Одақтастық декларациясы қазақ пен тәжік халқының мүдделеріне толық жауап береді - Мемлекет басшысы
АСТАНА. ҚазАқпарат – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмонмен бірлескен мәлімдемесінде қазақ-тәжік ынтымағының басым міндеттерін атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Сіздің сапарыңыздың елдеріміз арасындағы дипломатиялық қатынастардың 30 жылдығына дөп келуінің символдық мәні бар. Осы жылдар ішінде қазақ-тәжік ынтымақтастығы ғасырлар бойғы достық пен стратегиялық әріптестік рухында тұрақты дами отырып, елеулі ілгерілеуге қол жеткізді. Үкіметтердің сенімді саяси диалогі мен үйлестірілген жұмысының арқасында ол диалог үнемі сапалы жаңа мазмұнмен толықтырылып келеді. Бұған бүгін қол қойылған одақтастық өзара іс-қимыл туралы декларация дәлел бола алады. Құжат біздің халықтардың байырғы және одан әрі жақындасуға деген өзара ұмтылысты көрсетеді. Декларация саяси, сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық байланыстарды жандандыруға бағытталған нақты шараларды қамтиды», - деген Президент Тәжікстан басшысы Эмомали Рахмонға қазақ-тәжік қарым-қатынастарын тереңдетіп, жан-жақты дамытуға қосқан үлесі үшін алғыс білдірді.
«Мен келіссөздердің нәтижелерін жоғары бағалаймын, бұл келіссөздер сенімді әрі достық сипатта болды және екі ел арасындағы ынтымақтастықтың маңызды кезеңіне жол ашты.
Сапар қорытындысы елдеріміз арасындағы ынтымақтастықтың ерекше сипаты бар екенін және келешегі зор екенін тағы бір айқындады. Сауда-экономикалық өзара іс-қимылды нығайту басым міндет болып айқындалды. Бірлескен күш-жігердің арқасында былтыр екіжақты тауар айналымы 1,4 млрд долларды құрады», - деді Мемлекет басшысы.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, Ақордада Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмонның кездесуі өтті.
Қазақстан мен Тәжікстан арасындағы ынтымақтастықты одақтастық деңгейіне көтеру туралы декларацияға қол қойылды.
Айта кетсек, кеше Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанға мемлекеттік сапармен келген Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмонды елорда әуежайында қарсы алған болатын.