Облыстық әкімдікте сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі комиссияның мәжілісі өтті - Қызылорда

Мәжілістің күн тәртібіндегі алғашқы мәселе - «Мекемелер мен кәсіпорындарда қалыптасқан еңбекақы қарыздары туралы» сөз болғанда, алдымен облыс аумағында жұмысшылар мен қызметкерлердің еңбекақылары толық өтелмей отырғаны айтылды. Бүгінде бұл саладағы берешектің мөлшері 110,7 млн. теңгеге жетіп отыр. Еңбекақы қарыздары, әсіресе, Арал, Қазалы және Қармақшы аудандарында жоғары. Бұл аудандардың үлесіне 45 млн. теңге тиеді. Хабарлама жасаған ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Қызылорда облысы бойынша бақылау және әлеуметтік қорғау департаментінің директоры Нұрлыбек Жолдасбаев мемлекеттік инспекторлар жыл басынан бері әртүрлі меншіктегі 278 мекеме мен кәсіпорынға тексерулер жүргізгеніне тоқталды. Тексеру барысында 852 заң бұзушылықтар анықталған. Оның ішінде жалақыдан қарызы бар 33 мекемеге тиісті ұйғарымдар беріліп, 1,2 млн. теңге мөлшерінде айыппұл салынды. Қызылорда мамандандырылған экономикалық сотына берілген нұсқамалардың талабын мәжбүрлеп орындату үшін 29 мекеменің құжаттары жіберіліп, оның 21-нен 258,5 млн. өндіріліген. Дегенмен, 8 мекеменің жұмысшыларына 34,5 млн. теңге берешегін төлеу туралы шешімі орындалмай отыр.
Қызылорда облысының соттар әкімшісінің орынбасары Данияр Жанұзақов өз кезегінде борышкерлерге қатысты жүргізіліп жатқан жұмыстар жайын баяндап өтті. Ол жұмысшыларына берешегі көп «Арал-Сарбұлақ топтық су құбыры» мекемесі, Қазалы ауданының «Сумен жабдықтау нысандарын жөндеу және пайдалану» кәсіпорны, Күрделі құрылыс басқармасы, «Инстальком» серіктестігі және басқа да құрылымдар басшылары қарызды жабу бағытында атқарылып жатқан жұмыстар жайында хабарлап, алдағы уақытта берешектерінен толық құтылатыны туралы мәлімдеді.
Мәжілістің күн тәртібіндегі екінші мәселе - облыста сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес заңнамасы талаптарының сақталуына арналды. Үстіміздегі жылдың бес айында облыста сыбайлас жемқорлық сипатындағы 39 қылмыс әшкереленіп, өткен жылмен салыстырғанда 62,5 пайызға көбейген. Қылмыстардың 7-і пара алу, 1-і пара беру, 5-і қызметтік жалғандық жасау, 18-і бюджет қаржысын талан-таражға салу, 6-ы өкілеттілігін асыра пайдалану, 2-і алаяқтық жолмен мүлікті иемдену санатында болған. Есепті кезеңде 16 қылмыстық іс бойынша 17 лауазым иесі сыбайлас жемқорлық қылмыстары үшін сот үкімімен кінәлі деп танылған.