О.Сүлейменовтің поэзиясындағы тарих пен тағылым мәселелері талқыланды (ФОТО)

Ғылыми конференцияны аша отырып, Ұлттық музейдің директоры Дархан Мыңбай «баяндамалардың орнына жиналған қауым мен Олжас Сүлейменовтің өзін тыңдасақ, әлдеқайда ұтымды болады» деп, әңгімесін мына бір аңызбен бастады.
«Біздің ортамызда қазақтың белгілі тұлғасы, Қазақстанны Еңбек ері Олжас Омарұлы Сүлейменов отыр. Мәшһүр-Жүсіп Көпеев арқылы жеткен аңыздардың бірінде айтылғандай, Абылайдың серіктерінің бірі Олжабай батыр соғыста қатты жараланып, ақтық сәтінде: «менің жетінші ұрпағым үлкен ақын, ғалым болады» деген екен . Батырдың алтыншы ұрпағы Омар Сүлейменов осы сөзді жадында ұстап балаларының біріне Олжар, екіншісіне Олжас деп ат қояды. Міне, бүгін сол батырдың жетінші ұрпағы - Олжас Сүлейменов ортамызда отыр», - деді Д.Мыңбай.
Ғылыми конференция аясында О.Сүлейменовтің шығармашылығы мен өмірі туралы сыр шертетін фото және кітап көрмелері өтті. Сондай-ақ, Ұлттық музей О.Сүлейменовтің 80 жылдығына орай, жазушының қолы қойылған үлкен портретті музейдің қорына қосты.