Обама Трамптың мемлекетке опасыздық жасады деген мәлімдемесін жоққа шығарды
АСТАНА.KAZINFORM — АҚШ-тың бұрынғы президенті Барак Обаманың өкілі Дональд Трампты өзінің алдындағы президентті 2016 және 2020 жылдардағы «сатқындық жасады» және сайлауды бұрмалады деп айыптағаннан кейін сынға алды, деп хабарлайды NBC News.

— Президент аппаратына деген құрметпен біз әдетте Ақ үйден шығатын сандырақ пен жалған ақпаратқа жауап бере бермейміз. Бірақ осы жолғы мәлімдемеге жауап беруімізге тура келді. Бұл оғаш айыптаулар күлкілі әрі назар аудартудың әлсіз әрекеті, — деді Обаманың баспасөз хатшысы Патрик Роденбуш.
Сейсенбі күні Трамп Обаманы сайлауды бұрмалауға тырысты деп айыптады.
— Олардың маған жасағанынан кейін, бұның дұрыс-бұрыстығына қарамастан жұрттың көзін ашатын кез келді. Обама бірден ұсталды. Олардың 2016 және 2020 жылдары істегендері — нағыз қылмыс. Бұл жоғары дәрежелі қылмыс. Ол - қылмыскер. Бұл опасыздық болды, — деді Дональд Трамп.
Трамп Ұлттық барлау директоры Тулси Габбард пен Орталық барлау қызметінің директоры Джон Рэтклиффтің әлеуметтік медиа мен теледидардағы мәлімдемелеріне сілтеме жасап, олар Обама әкімшілігінің шенеуніктері барлау мәліметтерін қолданды және Трамптың 2016 жылғы сайлаудағы жеңісінің заңдылығына нұқсан келтіру үшін сөз байласты деп санайды.
Габбард әлеуметтік желіде Әділет департаментіне қылмыстық іс қозғап жатқанын жариялады.
Конгресте республикашылдармен кездесуінде Трамп Габбардты мақтап, Обаманы сайлауды бұрмалауға қатысты деп тағы да айыптады.
— Бұл қатыгез, сұмдық адамдар, — деді ол бұрынғы президент және басқалар туралы.
Бұған дейін Трамп Обаманы 2016 жылғы сайлауды бұзды деп айыптаған.
Трамп сонымен қатар бұрынғы президент Джо Байден мен оның көмекшілеріне қатысты тергеу жүргізуге бұйрық берді.