ОА мен Қытай қатынасы жан-жақты стратегиялық серіктестік деңгейіне шықты - Президент

АСТАНА. KAZINFORM – Орталық Азия мен Қытай арасындағы қатынас жан-жақты стратегиялық серіктестік деңгейіне шықты. Бұл туралы «Орталық Азия – Қытай» ІІ саммитінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты.

саммит, Орталық Азия, Президент
Фото: Ақорда

- Осы жерде отырған Орталық Азия мемлекеттерінің өзара сенімі мен бірлескен күш-жігерінің арқасында шынайы тату көршілік, достық пен өзара қолдау рухындағы ынтымақтастықтың теңдессіз моделі қалыптасты. Осыған байланысты ұлы мемлекет қайраткері, төраға Си Цзиньпин басшылық жасайтын Қытайдың белсенді әрі пайдалы рөлін атап өту әділетті болар еді. Қазақстан көршілес Қытай атынан мәңгі әрі сенімді стратегиялық серіктес пен нағыз дос тапты, - деді Мемлекет басшысы.

Президент 80 млн тұрғыны бар ауқымды нарыққа және мол табиғи ресурстарға бай Орталық Азия өңірі халықаралық қарым-қатынас пен сауда-экономикалық, инвестициялық және гуманитарлық ынтымақтастықтың маңызды субъектісі ретінде ұстанымын кезең-кезеңімен нығайтып келе жатқанын айтты.

- Орталық Азия мен Қытай арасындағы қарым-қатынас мәңгілік, ауа райын талғамайтын, жан-жақты қамтылған стратегиялық серіктестік деңгейіне шыққанын зор ризашылықпен атап өткім келеді, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

«Орталық Азия – Қытай» ІІ саммитіне Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚХР төрағасы Си Цзиньпин, Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедов және Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон қатысып отыр.

 

Соңғы жаңалықтар