Нью-Йорк полициясы қолдан жасалған үшінші жарылғыш құрылғыны анықтады
АСТАНА. KAZINFORM -Жексенбі күні Нью-Йорк полициясы күмәнді үшінші құрылғының табылғанын мәлім етті. Бұл туралы Kazinform агенттігінің Вашингтондағы меншікті тілшісі FOX News-ке сілтеме жасап хабарлады.
Құқық қорғау органдарының қызметкерлері күмәнді құрылғыны Ист-Энд-авеню көшесіндегі 81 және 82-көшелер аралығында тұрған автокөліктен тапқан. Саперлер қауіп деңгейін тексергенше, жақын маңдағы ғимараттардан адамдар уақытша эвакуацияланды.
Бұған дейін сенбі күні таңертең Ист-Энд-авеню мен 87-ші Ист-стрит маңында наразылық акциялары өткен. Бұл аумақ Грейси-мэншн — Зоран Мамданидің, яғни Нью-Йорк мэрінің ресми резиденциясына жақын орналасқан.
ФБР-дың мәліметінше, сол жерде екі қолдан жасалған жарылғыш құрылғы табылған.
Наразылық акцияларының бірін оңшыл белсенді, ақ нәсілдің үстемдігін жақтайтын Джейк Лэнг мұсылмандардың көпшілік алдында намаз оқуына қарсылық ретінде ұйымдастырған. Оқиға орнына қарсы тараптағы наразылық білдірушілер де жиналған. Полиция бұрыш газын қолданғаннан кейін жағдай шиеленісе түскен.
Билік өкілдерінің айтуынша, екі қарсы наразылық білдіруші жарылғыш құрылғыларды өртеп, оларды шеруге қатысушыларға қарай лақтырған. Күдіктілер — 18 жастағы Эмир Балат және 19 жастағы Ибрагим Каюми ұсталды.
Тергеу барысында жарылғыш құрылғы салынған көлік күдіктілердің бірінің туысына тіркелгені анықталды. Қазір іс бойынша тергеу жүріп жатыр.
Осыған дейін ұлы депрессиядан бері алғаш рет АҚШ-тан кеткен адамдар саны келгендерден көп болғаны туралы жаздық.