Ө.Шөкеев келесі жылы Нұра өзенін тазалау жөніндегі жұмыстар аяқталады деген үмітте
Кеңеске экономика және бюджеттік жоспарлау, қоршаған ортаны қорғау министрліктерінің, Ауыл шаруашылығы министрлігі Су ресурстары комитетінің өкілдері қатысты. Кеңеске қатысушылар құрамында сынап бар қалдықтарға арналған полигонда және бұрынғы «Карбид» зауытының алаңында болды.
Теміртаудағы синтетикалық каучук өндіретін зауыт 1950 жылдан бастап 1997 жылға дейінгі аралықта ацетальдегид цехында күкірт қышқылы мен сынап сульфатын пайдаланған. Осының салдарынан Нұра өзені сынап қалдықтарымен ластанып қалған. Өндіріс тоқтағаннан кейін, қалдықтарды төгу тоқтады, бірақ зауыт аумағы мен оның төңірегіндегі ластанған учаскелер денсаулыққа қауіпті сынап қорының көзі болып қала берді. Проблеманы шешу үшін 2003 жылы желтоқсанның 17-сінде Қазақстан Республикасы мен Халықаралық қайта құру және даму банкі 40,39 миллион доллар сомаға «Нұра өзенін тазалау» жобасын жүзеге асыру жөніндегі заем туралы № 46930 KZ келісімге қол қойды. 2004 жылдың мамыр айында келісім ратификацияланды. Су ресурстары жөніндегі комитет жобаны жүзеге асыратын атқарушы агенттік болып табылады.
Жоба аясындағы құрылыс жұмыстарының жалпы құны 97,42 миллион АҚШ долларын құрады. Оның ауқымында құрамында сынап бар қалдықтарды көму үшін полигон құрылысын салу, одан кейінгі мониторинг бағдарламасын ұйымдастыру, бұрынғы «Карбид» зауытының аумағындағы ластанған топырақты және құрылғыларды жинау және оларды көму, сондай-ақ 25 шақырым қашықтықтағы Нұра өзенінің арнасы мен алқабындағы ластанған материалдарды жою, Нұра өзеніндегі Ынтымақ су қоймасын қалпына келтіру жұмыстары қарастырылған. Жобаны 2010 жылы аяқтау жоспарланып отыр, дефектілі кезеңнің күші 2011 жылға сақталады.
Қазіргі уақытта полигонның құрылысы аяқталды, нысан пайдалануға берілді және экскавация учаскелерінен жеткізілген құрамында сынап бар қалдықтарды қабылдап алуда. Сондай-ақ «Карбид» зауытының ғимараттары мен құрылыстарын сүріп тастау және көму, Теміртаудағы ластанған аумақтарды, оның ішінде ҚарГРЭС-тің күл қалдықтарын төгетін орынды, қалалық сарқынды су коллекторын, өзеннің арнасы мен алабын тазалау және оқшаулау, Ынтымақ су қоймасын қайта жаңарту жөніндегі жұмыстар аяқталды.
Бірінші вице-премьер жобаның жүзеге асырылу барысына қанағаттанарлық білдірді. «Негізінен, барлығы кесте бойынша жүріп жатыр. Менің ойымша, келесі жылы Нұра өзенін тазалау жұмыстары толық аяқталады», деп атап көрсетті Ө.Шөкеев. Жалпы алғанда, құрамында сынап бар 1,5 миллион тонна топырақты көму жоспарлануда, деп нақтылады бірінші вице-премьер өз сөзінде.
Ө.Шөкеев сондай-ақ, жобаның біршама кеңейетінін мәлім етті. «Біз өзеннің тағы бір арнасын тазалауымыз керек. Онда сынап жоқ десе де болады. Біз ол жерде арнаны жай тазалап шығуымыз керек. Ол үшін бюджетке тиісті өзгерту енгіземіз», - деп түсіндірді Ө.Шөкеев. Оның айтуынша, қажетті сома қазір есептеліп жатыр. «Бірақ, ол үлкен сома болады деп ойламаймын», деді бірінші вице-премьер.