NYT: АҚШ-тың Венесуэлаға жасаған шабуылы салдарынан кемінде 40 адам қаза тапты
АСТАНА. KAZINFORM — 3 қаңтар күні АҚШ-тың Венесуэланың астанасы Каракасқа жасаған шабуылы салдарынан бейбіт тұрғындарды қоса алғанда, кемінде 40 адам қаза тапты. Бұл туралы The New York Times газеті Венесуэланың жоғары лауазымды шенеунігіне сілтеме жасап хабарлады.
Оның мәліметінше, 3 қаңтардағы АҚШ әрекеттерінің нәтижесінде Венесуэлада «әскери қызметкерлер мен бейбіт азаматтарды қоса алғанда, кемінде 40 адам көз жұмған».
АҚШ президенті Дональд Трамп АҚШ-тың Венесуэлаға ауқымды соққылар жасағанын растады. Сонымен қатар ол республика басшысы Николас Мадуро мен оның жұбайының ұсталып, елден шығарылғанын мәлімдеді.
Еске сала кетсек, АҚШ Венесуэлаға және оның көшбасшысы, президент Николас Мадуроға қарсы ауқымды операцияны сәтті жүргізді. Нәтижесінде Мадуро жұбайымен бірге ұсталып, елден эвакуацияланды.
Венесуэла президенті Николас Мадуро мен оның әйелі Силия Флореске наркотерроризмге қатысты, атап айтқанда кокаин әкелу, пулеметтер мен жарылғыш құрылғыларды сақтау, АҚШ-қа қарсы пулеметтер мен жарылғыш құрылғыларды иемдену үшін сөз байласу айыптары тағылды.
Ал Ұлыбритания премьер-министрі Кир Стармер өз елінің АҚШ-тың Венесуэладағы әскери операцияға ешқалай араласпағанын мәлімдеді.
Әскери операциядан соң Дональд Трамп АҚШ Венесуэланы басқаратынын айтты. Ал Венесуэла вице-президенті Делси Родригес АҚШ-тан Николас Мадуроны дереу босатуды талап етіп, «Венесуэла ешбір елдің отары болмайды» деп мәлімдеді.
Қазіргі таңда Мадуро мен оның жұбайы арнайы ұшақпен Нью-Йорк штатына жеткізіліп, уақытша тергеу изоляторына қамалды.