Нью-Йоркте БҰҰ Бас Ассамблеясының 79-шы сессиясы ашылады

АСТАНА. KAZINFORM – 10 қыркүйек күні Нью-Йоркте Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының 79-шы сессиясы ашылады. Бұл туралы БҰҰ баспасөз қызметі хабар таратты.

БҰҰ
Фото: un.org/ru/aboutun

Сессияның негізгі тақырыбы — «Бейбітшілік, орнықты даму және адами қадір-қасиет жолындағы бірлік пен әртүрлілік барлық жерде және барлығы үшін бірдей».

Бас Ассамблеяның 79-сессиясының төрағасы болып Камерунның бұрынғы премьер-министрі Филемон Янг сайланды. Сайлау БҰҰ-ның Нью-Йорктегі штаб-пәтерінде 2024 жылдың 6 маусымында өтті.

Күн тәртібіне сәйкес, сессияны Бас Ассамблея төрағасы ашқаннан кейін бір минут үнсіздік жарияланады.

Содан кейін сессия жұмысы Бас Ассамблея төрағасының орынбасарлары мен лауазымды тұлғаларды бас комитеттерге сайлау жөніндегі ұйымдастыру мәселелеріне бағытталатын болады.

Сондай-ақ күн тәртібін бекіту және жалпы жарыссөздер өткізу жоспарланған.

Сессия барысында бірқатар тақырыптар бойынша жұмыс жүргізіледі: тұрақты экономикалық өсім мен тұрақты дамуға жәрдемдесу, халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті қолдау, Африканың дамуы, адам құқықтарын ілгерілету, гуманитарлық көмек көрсету бойынша күш-жігерді тиімді үйлестіру, әділеттілікті және халықаралық құқық нормаларын сақтауды ынталандыру, қарусыздану, есірткіге бақылау, қылмыстың алдын алу және халықаралық терроризмге қарсы күрес, сондай-ақ ұйымдастырушылық, әкімшілік және басқа да мәселелер.

Бұған дейін ҚазАқпарат БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриштің Болашақ саммиті туралы мақаласын жариялаған болатын.