Ө.Шөкеев БҚО-ның су басқан аймақтарында болды

ОРАЛ. 22 сәуір. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - БҚО-ға жұмыс сапарымен келген ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Өмірзақ Шөкеев бүгін өңірдің су басқан аймақтарында болды.
None
None

Су тасқынынан елеулі зардап шеккен елді мекеннің бірі - Зеленов ауданындағы Зеленый ауылы. Аудан әкімі Ғайса Қапақовтың мәлім еткеніндей, ауылдағы 487 үйдің 91-ін су басқан. 20-сы қалпына келтіруге келмейді, 71-ін күрделі жөндеу қажет.

Өмірзақ Шөкеев қираған бірнеше үйде болып, тұрғындармен тілдесті.

- Су тасқынының зардабы орасан, - деді ол. Мұндай тасқын БҚО ғана емес, елімізде болған жоқ. Ендігі міндет - комиссияның қарауымен, жұртшылықпен бірге шығынды есептеп, қалпына келтіру.

Тұруға жарамсыз үйлердің орнына мемлекет есебінен жаңа баспана салынатын болады. Оның құрылысына үй иелері де қатыса алады, бұл жұмыс бюджет есебінен төленеді. Үй жөндегенде де осындай тәсіл қолданылады.

Үкімет басшысының бірінші орынбасары облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетовпен, ҚР Төтенше жағдайлар министрі Владимир Божкомен бірге Тасқала ауданы орталығында да болды. Аудан әкімі Өтеміс Мырзағалиевтің айтуынша, 9-11 сәуір аралығында Тасқала, Амангелді және Кузнецов ауылдарын су басты. 1-Шежін, 2-Шежін, Мереке ауылдарында бірнеше үйге су кірді. Қазіргі таңда 441 үй суға кетсе, соның 71-і жарамсыз, сондай-ақ 2 мектеп, бір ауылдық мәдениет үйіне де «тілсіз жау» ойран салды. Барлық зардап шеккендер «Шұғыла» лагері мен кәсіптік лицей интернатында орналастырылған. 288 оқушы мектеп киімімен, кеңсе тауарларымен қамтамасыз етілген.

Ө.Шөкеев пен Б.Ізмұхамбетов зардап шеккен екі үйде болып, иелерімен сөйлесті. Аудан тұрғындары Елбасы мен Үкімет және жергілікті билік тарапынан көрсетіліп отырған қолдау-көмек үшін алғысын білдірді.

Үкімет басшысының бірінші орынбасары зардап шеккендерге жәрдемнің бұдан былай да жасалатынын атап өтті.

Соңғы жаңалықтар
Референдум