Өкілетті орган Калачи ауылы әкiмiнің не үшін қызметтен шеттетілгенін түсіндірді

«Калачи ауылының бұрынғы әкiмiн қызметтен шеттету шешiмi Ақмола облысының тәртiптiк кеңесiнiң талқылауына арқау болды. Тәртiптiк - кеңес алқа органы және онда мемқызметкердiң жасаған олқылықтары түгел қаралады. Тәртiптiк және этикалық бақылау - кәсiби мемлекеттiк қызметтi құрудың басты бағыты. Себебi, қылмыстық әрекеттер қызметтiк этиканың қарапайым нормаларын бұзудан басталады. Аспектiлердiң барлығы жинақтала келе, осындай шешiмге келуге себеп болған шығар», - дедi бүгiн Орталық коммуникациялар қызметiнде өткен брифингте ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Саян Ахметжанов.
Еске сала кетейiк, 30 наурыз күнi Ақмола облысы Калачи ауылының әкiмi Әсел Садуақасова жемқорлық құқық бұзушылыққа қатысты тәртiптiк кеңестiң шешiмiмен қызметінен шеттетiлдi. Ол заң нормаларын бұза отырып, қараусыз жатқан жерлердi компаниялардың бiрiне берген. Өз кезегiнде қызметтен кеткен экс-әкiм мұндай шешiмге наразы және сотқа жүгінбек.