ОА елдері климаттық өзара ынтымақтастықтың тұрақты моделін қалыптастырып жатыр — сарапшы
ТАШКЕНТ. KAZINFORM — Орталық Азия елдері өңірдегі климаттық өзара ынтымақтастықтың тұрақты моделін қалыптастырып жатыр. Мұндай пікірді Астанада өткен Өңірлік экологиялық саммиттің маңызына үңілген Өзбекстан президенті жанындағы Стратегиялық және өңіраралық зерттеулер институты директорының бірінші орынбасары Акрамжон Неъматов білдірді, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Ташкенттегі меншікті тілшісі.
Сарапшының пайымынша, Өңірлік экологиялық саммит Самарқанд климаттық форумы, сондай-ақ мұздықтар мен таулы экожүйелерді сақтауға арналған Душанбе мен Бішкектегі конференциялардың жүйелі жалғасы саналады. Бүгінде Орталық Азия елдері экологияның нашарлауынан болатын салдарды бақылаумен шектелмей, нақты үйлестірілген іс-қимылға кірісті.
— Аймақ мемлекеттері экологиялық мәселелерді шешу жауапкершілігін өз мойнына алуға дайын екенін айғақтап отыр. Орталық Азия елдері бұған дейін декларативтік деңгейде қалып келген іс-қимылдарды нақты жүзеге асыруға бейіл. Бұған республикалардың «Орталық Азияның экологиялық ынтымақтастығы» декларациясын қабылдау, БҰҰ құрылымдарымен серіктестікте өңірлік ынтымақтастықты жүйелеуге деген ұмтылысы дәлел, — деді Акрамжон Неъматов.
Сарапшы атап өткендей, саммит барысында өңір мемлекеттері климаттық сын-қатерлердің ауқымына ғана тоқталған жоқ, сонымен бірге оларды еңсеруге бағытталған жоспарларымен бөлісті. Мәселен, президенттер жобаларға қаржылық-техникалық жәрдемдесу тетіктерін біріздендіру, ғылыми базаны дамыту, технологиялық ілгерілеуге аса назар аударды.
— Өзара келісілмеген бастамалардан ойысып, біртұтас өңірлік стратегия қалыптастыруға көшу — Орталық Азияның маңызын арттырады. Шөлейттенуге қарсы күрес жөніндегі өңірлік орталық құру, қоршаған ортаның бірыңғай атласын әзірлеу және ғылыми-сараптамалық базаны нығайтуға бағытталған ұсыныстар ерекше сұранысқа ие бола бастады. Ортақ деректер жүйесін жасақтау экологиялық өзгерісті өткен жылдардың мәліметімен салыстыра отырып бақылау жүргізуге мүмкіндік береді. Осылайша, Орталық Азия өңірдегі климаттық өзара ынтымақтастықтың тұрақты моделін қалыптастырып жатыр, — деп пікір білдірді Стратегиялық және өңіраралық зерттеулер институтының өкілі.
Акрамжон Неъматов саммитте көтерілген бастамаларды дәйекті іске асыру өңір елдерінің күрделеніп бара жатқан климаттық тәуекелдерге жедел бейімделуіне ықпал етеді. Тиісінше, ықтимал қауіптердің алдын алуға бағытталған шаралар легін ақылдаса қабылдау мүмкін болады.
Еске салайық, Астанада өткен саммит қорытындысы бойынша 4 маңызды құжатқа қол қойылды.
Сондай-ақ, БҰҰ өкілдері Өңірлік экологиялық саммиттің ұйымдастырылуын оң бағалады.