22:18, 20 Ақпан 2009 | GMT +5
Облыс прокуроры дағдарыс кезінде азаматтардың еңбек құқығын қорғау және үлескерлер мәселелері бойынша брифинг өткізді
АҚТАУ. Ақпанның 20-сы. ҚазАқпарат /Жетібай Шаханұлы/ - Маңғыстау облысының прокуроры А. Досекенов облыстағы БАҚ өкілдерінің қатысуымен әлем деңгейіндегі қаржы дағдарысы барысында азаматтардың еңбек құқығын қорғау және үлескерлердің мәселелері бойынша брифинг өткізді,
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыс прокуратурасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап. «Бүгінгі таңда облыс бойынша бүкіләлемдік қаржы дағдарысынан қысқартылған жұмысшылардың саны 348 адам болды, мәжбүрлі еңбек демалыстарына 1600-ден астам жұмысшылар жіберілген. Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау және азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғау мақсатында облыстың құқық қорғау және басқа да мемлекеттік органдары әлеуметтік саладағы жағдайды тұрақтандыруға, облыста қызмет жасап тұрған мекемелердің жұмысшыларын жаппай қысқартуды, жұмыстан босатуды және еңбекақыларын төлемеуді болдырмауға шараларын алуда», -дейді облыс прокуроры А. Досекенов.Прокуратура және басқа мемлекеттік органдар (шекара және кеден қызметтері, көші-қон полициясы және басқалар) өзара қарым-қатынас жүргізу арқылы жасырын көші-қонмен күресу және оның алдын-алу жұмыстарын күшейтті. Қаралып отырған салада нәтижелі бақылау жүргізу үшін жұмыс тобы құрылды. Азаматтардың еңбек құқықтарын қорғауға бағытталған шаралар жүргізу туралы арнайы жоспар жасақталды. Оның ішінде жергілікті еңбек органдарымен жұмыстылық пен еңбекақыларды төлеу бойынша проблемалары бар шаруашылық субъектілерінде азаматтардың еңбек құқықтарын қорғауға бағытталған заңнаманың орындалуын тексеру белгіленген. Еңбек қатынастары саласындағы жағдайды күнделікті бақылап тұру қамтамасыз етілген. Соның ішінде орта және ірі бизнес мекемелерінде болатын қысқартулар, жұмысшыларды мәжбүрсіз демалыстарға жіберу және еңбекақыларды төлемеу мәселелері бойынша олардың есебі жүргізіледі.Қазіргі таңда үлескер азаматтардың үй құрылысы жөніндегі проблемасы да Елбасының басты қадағалауында. Ақтау қаласының аумағында 12 құрылыс компаниясы үлескерлердің қатысуымен 14 үй салуда. Оның ішінде 6 үй бойынша құрылыс жұмыстары қаржылық қиын жағдайларға байланысты тоқтатылған. Құрылыс жүргізуші мекемелердің заңсыз әрекеттерін болдырмау мақсатында да жергілікті құқық қорғау және басқа да мемлекеттік органдар тиісті шараларды қолға алып отыр.