10:39, 14 Ақпан 2009 | GMT +5
Облыс әкімі Ауған соғысы ардагерлерімен кездесті
АҚТАУ. Ақпанның 14-і. ҚазАқпарат /Жетібай Шаханұлы/ - Кеңес әскерлерінің Ауғанстаннан шығарылғанына 20 жыл толуына орай облыс әкімі Қ. Көшербаев маңғыстаулық Ауған соғысы ардагерлерімен кездесті.
Сұрапыл соғыстағы ерлік істеріне тағзым етілген басқосуда соғысқа қатысқан майдангерлер аймақ басшысының құрмет грамотасы және 20 жылдық естелік медалімен марапатталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Кездесуде облыс басшысы Ауған соғысына қатысқан ардагерлердің ерлігін бүгінгі ұрпаққа үлгі етіп, олардың мәртебесін көтеру арқылы жастар бойындағы патриоттық, отансүйгіштік қасиеттерді арттыру керектігін айтты. Бүгінде осы мақсатта құрылған «Жас қыран» әскери патриоттық клубы жұмыс істейді. Клубтың аудан, қалаларда да бөлімшелері ашылған. Қазір өңірдегі Ауған соғысына қатысқан 651 ардагердің 347-сі Ақтау қаласында тұрады. Солардың бірқатары келген жиында соғыс ардагерлеріне әлеуметтік жеңілдіктер қарастыру туралы ұсыныстар айтылды. Ал биылғы 20 жылдыққа орай өткізіліп жатқан шараларға жан-жақты қолдау білдірген облыс әкімі Қ. Көшербаев Ұлы Отан және Ауған соғысы ардагерлері, Қазақстан ардагерлер қауымдастығы кеңесінің шешімімен Бауыржан Момышұлының «Батыр шапағаты» медалімен марапатталды.