Нұртай Әбіқаев Шекара қызметінің екі әскери бөліміне Әскери тулар тапсырды
Жалпы, Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні қарсаңында Шекара қызметінің 6 бөлімшесіне Әскери тулардың тапсырылғандығын атап өткен орынды.
Астанадағы Шекара қызметі Орталық аппаратының саптық алаңында Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың әскери туларды тапсыру туралы грамотасы оқылды. Соның негізінде Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Нұртай Әбіқаев №2456 әскери бөлімінің басшысы полковник Дархан Ділмановқа және №2026 әскери бөлімінің командирі подполковник Нұрғали Нұрмановқа батырлық пен ерліктің, ар мен намыстың символы саналатын Әскери туларды салтанатты жағдайда тапсырды.
ҰҚК төрағасы Нұртай Әбіқаев шекарашы сарбаздарды алда келе жатқан Тәуелсіздік күнімен құттықтап, бүгінгідей салтанатты шараның мән-мағынасына тоқталды.
- Әскери тудың тапсыру салтанатымен Сіздерді шын көңілден құттықтаймын, - деді Комитет басшысы. " Жауапты қызметтеріңізде қашанда табыстан табысқа жете беріңіздер! Еліміз аман, шекарамыз тыныш болсын!"
Іс-шара соңында шекара бөлімдері салтанатты түрде жүріп өтті, деп хабарлайды ҚР ҰҚК ШҚ баспасөз қызметі.