Обыр, қант диабеті, жүрек аурулары: кімге қандай скрининг қолжетімді

АСТАНА. KAZINFORM - Скрининг – ауруларды ерте анықтауға арналған профилактикалық тексеру. Қазақстанда негізгі скринингтік тексерулер азаматтардың МӘМС мәртебесіне қарамастан, мемлекеттің әлеуметтік кепілдіктерінің есебінен жүргізіледі, деп хабарлайды ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі.

врачи
Фото: Астана әкімдігі

Қазақстанда жүрек-қан тамырлары ауруларын, қант диабетін, глаукоманы, сүт безі обырын, жатыр мойны обырын, колоректалдық обырды, В және С вирустық гепатиттерін, сондай-ақ белгіленген өлшемшарттарға сәйкес басқа да ауруларды ерте анықтау үшін скринингтік тексерулер жүргізіледі.

Жүрек-қан тамырлары ауруларын, қант диабетін және глаукоманы анықтауға арналған скринингтен 40–76 жас аралығындағы ерлер мен әйелдер екі жылда бір рет өтеді.

Сүт безі обырын ерте анықтау үшін 40–76 жас аралығындағы әйелдер екі жылда бір рет маммографиядан өтеді.

Жатыр мойны обырына арналған скрининг 30–74 жас аралығындағы әйелдерге жүргізіледі. Тексеруден төрт жылда бір рет өту қажет.

Колоректалдық обырға арналған скринингтен 50–76 жас аралығындағы ерлер мен әйелдер екі жылда бір рет өтеді.

-Тіркелген емханаңызға хабарласып, биыл қандай скринингтік тексерулерден өтуге құқылы екеніңізді нақтылаңыз. Медицина қызметкерлері тексеруден өту тәртібін түсіндіріп, қажет болған жағдайда қосымша зерттеулерге жолдама береді.

Ауру белгілерінің пайда болуын күтпеңіз – тексеруден уақытылы өтіңіз! Ерте диагностика емдеуді дер кезінде бастауға және денсаулықты сақтауға мүмкіндік береді.

Денсаулығыңыз – өз қолыңызда!,-делінген хабарламада.

Осыған дейін ел халқы қандай маңызды скринингтерден өтуі тиіс екені туралы жаздық.