Өгем өзенінің суын ел игілігіне пайдалану жобасы әзірленіп жатыр — Нұрлан Алдамжаров

АСТАНА. KAZINFORM — Сайрам-Өгем мемлекеттік табиғи қорығындағы Өгем өзенінің суы 100 пайыз Қазақстан аумағында қалыптасады. Алайда бұл су бүгінгі таңда негізінен Өзбекстан аумағындағы егістік алқаптарды суаруға бағытталған.

Нұрлан Алдамжаров
Фото: ОКҚ

Осыған байланысты еліміздің оңтүстігіндегі Сарыағаш, Келес, Мақтаарал, Шардара және Жетісай аудандарында тұратын 1 миллионға жуық халық су тапшылығын сезініп отыр. Бұл мәселе Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында көтерілді.

Журналистердің сауалына жауап берген ҚР Су ресурстары және ирригация вице-министрі Нұрлан Алдамжаров Өгем өзенінің суын ел ішінде пайдалану бағытында нақты жұмыстар жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.

— Өгем өзенінің суын өңірді сумен қамтамасыз ету үшін техникалық-экономикалық негіздеме әзірленіп жатыр. Өзен қорық аймағында орналасқандықтан, суды құбыр арқылы тарту үшін арнайы техникалық шешімдер қажет. Құрылыс жұмыстарын 2026 жылы бастауды жоспарлап отырмыз. Жоба аясында Жаңабазар аумағында үлкен су резервуары салынады. Сол резервуар арқылы Қазығұрт, Келес, Сарыағаш, Мақтаарал және Жетісай аудандарына магистральдық су құбыры тартылатын болады. Қазіргі таңда тиісті келісімдерге қол қойылды, ал техникалық-экономикалық негіздеме 2025 жылдың соңына дейін дайын болады, — деді вице-министр.

Сонымен қатар Нұрлан Алдамжаров Өгем өзенінің суы қазір де белгілі бір деңгейде ел аумағында пайдаланылып отырғанын атап өтті.

— Өгем өзені Қазақстан аумағынан бастау алып, Шыршық өзеніне құяды. Бұл су ары қарай Шыршық өзені арқылы ағып, сол жерде бөлу жұмыстары жүргізіледі. Осы арқылы су Зах каналы, Үлкен Келес магистральды каналы және Ханым каналы арқылы Қазығұрт, Келес және Сарыағаш аудандарына жеткізіледі. Осы арналар арқылы келетін судың құрамында Өгем өзенінің үлесі де бар, — деп түсіндірді вице-министр.

Бұған дейін су тапшылығы жағдайында Шардара қоймасындағы артық су қалай бөлінетінін жазғанбыз.

Соңғы жаңалықтар