Нұржамал шақырады: Халық әртісі тыңдарманға есеп береді

АСТАНА. KAZINFORM – Ертең Қазақстан мен Татарстанның Халық әртісі Нұржамал Үсенбаеваның шығармашылық кеші өтеді. «Нұржамал шақырады» атты концертте тыңдармандарды не күтіп тұр? «Бүгін LIVE» студиясында қонақ болған әншінің өзі жауап берді.

Нұржамал Үсенбаева
Фото: Видеодан алынған скрин

Шығармашылық кеш Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармонияның концерт залында ұйымдастырылмақ. ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты бұл концерттің өзі үшін өте маңызды екенін айтты.

– Ертең - менің туған күнім. Бірақ мен үшін ең маңыздысы – ертең Астана филармониясының концерт залында өтетін жеке концертім. Осы кешке менің әріптес-досым Филип Банджак арнайы Прага қаласынан келді. Мен жыл сайын туған күнімді осылай сахнада, тыңдармандармен бірге қарсы аламын. Бұл мен үшін өте маңызды. Өйткені мен өз тыңдармандарымның және өзімнің алдымда есеп беремін, – дейді Қазақстанның халық әртісі.

Кеште чехиялық баритон Филип Банджак та өнер көрсетеді. Әнші қазақ тілінде өнер көрсетеді екен.

 Филип Банджак
Фото: Видеодан алынған скрин

– Бұл концертке мен әлемдегі ең танымал опера әндерін таңдадым. Атап айтқанда, Фигароның әні, Дон Жуаннан үзінді және белгілі композитор Төлеген Мұхамеджановтың «Отан» әнін қазақ тілінде орындаймын. Қазақ тілі көп тілдерге ұқсамайды. Оны дұрыс айту, дыбыстау біраз қиындық тудырады. Дегенмен, кейбір дыбыстары чех тіліне ұқсайды, – дейді кеш қонағы.

Нұржамал Үсенбаева концертте жаңа туындыларын тыңдарман назарына ұсынбақ.

– Филип екеуміз бұл концертке күн сайын дайындаламыз. Концерт симфониялық оркестрдің сүйемелдеуімен өтеді. Дирижері – Абзал Мұхитдинов. Филармонияның барлық ұжымы осы концертке қатысады. Сонымен қатар, концерт барысында әлемдік опера репертуарынан да шығармалар орындалады. Және мен өзімнің жаңа туындыларымды да орындаймын. Бұл шығармаларды сахнаға шығаруды бұрыннан армандап, өзіме мақсат етіп қойған едім. Сахнаға шығар алдында үнемі қобалжып, «қалай болады екен» деп уайымдайсың. Өйткені мен кәсіби деңгей қандай жоғары болу керегін жақсы білемін. Сол деңгейден түспеуге тырысамын. Ол үшін күнделікті еңбек пен үздіксіз ізденіс қажет.

«Бүгін LIVE» бағдарламасына сұхбат берген Филип Банджак әріптесі Нұржамал Үсенбаеваның өнері туралы пікір білдірді.

– Біз Нұржамал Үсенбаевамен көптеген жылдар бойы бірге жұмыс істеп келеміз. Ол – тамаша адам әрі тамаша әнші. Онымен бірге жұмыс істеп жүргеніме өте қуаныштымын. Мен оның дауысын бұрыннан білемін. Адамның дауысы өмір жолында өзгеруі мүмкін. Бірақ мен жас кезімде естіген Нұржамал Үсенбаеваның дауысы қазір де сол қалпында – еш өзгермеген, әлі де өте әдемі, – дейді ол.

Айта кетейік, биыл Нью-Йорктің әйгілі сахнасы Madison Square Garden-де Димаштың концерті өтеді.

Соңғы жаңалықтар