Объектив ортақ, мақсат бір: Қазақстан мен Қытай медиасының достық диалогі

АСТАНА. KAZINFORM — Жақында қытайлық журналистер Орталық Азияға сапар шегіп, аймақтың мәдениетімен, тарихымен және тұрғындарының өмірімен танысқан еді. 

Объектив ортақ, мақсат бір: Қазақстан мен Қытай медиасының достық диалогі
Фото: Видеодан скрин

Jibek Joly арнасының «Бүгін LIVE» студиясында қонақ болған CGTN телеарнасының тілшілері ерекше саяхат жайлы әңгімелеп берді.

— «Орталық Азия — Қытай» саммиті қарсаңында біз осы аймақтағы бес елге сапар шегуді ұйғардық. Мақсатымыз — Қытай мен Орталық Азия мемлекеттері арасындағы келісімдердің қалай жүзеге асып жатқанын өз көзімізбен көру болды. Сапардан кейін басшылыққа арнайы хат жаздым. Мұндай медиа жобалар міндетті түрде жалғасын табуы тиіс. Себебі бұрын біз бір-бірімізден тек сұхбат алсақ, бұл жолы екі елдің журналистері бірігіп, ортақ жоба жасады. Бұл — кәсіби әрі мәдени тұрғыда үлкен тәжірибе. Ең бастысы — халықтар арасындағы достықты тереңдетудің тиімді жолы, — дейді Шу Жаошунь.

Қытай телеарнасының тілшісі
Фото: Видеодан скрин

Ал Jibek Joly арнасындағы әріптестерімізбен бірлесіп бағдарлама түсірген Илин Чен жоба барысында алған әсерімен бөлісті.

— Біз Орталық Азия елдерін 20 күн араладық. Алматыда Jibek Joly телеарнасының ұжымымен бірге жұмыс істедік. Сол күндері The Spirit of Tengri этнофестиваліне қатыстық. Мұнда мені әсіресе музыкалар ерекше тәнті етті — бұрын-соңды мұндай этно-музыкаларды естімеппін. Біз тіпті түсірілім кезінде бет-әлпетімізді этно стильде әрледік. Бұл да маған өте керемет әсер қалдырды, — дейді CGTN телеарнасының тілшісі.

Илин Ченмен бірге Jibek Joly арнасының тілшісі Күнсая Құрмет те халықаралық бағдарламаның тізгінін ұстады. «Бүгін LIVE» бағдарламасына сұхбат берген әріптесіміз жобаның түсірілімі қалай өткенін айтып берді.

Jibek Joly тілшісі
Фото: Видеодан скрин

— Илин Чен екеуміз бірлесіп әзірлеген бағдарламада Қазақстан мен Қытай арасындағы достық қарым-қатынас, еліміздің мәдениеті мен тұрмыс-салты кеңінен көрсетілді. Алматының көркем жерлерін аралап, табиғатын түсірдік. Қарапайым тұрғындардан сұхбат алып, сол арқылы қазақ халқының болмысын, салт-дәстүрін, қонақжайлығын танытуға тырыстық, — дейді Күнсая Құрмет.

Көрші елден келген қонақтар Қазақстан туралы пікірлерін ортаға салды.

— Мен Қазақстанға алғаш рет келіп тұрған жоқпын — бұған дейін Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммитіне қатысқанмын. Ал әріптестерім үшін бұл — алғашқы сапар. Қазақстан маған ерекше әсер қалдырды. Әсіресе, ауыл шаруашылығы мен көшпенділер мәдениеті қатты қызықтырды. Тағы бір байқағаным — мұнда қытайлық туристер көп екен. Кейбірі ұшақпен келсе, кейбірі өз көлігімен шекарадан өтіп, саяхаттауда. Бұл — екі ел арасындағы ынтымақтастықтың айқын көрінісі, — дейді Шу Жаошунь.

Ал Илин Чен қазақтардың қонақжайлығына тәнті болғанын жеткізді.

— Сапар кезінде Қазақстан мен Қытайдың өзара байланысының қаншалықты терең екенін түсіндім. Біз мұнда көлікпен келдік. Жол бойы ауылдарға да, қалаларға да тоқтадық. Тұрғындар бізбен өздері келіп, әңгімелескісі келіп тұрады. Бізбен «Нихао» деп амандасады. Мұндағы халық Қытай туралы көп ақпараттан хабардар екен. Қазақстанда адамдар өте қонақжай, ашық-жарқын, — дейді қытайлық тілші.

Қытай телеарнасының тілшісі
Фото: Видеодан скрин

Қытайлық әріптестеріміз елдеріне өте құнды естелікті алып бара жатқандарын тілге тиек етті.

— Біз жол бойы кезіккен адамдардан бір параққа естелік ретінде тілектер, қолтаңбалар жазуын өтіндік. Бұл қағаз — енді біздің саяхатымыздың ең қымбат жәдігеріне айналды. Менің әріптесім Күнсая сол параққа «Алыстағы туыстан жақындағы көрші артық» деген қазақ мақалын жазыпты. Қытайда да дәл осындай нақыл сөз бар. Осындай ортақ жобалар — елдер арасындағы тарихи, мәдени көпірді қайта жаңғыртудың, тіпті достықты одан әрі нығайтудың тамаша жолы, — дейді Илин Чен.

Ал Шу Жаошунь бұл естеліктің қайда сақталатынын айтты.

— Экспедиция барысында жинаған жазбаларымыз CGTN арнасының музейіне тапсырылады. Бұл — біздің Орталық Азиядағы ең құнды естелігіміз, — дейді ол.

Айта кетейік, күні кеше «Орталық Азия — Қытай» саммитінің Астана декларациясына қол қойылды.

Одан бөлек Қытай Орталық Азияның 5 еліне 1,5 млрд юань қайтарымсыз көмек ұсынбақ.

Ал «Орталық Азия — Қытай» саммиті енді екі жылдан кейін Бейжіңде өтеді.

Соңғы жаңалықтар