Нұртас Адамбай дауыл төніп келе жатқан Майамидің жай-күйін баян етті

АСТАНА. ҚазАқпарат - Белгілі қазақстандық актер, режиссер әрі продюсер Нұртас Адамбай өзінің Майамиге сапары жайлы айтып берді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Нұртас Адамбай дауыл төніп келе жатқан Майамидің жай-күйін баян етті

«Кеше Майамидің Винвуд қаласы күтпеген жерден алматылық студенттерді қарсы алды. Олар үйлеріне 7-сі күні қайтатындықтарын айтты. Ұшып үлгереді деп үміттенемін. Олардың есімдерін де сұрамаппыз. Ол жаққа төніп келе жатқан дауылдың қаншалықты қауіпті екенін біз алғашқыда түсінген жоқпыз. Сол күні түнде әуежайдан тағы да Астана қаласының студенттерін кездестірдік. Олардың рейстерін 8-іне ауыстырыпты. Біз олардың жалға көлік алып, ол жерден дереу кетулеріне кеңес бердік», - деп жазды ол Фейсбуктегі парақшасында.

«Біздің жолымыз болды, кептеліс басталғанға дейін шығып үлгердік. Менің досым Темір Хан сонда қалып қойды. Табиғи апаттың басылуын күте тұратындығын айтты. Алайда, ертесінде қоңырау шалып, қайтуға шешім қабылдағанын білдірді. Бәрі жақсы аяқталады деп сенемін», - деді Нұртас Адамбаев.

«Дүкендерде су жоқ, көшелерде ешкім жүрмейді. Терезелер мен сөрелер металл қалқандармен жабылған. Құм толы қаптар тегін үлестіріліп жатыр. Онда қалған достар, абайлаңыздар!», - деп жазды ол.

Айта кетейік, Майамиге «Ирма» дауылы жылжып келеді. Майами мэрі Фил Левайн қалада эвакуация жариялап, «Ирманы» ядролық дауыл деп атады. Левайн CNN-ге берген сұхбатында қазір батырсынудың уақыты емес, халықты дереу қауіпсіз аймаққа көшіруді бастау керектігін айтты. БАҚ мәліметтерінше, Майами және Форт-Лодердейл қалаларына айтарлықтай қауіп төніп тұр.