«Өгей атаулар тұра бере ме?» - БАҚ-қа шолу

АСТАНА. 4 қыркүйек. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» агенттігі республикалық басылымдарда 4 қыркүйек, сәрсенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.
None
None

***

«Тәуелсіздігімізді алған соң көп ұзамай Елбасының бастамасымен 1992 жылы күзде жер шарына тарыдай шашылып кеткен қазақтардың тұңғыш құрылтайы шақырылып, Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы құрылғаны белгілі. Осы уақытқа дейін елімізде бұл ұйымның төрт құрылтайы өтіп, оның барлығында да қауымдастықтың Төрағалығына Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев сайланды. Қауымдастықтың қазір Қазақстанның сыртқы елдермен шекаралас облыста­рындағы Өскемен, Талдықорған, Ақтөбе, Орал, Петропавл, Павлодар, Атырау, Шымкент қалаларында филиалдары құрылып, жұмыс жүргізіп отыр. Енді Қос­танай қаласынан да қауымдастық тоғызыншы филиалын ашты», - деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті бүгінгі санында. Жақында осы филиалдың тұсаукесері өтті. Қостанай облысы Ресейдің Челябі, Орынбор, Қорған облыстарымен шекараласады. 2010 жылғы жалпыресейлік халық санағы бойынша көрші елде 648 мың қандастарымыз тұрады. Ал Қостанай облысымен шекаралас Орынбор, Челябі және Қорған облыстарында 168000 қазақ тұрып жатыр. Бұл - Ресейдегі барлық қазақтың төрттен бірі деген сөз. Сондықтан қазекемнің: «Бармасаң, келмесең - жат боларсың» деген қанатты сөзінің маңызы арта түсері хақ. Бұл мақала «Ресейлік қандастармен байланыс артады» деген тақырыппен берілген.

Осы газетте «НАТО сарапшылары қазақстандық әскерилерді жоғары бағалады» атты материал басылған. Іле полигонында «Дала қыраны - 2013» халықаралық бітімгерлік жаттығуы аяқталды. Әлемнің 12 елінен келген әскери қызметшілер екі апта бойы бірлескен операция­ларды өткізудің қыр-сырларын меңгерді. «Қазбаттың» жауынгерлері әскери дайындықтарының жоғары деңгейде екендіктерін көрсетті. Шетелдік әріптестер қазақстандық әскерилердің үздік нәтижелерін атап өтті. «Қазбаттың» патрульдік десантты шабуылдаушы бригадасы елді мекенді тазарту, миналарды залалсыздандыру, жаралыларды тікұшақпен тасымалдау және гуманитарлық жүк­терді алып жүру сияқты шараларды жүзеге асыруға қатысты. Сонымен бірге, қазақстандық бітім­герлер «Дала қыраны - 2013» ха­лықаралық бітімгерлік жат­ты­ғуына қатысушы елдер қарулы күштерінің өкілдерімен бірге блок-постқа жасалған шартты түрдегі содырлардың шабуылын тойтара білді. Бір атап өтетін жайт - поли­гондағы ахуал шынайылыққа парапар жағдайда болды.

АҚШ, Италия, Ұлыбритания және басқа да жаттығуға қатысушы елдердің әскери командирлері, Қазақстан армиясының бітімгерлік миссияны орындауда зор әлеуетке ие болып отырғандығын және «Қазбат» БҰҰ шеңберінде кез келген мемлекетте басқа елдердің қарулы күштерімен бірлесіп әрекет етуге дайын екенін атап өтті.

***

«Айқын» басылымында «Борышкерлер азаймай тұр» деген мақала көпшілік назарына ұсынылып отыр. Standard & Poor's сараптау компаниясы қазақстандық банктердің қазіргі жағдайына баға беріп, есебін БАҚ-тарға таратты. «Таратылған ақпарат, шындап келгенде, еш жаңалықтан хабардар етпейді. Себебі еліміз банк секторында елең еткізер еш өзгеріс болмауда. Қайтарылуы қиын несиелер портфелі дағдарыстан кейін де банктердің негізгі проб­лемасы болып қала беруде. Бір айта кетерлігі, қайтарылып жатқан несиелердің өзі, негізі­нен, ақшамен емес, кепілдікке қойылған мү­лік есебінен болуда. Сарапшылардың пікірі­не құлақ түретін болсақ, дағдарыс кезінде банк секторына мемлекеттің құйған қаржысы бі­рін­шіден, бұл шараның уақытында қабылдан­бағанына, екіншіден, оның тиімсіз болғаны­на байланысты еш өзгеріс бере алмады. 2008-2011 жылдардағы дағдарыс кезінде Үкі­мет банк жүйесіне қолдау көрсеткені бел­гілі. Соған қарамастан, ол БТА банк және «Альянс банк» АҚ-ты сыртқы қарыздар де­фолты­нан сақтап қала алмады», - деп жазады газет.

Мысалы, БТА банк 2009-2012 жылдары басынан екі дефолтты өткерді деп атап көрсетілген Standard & Poor's компаниясының есебінде. Бір қызығы, сарап­шылар бұған қалыптан тыс жағдай деп баға беріп, банкке басшылар тарапынан жасалған алаяқтықтың салдарынан туындаған деп қо­ры­тынды жасайды. Осы жайында толық білгіңіз келсе, бұл мақаланы оқып шығыңыз.

«Сайын даланың төсінде тұлпарлар тұяғын дүбірлеткен ата-бабаңның кіндік қаны тамған туған жерінде нақ бір өзге елде жүргендей сезінесің. Айналаң толған мағынасыз, мәнсіз шетел тілінде жазылған дүкен, дүңгіршек атаулары. «A7 Welness» сұлулық салоны, «Nevesta» сұлулық салоны, «Garderob» дүкені және тағы бас­қалар. Көгілдір экранды ашсаң, «Қазақстан» мен «Ба­лапан» каналдарынан басқа каналдарда көңілге қонатын мардымды қазақша бағдарламалар жоқтың қасы. Радионы ашсаң, басын қазақ тілінде бастап, іле-шала орыс тілінде жалғастырып, аяғын ағылшын тілінде аяқтаған хабарларды тыңдап шаршайсың. Мұны қалай түсінуге болады? Әлде үш тілде білім алу саясатын пайдаланып, әдейі жасалып жатқан мазақ па? Билік басында жүрген қазақтың небір марқасқа ұлдарының көгілдір экраннан орыс тілінде бұлбұл болып сайрап, ана тілінде мұрнының астынан міңгірлеп, кекештеніп, өздерінің де, бүкіл қазақ халқының да намысын аяқасты қылуларына тоқтау бола ма? Ұлтымыздың мұндай сақау өкілдеріне елді билетіп қоя берсек, ана тіліміздің жағдайы не болатынын өзіңіз ойлай беріңіз», - деп жазады «Айқын» басылымы. Қазақ тілінің дамуына ешқандай пайдасы жоқтарды билік басынан аластау да қажет шығар. Құр бекерге білікті маманның орнында орындығын тоздырып, уақытты босқа алып жүргендердің пайдасынан зияны көп. Бұл мақала газетте «Өгей атаулар тұра бере ме?» деген тақырыппен жарияланды.

Соңғы жаңалықтар