«Один в один» шоуының Батырхан Шүкеновтың қатысуымен өткен соңғы шығарылымы көрсетіледі (ФОТО)

АСТАНА. ҚазАқпарат - 17 мамыр күні «Россия 1» телеарнасында Батырхан Шүкеновтың қатысуымен болған «Один в один» жаңа образға ену атақты шоуының үшінші маусымының жартылай финалдық шығарылымы эфирге шығады. Бұл туралы Твиттер әлеуметтік желісіндегі әншінің ресми парақшасынан хабарланды.
None
None

«Құрметті достар! Осы жексенбі, 17 мамыр күні «Один в один» шоуы көрсетіледі. Алдын ала түсірілген бұл шығарылымда Батыр Stevie Wonder бейнесінде шығады. Эфир уақыты - сағат 16:55-те (Мәскеу уақытымен), «Россия 1» телеарнасы. Онлайн көрсетілім: www.live.russia.tv . Эфирге шыққан соң бейнені www.batyr.net сайтындағы «Один в один» атты арнайы қосымша парақшасынан көруге болады», - делінген хабарламада.

Бағдарламаның соңғы шығарылымы эфирге 24 мамырда шығады.

Естеріңізге сала кетейік, Батырхан Шүкенов 2015 жылдың 28 сәуірінде Мәскеу қаласындағы пәтерінде жүрек талмасынан көз жұмған.

Әншінің мезгілсіз қайтыс болуы жұртшылық пен шығармашылық ортаны дүр сілкіндірді. Желіні пайдаланушылар әншінің қазасына байланысты көңіл айтуда. Instagram әлеуметтік желісінде талантты әншіге арналған R.I.P.Shukenov тобы пайда болды. «Әрқашан есімізде сақтаймыз. Батыр мәңгі есте», - деп жазады әншінің өліміне өкініш білдіріп отырған пайдаланушылар.

Таяуда ғана Батырхан Шүкенов «Россия 1» телеарнасындағы «Один в один» телешоуына қатысып, көрермендердің есінде басқа бейнелерге жарқын енуімен қалды. Ол Лучано Паваротти, Луи Армстронг, Юрий Антонов және т.б. бейнелеріне еніп шыққан.

Батырхан Қамалұлы Шүкенов - қазақстандық және ресейлік эстрада әншісі, сазгер. 2000 ж. дейін А'Студио тобының құрамында өнер көрсетті. Алғаш танымалдылығы да сол топ арқылы келген.

Батыр Қызылордада экономистер отбасында дүниеге келген. Өнердегі жолы 1982 жылдан басталған. Құрманғазы Сағырбайұлы атындағы консерваториясының саксофон сыныбын бітіреді. Бастапқы кезде «Арай» ансамблінде Роза Рымбаеваны сүйемелдеуде саксафоншы болды. 1983 жылы Бүкілодақтық фестивальдің лауреаты атанады. Кейін Батырхан 1987 жылы тобының атауын «Алма-Ата Студио» деп өзгертеді. Ал өзі сол топтың фронтмені атанады.

1989 жылы топ өзінің «Джулия» атты тұңғыш хитін жазады. Сөйтіп, Алла Пугачевамен танысады. Ресейлік жұлдыз топты өзінің Ән театрына шақырып, көп ұзамай ұжым бүкіл елге танымал болады. «Белая река», «Стоп, ночь», «Солдат любви», «Эти тёплые летние дни», «Нелюбимая» әндері жазылады. 11 жыл өткен соң Батырхан туған еліне оралып, жеке мансабын бастайды. Тұңғыш жазылған альбомы «Отан ана» болды.

Соңғы жаңалықтар