шыға береді. Соған қарағанда, адамдар атқарылған жұмысты көріп, соған ризашылығы мен алғысын білдіргісі келетін секілді, - деді Президент Нұрсұлтан Назарбаев.
null 

«Кез келген саясаткер, Мемлекет басшысы тарихта атқарған ісімен қалуы керек. Баға беретін біздің буын емес, келер ұрпақ. Мен ұлы философ, Рим императоры Марк Аврелийдің «Сіздің неге әлі күнге ескерткішіңіз жоқ?» деген сұраққа: «Мен кейін адамдар мына ескерткіш кімнің ескерткіші деп сұрағанын қаламаймын. Керісінше, «мына адамға неге әлі ескерткіш қойылмаған?» - деп сұрағанын қалаймын», - деген жауабын жиі есіме аламын».

Іргетасы сонау 1937 жылы қаланған Қазақстан астанасының әуежайы 86 жылдың ішінде ең шағын ұшақтардан бастап, кез келген ауа райына қарамастан әуе кемесінің кез келген түріне қызмет көрсете алатын алып нысанға айналды.

Соңғы жаңалықтар
telegram