Облыс басшысы соғыс және еңбек ардагері Б.Жұмағалиевке арнайы келіп, көрісті - БҚО

- Жасым үлкен болған соң, бүгін облыс әкімінің орынбасарлары, басқа да лауазымды азаматтар келіп, амандасып шықты. Бұл - ежелден келе жатқан көрісу айты ғой. Облыс басшысымен әңгімеде биыл ылғалдың мол болатыны, егіннен жақсы өнім алуға мүмкіндіктің барлығы, көктемгі су тасқынынан сақтану керектігі айтылды, - деді Б.Жұмағалиев.
Биылғы 22 желтоқсанда тоқсанның төріне шығатын Бисен Жұмағалиев - елге сыйлы ақсақалдың бірі. Кезінде Ұлы Отан соғысына қатысып, Батыс Қазақстан облыстық «Екпінді құрылыс» газетінің редакторы, Фурманов аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы, Орал және Көкшетау облыстық партия комитеттерінің хатшысы сынды қызметтерді атқарған қария әлі де сапта деуге болады. Ол соңғы он жылдай уақыт бойы облыс әкімінің кеңесшісі болып келеді.
Бірнеше кітаптың авторы, қолынан қаламы түспеген Б.Жұмағалиев ұлы орыс жазушысы Михаил Шолоховтың досы ретінде де танымал. Оның «Шолохов в Казахстане» деген кітабының Қазақстанда ғана емес, Мәскеудегі «Алгоритм» баспасынан да жарық көруі екі ел арасындағы ынтымақтастықты көрсетеді. Осы кітаптың бір данасын Нұрлан Асқарұлы авторға сыйға тартты.