Талғар мен Қарасай аудандарының таудағы жер телімдері Алматы әкімдігіне қалай өтіп кеткен
АСТАНА. KAZINFORM — Премьер-министр Олжас Бектенов Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбектің Алматы маңындағы заңсыз құрылыстар туралы сауалына жауап берді.

— Таулы аймақтағы жер телімдерін Алматы облысының Талғар және Қарасай аудандарының әкімдіктері Алматы қаласының шекарасына 1998-2014 жылдары ҚР Президентінің Жарлығы бойынша өткізген. 2021 жылдан қазірге дейін таулы аймақтан жер телімдері ешкімге берілген жоқ. Көрсетілген 25 жер телімі бойынша Алматы қаласы жер ресурстарын басқару департаменті жер заңнамасын бұзу фактісі бойынша тексеру жүргізіп жатыр. Жер телімдерін берудің қаншалықты заңды болғаны, ондай шешімдердің негізділігі осы тексерулерден кейін белгілі болады. Одан бөлек Алматы қала құрылысы басқармасы заң бұзғандарға қарсы қажетті әкімшілік шаралардың бәрін қабылдап жатыр. Оның ішінде тиісті ұйғарымдар мен, айыппұлдар, заңсыз құрылыстарды сүріп тастау туралы талап арыздар да бар, — деп жазылған Үкімет басшысының жауабында.
Сондай-ақ Олжас Бектенов депутаттық сауалда аталған әр нысан бойынша жеке-жеке ақпарат беріп, Бақытжан Базарбек келтірген фактілердің растығын ішінара мойындаған.
— Алматыдағы тау жоталарын кесіп тегістеу фактілеріне келсек, Әділет департаментінің өндірісінде тау бөктеріндегі заңсыз нысандарды сүріп тастау туралы 35 атқару ісі жатыр. Оның ішінде 20-сы атқарылған (57%). Кейбір нысандар толықтай сүрілсе, кейбірі ішінара құлатылған. Қазір 15 іс әлі атқарылу сатысында тұр. Оның екеуінде борышкерлер заңсыздықтарды өз күшімен жоюға міндеттелсе, 13 істе мәжбүрлеп атқару шарасы қабылданып жатыр, — дейді Премьер-министр.
Олжас Бектенов депутаттың сауалда келтірілген өзге мәліметтер бойынша қосымша тексеру басталғанын да жазады.
Еске салсақ, Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек Бас прокурор Берік Асыловтың атына сауал жолдап, Алматы іргесіндегі құйқалы телімдерді түгендеуді талап еткен еді.