18:02, 23 Ақпан 2009 | GMT +5
Облыстық прокуратураның араласуымен 34 миллион теңге еңбекақы қарызы төленді
КӨКШЕТАУ. Ақпанның 23-і. ҚазАқпарат /Жанмұрат Жанайдаров/ - Ақмола облыстық прокуратурасының араласуымен Степногор қаласындағы «Джет-7» жауапкершілігі шектеулі серіктестік тек өткен айда 709 жұмысшыға 19 миллион теңге айлық жалақысын төлемегені анықталды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Облыс прокурорының орынбасары Степан Зайтлердің айтуынша, серіктестікте еңбек құқын сақтауда заңсыздықтар орын алған. Тексеріс көрсеткендей, кәсіпорында жұмыстан босату мен қысқартуда, айлық табысты уақытылы беруде еңбек заңы сақталмайды. Сонымен қатар еңбек қауіпсіздігін сақтау, санитарлық-эпидемиологиялық ахуалды қадағалау, кәсіпорында санитарлық тазалықты қамтамасыз етуде келеңсіздік орын алуда. Зиянды жұмыс учаскелерінде арнайы тағам және киіммен қамтамасыз ету шешімін таппаған. Зертханалық тексеріс анықтағандай, ауаға улы заттар мөлшерден тыс көп таратылады. Қазандықтардың уақытылы жөнделмеуі еңбек қауіпсіздігіне кері әсер етіп отыр. Прокурорлық қадағалау нәтижесінде 4 әкімшілік іс қозғалып, оны тез арада ретке келтіруге қатысты хаттама толтырылды. Осындай жөнсіздік Щучье ауданында «Қазақжолқұрылыс» жауапкершілігі шектеулі серіктестікте де орын алған. Мұнда өткен жылдың желтоқсан айында 682 жұмысшы айлықтарын алмаған. Прокурорлық қадағалау барысында 34 миллион теңге мөлшерінде жалақы қарызы төленді. Ағымдағы жыл басынан бері облыстың прокуратура органдары еңбек заңын сақтамауға қатысты 7 әкімшілік іс қозғап, заңды түсіндіруге орай 7 ұсыныс жасаған, бір хаттама толтырды.