Облыс прокуроры «Нұр Отан» ХДП филиалында жеке қабылдау өткізді
деп хабарлайды ҚазАқпарат тішісі.
Облыстық филиал төрағасының бірінші орынбасары Ғалым Шойкиннің қатысуымен өткізілген жүздесу барысында әлеуметтік маңыздағы түйткілдер тілге тиек етілді. Бұл жолы облыс прокурорына қордаланып қалған мәселелерімен бөлісуге Көкшетау қаласынан, Зеренді, Бурабай, Сандықтау аудандарынан 16 адам тіркелген көрінеді. Оларды толғандырып отырған сауалдар тұрғын үй дауы, құқық қорғау органдарының заңсыз әрекеттері, тергеу амалдарын созбалау, сот шешімдерімен келіспеу, мейрамханалар мен ойын залдарының түн мезгілінде жұрт тыныштығын бұзуы, еңбек заңының сақталмауы турасында өрбіген. Облыс прокуроры бұл ретте қолдау көрсетуге тілек білдіріп, әрқайсысының бұйымтайын мұқият тыңдап, бұған дейін мәселенің шешілмеуі, тиісті лауазым иелерімен кездесудің қорытындысы жайында толық мағлұмат алды. Соған сәйкес жауапты тұлғаларға тапсырма беруге әуде етіп, бірқатар сауалдарды шешудің жолын көрсетті. Жеке қадағалауға алатын мәселелер бойынша өтініштерді қабылдады. Өз кезегінде филиал төрағасының бірінші орынбасары қоғамдық қабылдауға келгендердің мұң-мұқтажын өз бақылауына алатынын айтты.