Облыс әкімі жыл қорытындысы жайында БАҚ өкілдерімен пікір алмасты

деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бұл жолғы кездесудің басты ерекшелігі - аудандық газеттердің редакторлары ат сабылтып облыс орталығына жиналмай, селектролық байланыс бойынша баспасөз мәслихатына қатысып, өздерін толғандырған сауалдарына жауап алу мүмкіндігіне ие болды. Өңір басшысы атап өткендей, өткен жыл әлеуметтік және экономикалық бағытта алға басқандықпен ерекшеленеген. Осы уақтта агроөнеркәсіп кешенінде 212 миллиард теңгенің , өнеркәсіп саласында 127 миллиард теңгенің өнімі өндіріліп, 160 мың шаршы метр баспана пайдалануға берілген. Шағын және орта бизнес жүйесінде 109 миллиард теңгенің өнімі өндіріліп, қызмет көрсетілген. Сапалы су бағдарламасы аясында 4 миллиард теңгенің 49 жобасы шешімін тапқан. Өткен жылы 3 мың орындық 6 мектеп, 400 орындық үш балабақша, 1 800 орынға арналған 70 шағын орталықтар іске қосылды. «Жол картасы» бағдарламасына сәйкес 6 миллиард теңгеге 167 нысан жөнделіп, жобалардың аяқталуына орай жұмыстан босаған 2 656 адамның 2 143-і, жастар тәжірибесіне сәйкес 595 түлек жұмысқа орналастырылған. Өз кезегінде баспасөз өкілдері жергілікті жерлерде балабақшаларын салу, телекоммуникация жұмысын жетілдіру, ауыларалық жолдарды ретке келтіру, «Қызылту» кешенінің болашағы, Бурабай ауданында заңсыз бөлінген жер телімдерінің тағдыры, мол астықтың сатылу жайы, Көкшетау қаласының коммуналдық жүйесінің жұмысын жақсарту, жастар демалысын ұйымдастыру, «Нұрлы көш» бағдарламасына сай қандастырымыздың балаларын ана тілінде оқыту қиыншылықтары турасындағы сауалдарына нақтылы жауап алды, бірқатар сауалдар бақылауға қабылданды.