Нығматулин Алматы облысы халқына Жолдаудың басым бағыттарын түсіндірді

Жүздесу барысында Мәжіліс төрағасы Елбасының билік тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлу туралы Үндеуі мен жыл сайынғы дәстүрлі Жолдауы жайында баяндады.
Нұрлан Нығматулин атап өткендей, бұл екі құжат шын мәнінде Қазақстанымыздың алдағы даму жолының стратегиялық Жоспары. Ұсынылып отырған басқару реформасы Елбасының болашақты ойлайтын, дана саясатының тағы бір нақты көрсеткіші.
Сонымен бірге, бұл Президенттің демократиялық ұстанымды күшейту жолындағы тарихи шешімі.
Ал, Елбасының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауы еліміздің тарихи белесін бастаған өте маңызды құжат.
«Онда Елбасымыз Қазақстан дамуының жаңа бағыттарын белгілеп берді. Әсіресе, ұлттық экономиканы көтеруге ерекше көңіл бөлді. Бұл ең алдымен халықтың әлеуметтік жағдайын күшейтуге ықпал етеді», - деді Мәжіліс төрағасы.
Одан әрі палата спикері Жолдаудың әрбір басымдықтарына, болашақ мақсаттарға тоқталды. Оны жүзеге асыруға белсене қатысу әрбір қазақстандықтың абыройлы міндеті екенін айтты.
Өз кезегінде зауыт жұмысшылары да Елбасының стратегиялық бастамаларын толықтай қолдайтындығын білдірді.
«Aluminium of Kazakhstan» ЖШС - алюминий профильдерін өндіретін толық циклді жоғары технологиялық зауыт. Зауыт құю цехінен, 1540 және 2400 қысқа тоннаға арналған екі престен тұрады. Зауыттың жалпы ауданы шамамен 14 000 м2 құрайды. Технологиялық үдеріс бастапқы алюминийді өңдеу арқылы дайын өнімнің 280 атауынан астамын өндіруге мүмкіндік береді. Зауыт жылына 12 000 тоннаға дейін өнім шығарады.
Кездесу барысында Мәжіліс Спикері жиналғандардың сұрақтарына жауап беріп, ауқымды мәселелер бойынша пікір алмасты.
Айта кетейік, Мәжіліс депутаттары Жолдаудың мақсат-міндетін халыққа жеткізу, түсіндіру, насихаттау мақсатында аймақтарды аралап, тек облыс орталықтарын ғана емес, әрбір ауылды, шалғайдағы елді мекендерді де қамтуда.