Нұржан Нұржігітов әкім кезіндегі орынбасарын министрлікке не үшін алып келді
Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Жамбыл облысының әкімі болған кездегі орынбасары Ерболат Ыбрайхановты министрлікке неге алып келгенін түсіндірді, деп хабарлайды Kazinform.

«Бүгінгі таңда біздің министрлік бойынша тариф саясаты өткір тұр. Бізге жылдам шешім қабылдау керек. Ерболат Мақсұтұлы Ыбрайхановтың дәл осы тариф саясатында тәжірибесі өте үлкен – 17 жыл. Онымен Жамбыл облысында бірге жұмыс істеген екі айда оның кәсібилігі өңірдегі тариф мәселесінде өте жақсы көмектесті. Оның ішінде энергетика саласындағы, жылу, су беру саласындағы еңбекақы мәселесі де бар. Кейбір кәсіпорындарда Е. Ыбрайханов жүргізген жұмыстың арқасында айлық 50 пайызға дейін өсті. Одан кейін құрылыс саласына жетекшілік етті. Онда да тиімді жұмыс істеді.
Яғни, оның менімен бірге министрлікке келуі командалық ауыс-түйіс емес, оның кәсіби қасиеттеріне байланысты болды», – деді министр.
Сондай-ақ Н.Нұржігітов өзімен бірге Жамбыл облысында жұмыс істеген кадрлардың бәрі жаңа құрылған министрлікке келмейтінін айтты.
«Міндетті түрдегі командалық ауысу болмайды. Қазір менімен бірге тек көмекшім ғана келді. Оның бәрі заң аясында реттелген. Меритократия принципі міндетті түрде сақталады. Қазір министрліктің жаңа құрылымын қарап жатырмыз. Бүгінгі таңда бұрынғы Экология министрлігінен бірнеше адам бізге ауысып келеді. Сол азаматтар кәсіби мамандар болса, міндетті түрде жоғары лауазымдарға тағайындалады деп айтуға болады», – деді ведомство басшысы.