Облыстық телеарнада өткен телеолимпиаданың 3 жеңімпазы ЖОО грантына ие болды

None
None
АҚТАУ. Мамырдың 18-і. ҚазАқпарат /Жетібай Шаханұлы/ - Облыстық «Қазақстан-Ақтау» телеарнасында өткен «Жүзден жүйрік» телеолимпиадасының 3 жеңімпазы Алматыдағы Қ.И. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетінің білім гранттарына ие болды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. «Осымен үшінші жыл облыстық телеарнада өткізіліп келе жатқан «Жүзден жүйрік» тележобасында білім сынағынан сүрінбей өткендер облыс әкімінің қолдауымен еліміздің маңдайалды жоғары оқу орындарында тегін білім алуға мүмкіндік алып келеді. Көгілдір экран арқылы көрермендер де білімін тексеріп отыратын бұл бағдарлама 5 ай бойына жалғасады. Оған облыс бойынша барлығы 100 оқушы қатысып, олар мектеп бағдарламасындағы пәндерден 10 сұрақтан қойылатын «Көкпар», өздері таңдаған пәндер мен тақырыптар негізінде өтетін «Аламан» және «Мәре», сондай-ақ Маңғыстау туралы «Туған елім» сайыстары бойынша білім жарысына түседі. Қаңтар айында басталған биылғы телеолимпиаданың ақтық сайысында 11 бала бақ сынасып, содан 3 бала жүлделі орындарды жеңіп алды»,-дейді бағдарламаның жүргізушісі Элеонора Медиева. Олимпиада қорытындысында 1-ші орынға Маңғыстау ауданы, Оңды ауылындағы Ә.Кекілбайұлы атындағы орта мектептің 11-сынып оқушысы Манас Мазанов ие болды. Ал 2-ші және 3-ші орындар Ақтаудағы экономикалық лицейдің оқушысы Мақсат Өтепнемересі мен №13 мектеп-гимназияның биылғы түлегі Қанат Сақтағановқа берілді. Бұл білімпаз жастарға жеңіп алған білім гранттарын 25-ші мамыр күні облыс әкімі Қ.Көшербаев өз қолымен табыс етпек.
Соңғы жаңалықтар