Облыс әкімі: Алакөлді дамытудың бас жоспары әзірленіп жатыр
АСТАНА. KAZINFORM — Биыл Алакөл жағалауында демалушылар үшін қолайлы жағдай жасап, инфрақұрылымын дамыту бойынша нақты шаралар қабылданды. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінің брифингінде Абай облысының әкімі Берік Уәли хабарлады.
Президент тапсырмасына сәйкес облыста туристік инфрақұрылымды дамытуға бағытталған ауқымды жобаларды жүзеге асыру жалғасады. Мақаншы ауданы аумағында орналасқан Алакөл көлі айтарлықтай туристік және инвестициялық әлеуетке ие.
Облыс құрылғалы жағалауда жөндеу жүргізілмегенін ескере отырып, жергілікті бюджеттен 1 млрд теңге бөлінді. Көл жағалауындағы Қабанбай ауылында құтқару станциясы және өрт сөндіру депосының құрылысы басталды. Қазіргі уақытта туристік аймаққа жаңа электр желісін тарту, қатты тұрмыстық қалдықтар полигонын салу бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр. Жобаларды жүйелі түрде және сапалы іске асыру үшін көл жағалауының жаңа бас жоспарының жобасын әзірлеу жоспарланып отыр.

— Жоба аясында жалпы ауданы 1 000 гектардан асатын демалыс және туризм аймақтарын қалыптастыру, сондай-ақ рекреациялық, қоғамдық-іскерлік және тұрғын аумақтарды дамыту көзделген. Сонымен қатар, көліктің қолжетімділігі, инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету және экологиялық тұрақтылық мәселелеріне баса назар аударылады, — деді облыс әкімі.
Бас жоспарды әзірлеу бірнеше стратегиялық міндеттерді шешуге бағытталады. Оның ішінде ішкі туризмді дамыту, инвестиция тарту, жаңа жұмыс орындарын ашу, өңір тұрғындары мен қонақтарының демалыс жағдайын жақсарту.

Аталған жобаны жүзеге асыру нәтижесінде Қабанбай ауылы мен Алакөл жағалауының аумақтары біріктіріліп, игерілген аймақ көлемі 3 мың гектарға дейін ұлғайтылады. Бұл өз кезегінде Алакөлді өңірдің жетекші туристік орталықтарының біріне айналдыруға мүмкіндік береді.
Жағалауды дамытудың негізгі бағыттарының бірі — Әзербайжан Республикасы инвесторларының қатысуымен «Алакөл» емдеу-сауықтыру кешенін салу жобасы. Бұл жоба бойынша екі мемлекеттің басшылары 21 қазан күні келісімге қол қойды. Қазіргі уақытта құрылыс орнын бекіту жұмыстары жүргізіліп жатыр.