Облыс басшысы әлемнің төрт дүркін чемпионы Е.Байбатыровты қабылдады
Аталмыш біріншілікте батысқазақстандық Ерболат Байбатыров 57 келі салмақ дәрежесінде үздік шығып, төртінші рет әлем чемпионы атанған болатын. Ал 52 келіде Медет Оңдағанов күміс жүлдеге ие болса, әскери самбодан Бауыржан Ғұмаров қола медальді еншілеген еді.
Облыс басшысы өз сөзінде Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың спортқа айрықша көңіл бөліп, Үкіметке, облыс басшыларына, атқарушы органдарға бұл мәселені арнайы тапсырып отырғанын атап өтті.
Облыс басшысы құттықтау сөзінен кейін жеңімпаздарға ақшалай сый ұсынды. Бұдан соң әлемдік біріншіліктерде өнер көрсетіп жүрген спортшыларымыз бен ел спортының кешегісі мен бүгінгісі жайында емен-жарқын әңгіме өрбіді. Қабылдауда Е.Байбатыров спортшылар атынан облыс әкіміне алғысын білдірді.
Вильнюстегі белдесуде Ерболат Байбатыров алдымен жапон палуанын 10:0 есебімен ұтып, жартылай финалда түркімендік самбошыны 5:0 есебімен жеңген. Ал ақтық кездесуде грузин палуанының жауырынын жер иіскетіп, топ жарды. Өткен жылдан бастап дзюдо күресіне бет бұрған Ерболат желтоқсанда Кореяда өтетін әлем кубогы жарысына қатыспақ.